Беларусия президенті Александр Лукашенко 24-25 қазанда Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді деп хабарлайды Беларусия президентінің ресми сайты.
«Лукашенко Нұр-Сұлтанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөздер жүргізеді. Мемлекет басшылары тар және кеңейтілген келіссөздер барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудегі мемлекетаралық қатынастардың дамуын талқылайды. Президенттер өндірістік кооперацияны кеңейту, экономиканың түрлі салаларында, соның ішінде ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, мұнай-химия кешені және жоғары технологиялық сектордағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын қарастырады», - деп хабарлайды Беларусия президентінің ресми сайты.
Тараптар сондай-ақ интеграциялық бірлестіктер шеңберіндегі және халықаралық платформалардағы, аймақтық және жаһандық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылайды. Келіссөздер қорытындысы бойынша екіжақты келісімдерге қол қойылады.
«Аталған күндері Нұр-Сұлтанда Қазақстан-Беларусь бизнес форумы өтеді. Қазақстан астанасында Беларусия дипломатиялық миссиясы жаңа ғимаратының кешені ашылады деп күтілуде».