Сәби өлімі тіркелген Атырау облыстық перинаталды орталықта ішкі ауруханалық инфекция анықталған. Бұл туралы Сенаттағы Үкімет сағатында ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігі және сапасын бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова мәлімдеді.
– Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаеваның төрағалығымен 26 адамнан тұратын комиссия 5 қазан күні жұмысқа кірісіп, жұмыстарын 18 қазанда аяқтады. Яғни, комиссия жалпы аймақтағы балалар өліміне не себеп болғанын анықтау үшін талдау жұмыстарын жүргізді. Дәл осы Атырау облыстық перинаталды орталықта тамыз-қыркүйек айларында бала өлімінің неліктен көбейіп кеткенін зерттедік,– деді Людмила Бюрабекова.
Комитет басшысының айтуынша, Атыраудағы сәби өлімі тіркелген облыстық перинаталды орталықтан ішкі ауруханалық инфекцияның бары анықталған. «Ол – бактериальды ішкі ауруханалық инфекция. Қазіргі қолданыстағы заң бойынша ол ауруханада комиссия-инфекциялық бақылау болуы керек болатын. Алайда ол орталықта ол комиссия сөз жүзінде ғана жұмыс істеген»,– деді комитет төрайымы.