Қазақстандықтарға Кореяда уақытша жұмыс істеуге мүмкіндік берілуі мүмкін
Қазақстандықтарға Кореяда уақытша жұмыс істеуге мүмкіндік берілуі мүмкін
5,215
оқылды

Оңтүстік Кореяда Қазақстан азаматтары балық шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы саласында заңды түрде жұмыс істеуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.

«Оңтүстік Кореяға 30 күнге визасыз кіру тәртібі жұмысқа орналасуды қарастырмайды. Сондықтан бұл елге жұмысқа орналастыруға жіберетін қазақстандық компаниялар заңсыз қызмет етеді, яғни осы шараларға оларда тиісті лицензия жоқ»,– деді А.Смадияров.

Оның айтуынша, бүгінде Қазақстан азаматтарын Оңтүстік Кореяда жұмысқа орналастыру қадамдары қарастырылмаған. Дегенмен, қазіргі кезде қазақстандықтарды бұл елде жұмыспен қамту шаралары талқыланып жатыр. «Қазіргі кезде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ҚР Үкіметі Оңтүстік Корея Үкіметімен Қазақстан азаматтары үшін аталған елдегі балық және ауыл шаруашылығы саласында маусымдық жұмыстардың мүмкіндігін пысықтауда. Бұдан басқалары екі елдің заңнамасын бұзу болып саналады», - деді А. Смадияров.

Айта кетейік, 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Кореяда 10 875 қазақстандық заңсыз жұмыс істеп жатыр.