«Еңбек» өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мембағдарламасының биылғы 9 айдағы қорытындылары шығарылған Үкімет үйінде өткен кеңесте вице-премьер Бердібек Сапарбаев оны жүзеге асыруға жауапты шенділердің тірлігін қатаң сынға алды. «Қаражат бар, нәтиже жоқ!» деді Сапарбаев.
Елбасы мен Мемлекет басшысы Үкіметтің басты міндеті деп «халықты жұмыспен қамтуды» белгіледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 2017 жылдан бастап техникалық және кәсіптік білім беру аясында барлығы 52 901 адам, соның ішінде биыл 21 854 адам оқуға жолданғанын хабарлады. Алайда оқу курстарын бітіргендердің көбі кейін екі қолға бір күрек таба алмайды.
Жұртшылықтың наразы пікіріне құлақ түрсек, бұған оқыту сапасының төмендігі де себеп: мәселен, жұмыссыздардан бағдарламашылар даярлағанда, оларға мамандықтың қыр-сырын, айталық, қалай сайт жасап, оны сауатты жүргізу керегін үйретпейді. Тек компьютерді қарапайым пайдалануды біліп шығады. Салдарынан, бюджеттен қаржыландырылатын курсты бітірушілер нарықта кең сұранысқа ие болар маманға айналмайды, жұмыс берушілер көңілінен шықпайды.
Проблеманың барлығын шенеуніктер де біледі: Еңбек министрі білім алушыларды жұмысқа орналастыру мәселесі өзекті болып қалғанын растады: 4 246 түлектің тек 3 250-і немесе 76,5%-ы жұмысқа орналасқан. Жұмыспен қамту деңгейі Алматы және Жамбыл облыстарында төмен.
Кадрларды қысқамерзімді дайындау курсынан 41 180 адам өткен, бұл жылдық жоспардың 69%-ы ғана. Аутсайдерлер қатарында Маңғыстау облысы (жоспардың небәрі 39,5%-ы), СҚО (50,4%), Түркістан облысы (51,1%), Нұр-Сұлтан (51,8%) және Шымкент (55,4%) қалалары бар.
«Қысқамерзімді оқудан өткен 20 мың азаматтың тек 11 мыңы ғана жұмысқа орналасқан» деді Б.Нұрымбетов.
Тағы бір сорақысы сол, сан көбейту үшін бе, әлде сапасыз білім кесірінен бе, кім білсін, бұрын оқығандар қайтадан оқытылады екен.
– Қатысушылардың жалпы санында қайта оқытылғандардың үлесі жоғары болып отыр. Мәселен, 2017-2018 жылы 109 мың адам оқуға жіберілді, оның ішінде 1,8 мың адам екі немесе одан да көп рет курстан өтті. Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны екі жылда төрт рет, ал Атырау облысының тұрғыны бір жылда үш рет оқытылған. Тағы бір сұрақ: біз кімді оқытамыз және олар қалай жұмысқа орналасады? Орта есеппен республика бойынша оқуды аяқтағандардың 57%-ы ғана өз мамандығына сәйкес жұмыс істейді. Сондықтан мамандықтарға деген сұранысты ескере отырып, оқытуды түзету қажет, – деді Біржан Нұрымбетов.
Кәсіпкерлікке оқыту да сынға ілігіп жүр. Қомақты ақыға шақырылатын жаттықтырушылар мен мотиваторлар «бизнес құпияларымен, практикалық тәжірибемен көп бөліспейді, жөн-жосық көрсетпейді, орнына қайдағы бір жалаң, «рух шақырар» сөздермен шектеледі. Видеосын кейін әлеуметтік желіге салу үшін тосын оқиғаларын әңгімелеуге құмар» деген шағымдар естіліп қалады. Бұған қоса, бітірушілерге бизнес ашу үшін берілетін қолдау қаржы жетіспейді.
Министр «Бастау бизнес» жобасының аясында 45 мыңнан астам азамат кәсіпкерлік негіздерін үйренгенін мәлім етті. Соның небәрі 27 мыңнан астамы ғана өздерінің бизнес-жобаларын қорғаған. Бірақ тек 8 мыңы ғана гранттар мен шағын несиеге қол жеткізіпті. Ең төменгі көрсеткіштер – Алматы (2,3%), Шымкент (11,3%) қалаларында және Түркістан облысында (7,1%).
11,2 мың адам өз ісін ашуға арналған қайтарымсыз мемлекеттік грант иегерлері атанды. Оның ішінде жастары – 6,8 мың, аз қамтылғандары – 1,5 мың, көпбалалы отбасылар – 205 адам. Ең аз гранттар Нұр-Сұлтанда берілді: жылдық жоспардың бар-жоғы 2,2%-ы (49 адам). Ұқсас жағдай Алматы мен Шымкент қалаларында байқалады.
Б.Сапарбаев бөлінген бюджет қаражатының нашар игерілгенін атап өтіп, бағдарламаны сапасыз орындағаны үшін өңірлерді сынға алды.
– Әкімдердің осыған жетекшілік ететін орынбасарлары тарапынан бақылау жоқ. Осы жұмысқа формалды түрде қарайсыздар. Бұған дейін «ақша жоқ» деген шағымдар айтылды. Ал қазір ақша бар, бірақ нәтиже жоқ. Еңбек министрлігіне бұл жұмысты күнделікті бақылауға алып, оны жүзеге асырудың тиімділігіне талдау жасауды жүктеймін. Жыл соңына дейін аз уақыт қалды. Демек, ел басшылығы тапсырмаларын сапалы орындау үшін жұмысты жандандыру қажет, – деп түйді Үкімет басшысының орынбасары Б.Сапарбаев.
Айтқандай, Парламент депутаттары елде жүзеге асырылған барлық еңбекпен қамту бағдарламаларының тиімділігіне талдау жасайтын болды. Мәжіліс депутаты Г.Қарағұсованың байламынша, халықтың кедейленуіне қаптаған еңбекпен қамту бағдарламаларының қыруар қаржы шығындағанымен, еш жетістікке жетпеуі кінәлі.
– Бұл салада теңдесі жоқ масқара жағдай орнауда. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері мемлекеттің әлеуметтік көмегіне зәру адамдар саны дәл қазіргідей ауқымда ешқашан болған емес! Елімізде небәрі 8 миллиондай ғана еңбекке қабілетті адам бар. Ал АӘК алатындар саны 1,8 миллионға жеткен. Мен Еңбек министрі лауазымынан кеткен 2007 жылы елдегі жағдай бұдан да сорақы болатын, ол кезде жұмыс орындары да, қаражат та болмады. Бірақ біз әлеуметтік көмек алушылар қатарын 1,5 миллионнан 500 мыңға дейін азайта алдық. Одан бергі еңбек бағдарламаларының жемісі қайда? – дейді депутат.
Гүлжан Қарағұсова тәуелсіздіктің отыз жылдай кезеңінде мемлекеттің азаматтарды оқытуға, микрокредиттер таратуға миллиардтаған ақша жұмсағанын еске салды. Индустрияландыру аясында 1,2 мың кәсіпорын ашылды. Қайтарым қайда? Бұл масқараға кім жауап береді? Сондықтан Мәжіліс депутаттары Үкіметтен 1991 жылдан бері еңбекті ынталандыру және жұмыспен қамту бағдарламасына қанша бюджет қаржысы шығындалғаны, қанша микронесие берілгені, қайтарымы қандай екені туралы ақпаратқа сұрау салды.