ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай «Nur Otan» партиясы депутаттарының БАҚ-та белсенділігін арттыру керек деп есептейді. Кеше партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың басқаруымен өткен жиында Елбасы осы мәселені қадап айтқан еді.
«Мен депуттаттардың БАҚ-та белсенділігін арттыру керек деген Елбасының сөзін толығымен қолдаймын. Шынын айтқанда депутаттардың көбі БАҚ өкілдеріне ақпарат беруде қашқақтап тұрады. Одан несіне қашқақтайды? Менің айтпағым, журналистер халық пен билік арасындағы көпір ғой. Осы көпірді басқалар емес, «Nur Otan» партиясының өкілдері яғни біздер тиімді пайдалануымыз керек. Сол көпір арқылы біздің депутаттар өз пікірлерін білдіріп, жалаң мақтаулар емес сыни, сыңдарлы ойларын жеткізіп отырса, бұл дұрыс болады», - дейді Д.Мыңбай.
Мәжіліс депутатының сөзінше жиында Елбасы атап өткен БАҚ-ты тиімді пайдалануда партия жаңа форматтар мен жұмыс формаларын құрғаны жөн. Яғни мұнда сөз тек әлеуметтік желілер туралы ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік, мемлекеттік емес БАҚ, теледидар, радионы да ұтымды пайдалану туралы болып отыр.
«Мен өз әріптестеріме БАҚ-тан басын алып қашудың қажеті жоқ екенін, онымен жұмыс істеуге ұмтылу керек екенін айтудамын. Егер БАҚ өкілдері нақты, шынайы ақпаратты бұқараға жеткізсін десеңіздер, олармен ашық болу керек. Біз ашық қоғам құру жолына түскендіктен, партияның саясатын да дер кезінде, ашық айтуымыз керек. Партияның жақтастары ғана бар деп ойламаймын, сынайтындар да жетеді. Сынағанның өзінде тек бір жақты сынайтындар бар. Сол біржақты сынайтындарға тойтарыс беруде БАҚ-тың әлеуетін пайдалану керек. Ол тек партия мүшелеріне ғана емес, елге де септігін тигізеді», - деген пікірде Д.Мыңбай.Дархан Мыңбай сондай-ақ партия мүшелері белсенді болуы керек деп санайды. «Белсенді болғанда шолақ белсенді емес, халықтың сөзіне құлақ асып, оны ескеретін жан болуы тиіс», - дейді ол. Д.Мыңбай Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың кешегі жиында аймақтарда қабылданған жоспарларды орындалуын қатаң бақылауға алу керектігі және олардың формальді болмауы керектігі туралы айтқанын қолдайтынын жеткізді. «Партия Төрағасы мұнда уәдені үйіп-төкпей, орындалатын міндеттердің шешу жолдарын айтып, ал орындалмайтынды орындалмайды деп ашық айту жөн деді. Мұнда Елбасы нақты өмір шындығымен жұмыс істеуді атап отыр. Меніңше бұл өте маңызды тапсырма», - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депуатты Дархан Мыңбай.