Нұр-Сұлтан қаласында қоғамдық көліктерде жол жүру ақысын төлеудің электронды жүйесін енгізгелі елордадағы жолаушылар тасымалы бұрынғыдан да сапалы әрі жайлы бола түсті. Бұл жүйе өзге өңірлерде де сәтті жүзеге асырылуда. Бүгінде астанамыздың маршруттық желісін тиімді жоспарлау бойынша жұмыстар да қарқынды түрде жүргізіліп жатыр.
Жалпы жол жүру ақысын төлеудің электронды жүйесінің артықшылығы қандай? Бұл жүйе жолаушылар үшін тиімді ме? Осы сауалдарға аз-кем жауап бере кетейік. Алдымен электронды төлем жүйесі тұрғындарға қызмет көрсету сапасын жақсартады, қаржылық айналымдар мен салықтық алымдар айқындылығын арттырады, жолаушыларды отырғызып-түсіру уақытын қысқартады және ең маңыздысы билетсіз жүретін жолаушыларды анықтауға септігін тигізеді. Қоғамдық көліктер бұл төлем жүйесіне ауысқалы жолақы мәселесі бойынша көп кедергілерден арылып, сәтті жобаның тиімділігін көріп отыр.
Елордалық жолаушылар үшін жуырда жақсы жаңалық көпшілікке жария болды. Алдағы уақытта Нұр-Сұлтан қаласында қоғамдық көлікте жолақысын төлеудің жаңа тәсілдері – жолаушының биометриялық мәліметтері мен банк карталары арқылы төлем ұсынылады. Яғни, бас қаламыздың барлық автобустарында жолаушының бет-жүзін тану арқылы жолақы төлеу жүйесі енгізіледі. Бұл туралы «Қоғамдық көлік: реформалар және даму жолдары» атты конференцияда «IPay» ЖШС құрылтайшысы Алмас Айменов арнайы мәлімдеме жасады.
Елімізде жаңа жүйені әзірлеу және жобалау шаралары кезінде осындай жол жүру төлемінің электронды жүйесі енгізілген және тиімді қызмет ететін көптеген алдыңғы қатарлы мемлекеттердің тәжірибесі пайдаланылады. Жақын аралықта қолданысқа енгізілетін төлем жүйесі де бұл қағидадан аттап кетпейді. Жиында жаңа төлем жүйесінен бөлек, компанияның қызмет барысы, автобус парктерінің шығыстары мен табыстары, сонымен қатар қоғамдық көлік саласындағы мәселелер мен оларды шешу жолдары да талқыға түскенін айта кеткен жөн. Конференция кезінде жолаушының бет-жүзін тану арқылы жолақы төлеу жүйесі туралы «IPay» ЖШС құрылтайшысы толығырақ айтып өтті.
– Биометрияның көмегімен бет-әлпеттің суреті арқылы төлем жасауды енгізбекпіз. Telegram-да арнайы бот құрдық. Онда сіз өзіңіздің ЖСН-іңізді, суретіңізді, автобус картаңызды тіркеу арқылы жүйеге кіре аласыз. Мұнан соң мәліметтеріңізді пайдалануға рұқсат бересіз. Сосын телефоныңызды немесе төлем картаңызды өзіңізбен бірге алып жүру арқылы автобуста билет сатып ала аласыз, – дейді ол.
Бір сөзбен айтқанда электронды төлем жүйесінің түр-түрі іске қосылды. Қалай төлем жасаймын десеңіз де ыңғайлы. Кез келген төлем жүйесі қоғамдық көлік жолаушылары үшін қызмет етуге дайын. Тіпті алдағы уақытта төлем картасының өзі де қолданыстан шығып қалуы бек мүмкін. Автобустарда орнатылған камераларға қарап төлем жасау сәтті жобаға айналса бұл күн де алыс емес.
Алайда аталмыш төлем жүйесін қолданудың тиімділігі күмән туғызып отыр. Биометрия көмегімен бет-әлпет арқылы жолақыны төлеу автобустардағы қарбалас сәтте қиындыққа әкеледі. Лық толы қоғамдық көлікте төлем жасалғанына толық көз жеткізу керек. Ұлыбританияда ФэйсПэй жүйесі метрода енгізілгенімен, жұмыс істеп тұрған жоқ. Алайда қазақстандық өнертапқыштар ағылшындарды басып озарына сенімді.
Жаңа жүйенің қауіпсіздік шаралары жөнінде де елордалық тұрғындар арасында сауалдар туындаған. Олардың басым көпшілігі кей жағдайларда ақылды құрылғылар бет-әлпетімізді танымай қалып жүрмей ме деп алаңдаушылық білдіріп отыр. Бұл сұраққа да «IPay» ЖШС құрылтайшысы Алмас Айменов жауап берді.
– Біз қауіпсіздік шегінің критерийлерін көтердік. Жүйеміз 95 пайызға дейін адамды дәл таниды. Егер жүйенің тану деңгейі 80 пайыздан төмен болса, онда жолаушыға камераға тағы бір мәрте қарау туралы өтініш жасалады. Бастапқыдан-ақ жүйе жолақысын төлемеген адамдарды ұстау үшін емес, жолаушылардың қолдануына ыңғайлы болуы үшін жасалған. Шынымен де осы жүйені пайдаланғысы келген жолаушы камераға тура қарап, билет ала алады, – дейді А.Ермекұлы.
Компания құрылтайшысының сөзінше, төлемнің мұндай жүйесін қолдану кезінде жолаушының суреті жүргізуші алдындағы монитордан көрініп тұрады. Сол арқылы төлем жүйесін жасаған адамның нақты кім екенін анық білуге болады екен.
Қазіргі кезде жолақысын төлеудің жаңа тәсілі бойынша елордада екі автобус техникалық тестілеуден өтіп жатыр. Дегенмен әзірге биометриалық төлем жасаудың нақты іске қосылатын күні белгісіз. Бұл туралы «Астана LRT» ЖШС басқарушы директоры Дәурен Нұрғалиевтен сұрап білдік. Оның айтуынша, бұл ерекше жүйе тұтынушылар үшін барынша қауіпсіз әрі тиімді бола түседі екен. Дегенмен өзге электронды жүйелер де жұмысын тоқтатпайды. Яғни әр жолаушы өзіне ыңғайлы төлем жүйесімен төлем жасай алады.
– Жаңа төлем жүйесін алдымен елордадағы автобустарға енгізетін боламыз. Бұл жұмыс сәтті жүзеге асырылса, кейін өзге аймақтарда да қолданысқа енгізіледі. Жаңа төлем жүйесі іске қосылған соң басқа да төлем жүйелері жойылмайды. Бұрынғы төлем жүйелері де жұмыс істей береді. Бұл тек қосымша төлем жүйесінің бір бөлігі болады. Карточкаңызбен, SMS арқылы да, қолма-қол төлем арқылы да төлем жасай бересіз, – дейді «Астана LRT» ЖШС басқарушы директоры.
Қалай дегенде де, жаңа жоба бас қаламыздағы қоғамдық көлікпен қатынаушылардың санын одан сайын арттыра түседі деп күтілуде. Қазірдің өзінде де қаланың тең жартысы қоғамдық көлікпен жүретіні белгілі. Сондықтан бұл – бастама тұрғындар үшін қуанышты жаңалықтардың бірі. Осының бәрі оң өзгерістердің басы деп топшыладық. Ендігі кезекте бұл жұмыстарды тиімді жүзеге асыру, халық күткендей көңілге қонымды әрі оңтайлы жүйе орнату жұмысы ғана қалды. Қалған іске уақыт төреші.