Алматыда құрылыс жұмыстарынан соң учаскені жинамаған мердігер компания жауапқа тартылды
Алматыда құрылыс жұмыстарынан соң учаскені жинамаған мердігер компания жауапқа тартылды
255
оқылды
Алматыда Әуезов ауданы Лодыгин көшесінің тұрғындары Nur Otan партиясының Алматы қалалық филиалына шағым түсірді. Жол төсемі мен тротуарларды ауыстыру жұмыстарына байланысты қолайсыздықтар, атап айтқанда, зағип және нашар көретін балаларға арналған № 4 мектеп-интернатына қарама-қарсы пайда болған алдыңғы асфальт жамылғысының биік үйінділері себеп болды.
«Ұзақ жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Мұнда зағип және нашар көретін балалар оқиды, барлығына жүру өте қиын», - дейді аудан тұрғыны Руслан Иванов.
«Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалы Партиялық бақылау комиссиясының инспекторы Ержан Жұмағұлов пен мониторинг тобының қатысушылары бірқатар маңызды ескертулерді анықтады. Мысалы, жол төсемін фрезерлегеннен кейін жол учаскесі дер кезінде ретке келтірілмеген. Ал қалған артық топырақ пен асфальт кесектері мамандандырылған мекеменің жанында екі аптадан астам уақыт жатқан.
«Сигналдық ленталардың болмауынан жаяу жүргіншілер әртүрлі дәрежедегі жарақат алуы мүмкін»,- деді Жұмағұлов учаске бастығына.
Қалалық Мобильділік басқармасы көше жол желісін дамыту бөлімінің басшысы Нұрзат Ордабаев журналистерге жөндеу жұмыстары барысында мердігердің жіберген заңбұзушылықтарын растады. Ұзындығы 750 метр Лодыгин көшесіндегі жол жөндеу жұмыстары Щепкин көшесінен Пятницкий көшесіне дейін созылған. Техникалық кеңестің қорытындысы бойынша барлық анықталған ескертулерді жою және құрылыс жұмыстарын осы айдың соңына дейін аяқтау туралы шешім қабылданды.