Біреудің тілегін орындап, жүзіндегі күлкіні көру ғанибет. Ол төсек тартып жатқан адам болса, тіпті керемет. Адамға өмірінің соңғы күндерінде қуаныш сыйлау жан толқытады. Ал шала туған балаға жылы киім тоқып, ары қарай өмір сүруге жәрдемдескендер ше? Мұның бәрі жай ғана хобби ретінде басталған.
Елімізде «28 ілмек» қоғамдық қоры жұмыс істейді. Қор 2012 жылы Қарлығаш Нұржанованың бастауымен құрылды. Ол бірде жаңа туған нәрестелер жататын бөлімге барады. Инкубаторда жатқан сәбидің аяғынан көгілдір шұлық көреді. Дәрігерден осындай стерильді жерде неліктен жүннен тоқылған шұлық киетінін сұрайды. Сонда олар әжелерден тоқылған заттар сатып алатынын айтады. Шала туған сәбилерге тоқылған затты кигізетінін, көмегі тиетінін айтады. Қарлығаш іштей «дәрігерлер емдеуі тиіс, ал біз көмектесуіміз керек» дейді. Артынша «28 ілмектің» әрекетіне әлем сүйсінеді.
Волонтерлер 100% жүннен шала туған балаларға арналған киім тоқиды. Дәрігерлердің айтуынша, жүн сәби денесін қышытады, ыңғайсызданады. Есесіне, бала демалады, қозғалады. Кувезде шала туған балалар үшін оңтайлы температура сақталады. Қосымша медициналық процедура кезінде жылу алмасу бұзылады. Сонда жүннен тоқылған жылы киім көмекке келеді. Бұдан бөлек, жүн талшықтары теріге жанасып, массаж эффектін береді. Сондай-ақ қимылдың моторикасы күшейеді.
Волонтерлердің дені үшін тоқыма – хобби. Арасында арнайы үйренгендер де бар. Олар айына 100 зат тоқиды. Осыған дейін қор тоқыған 50 мың зат кәдеге жарапты. Алғашында шұлықтан бастап, қазір баскиім, кеудеше, жамылғыш тоқуға көшкен. Мұндай қор әлемнің 9 елінде бар. Қазақстан, Өзбекстан, Латвия, Ресей, Қырғызстан, Украина, Әзірбайжан, Грузия мен Беларуссия жан мен тәнге жылу сыйлап жүр. 9 елде 96 клуб жұмыс істейді. Жалпы саны 1 928 волонтер бар.
2012 жылдан кейінгі кезеңде перинаталды орталықтарға 134 мыңнан астам зат берілген. Қор әрекетінің арқасында жүннен киім киген сәбилердің 97 пайызы тірі қалыпты. Олардың тілегі бір: біз ұшымен бармақтай баланы құтқару. Дегендері орындалып жатыр. Жүннен тоқылған киім киген сәбилердің 97 пайызы тірі қалыпты. 2017 жылы «28 ілмек» қоры Қазақстанның Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін «Алтын жүректің» лауреаты атанды.
Амстердам музейінде Рембрандтың автопортретіне қарап отырған әйел естеріңізде ме? Ол медициналық зембілде, дәрігерлермен бірге музейді аралады. Бұл оның ішкі тілегі еді. Әйелдің соңғы тілегін орындаған Кес Велдбур болатын. Осылайша, «Жедел жәрдемдегі тілек» қайырымдылық ұйымы талайдың қалауын орындады.
Бәрі Велдбурдың кезекті науқасты ауруханаға жеткізу кезінде басталған. 2006 жылдың қарашасында ол Марио Стефанутто есімді науқасты бір ауруханадан екіншісіне тасымалдады. Бірақ ортада бір түйткіл пайда болады. Марионы аурухана зембіліне жатқызғанымен, қабылдайтын ауруханада орын болмайды. Кестен біраз уақыт күтуді сұрайды. Стефанутто аурухана дәлізінде Марионы зембілмен қалдырып кетуді қаламайды. Содан «сізді бір сағатқа қалаған жеріңізге апарсам» деп рұқсат сұрайды. Марио қуана келіседі.
Бұрын теңізші болған науқас Роттердам айлағымен қоштасу үшін Влаардинген каналына апаруды өтінеді. Кес пен Марио айлақта бір сағат болады. Велдбурдың айтуынша, Марио қуаныштан жылайды. Кес «тағы да теңізге барғыңыз келе ме?» деп сұрайды. Сонда ол енді төсектен тұру-тұрмауы неғайбыл екенін айтады.
Алайда Вельдбур Марионың соңғы тілегін барынша орындауға тырысады. Алдымен, ауруханадан демалыс күнінде жедел жәрдем көлігін пайдалануға рұқсат сұрайды. Содан кейін әріптесінің көмегімен, Роттердам айлағы бойынша сапар ұйымдастыратын туристік агенттікпен байланысады. Олар көмектесуге қуана келіседі. Ол жұма күні Марионы аурухана зембілімен бірге жедел жәрдемге тиегенде, қайда бара жатқанын сұрайды. «Осы жолы Роттердаммен кемеде қоштасасыз» дегенінде, Стефанутто жүрегі жарылардай қуанады.
Көп өтпей Марио қайтыс болады. Өлімінен бірнеше апта бұрын Марио Вельдбурға арнайы хат жазады. Хатта «Дүниеде басқалардың қамын ойлайтын адамдар бар екені қуантады әрі жұбатады. Менің жеке тәжірибеме сүйене отырып, айтайын: тіпті кішкентай игі іс үлкен өзгерістерге бастауы мүмкін» делінген. Осы сөзге тебіренген Кес қайырымдылық ұйымын құрады.
Сегіз жылдан кейін ұйым қарамағында 230 ерікті, алты жедел жәрдем көлігі мен саяжай болады. Ол қазірдің өзінде жеті мыңға жуық жанның тілегін орындады.
Велдбурлардың айтуынша, кейде тілекті дереу орындауға мүмкіндік туады. Ал кей жағдайда ұзақ дайындықты қажет етеді. Кес пен волонтерлер орта есеппен күніне төрт адамға көмектеседі. Арнайы шарт бар: тілегін айтатындар аурухана зембілінде болуы керек. Жасы мен жынысы маңызды емес.
Олардың жасы ең кіші науқасы 10 айлық сәби болған. Туғанынан кувезде жатып, өз үйіне бірде-бір рет бармаған. Ата-анасының тілегі сәбиінің кем дегенде, бір рет қонақ бөлмедегі диванда отырғанын көру еді. Ал ең кәрі науқастың жасы – 101-де. Ол соңғы рет атқа отыруды қалапты. Оны арнайы медициналық арбада ипподромға әкеліп, атқа отырғызыпты.
Қай мысалды алсаң да, адамның қолынан қаласа бәрі келетінін көресің. Жақсылық жасауға ұмтылсаң болғаны. Стефанутто жазғандай, тіпті кішкентай ғана игі іс адамға үміт беріп, рухани демалуға жағдай жасайды. Әлемде жақсылық жасауға, қуаныш сыйлауға асыққан сайын, жамандық кері қадам басатын тәрізді. Сондықтан жүректерді емдеуге ұмтылайықшы.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ