Үкімет отырысында сенатор Дана Нұржігіт «Даму» бағдарламасының несие беру үрдісіне сын айтты. Депутат Берік Дүйсембинов «Бастау» бағдарламасына «фейк» деп баға берді. Блогер Кирилл Павлов парақшасында «Бастаумен» нәтижеге жеткендер, қайдасыңдар?» деп іздеу салды. Сол-ақ екен Facebook-те #Бастауфейкемес хештегімен жазба көбейді.
«Мен депутат емеспін. Бірақ атамекендіктер, менің де сұрағым келеді. Шамамен 3 жыл өтті. Жаңа кәсіпкерлер қайда? Қанша жаңа жоба құрылды? Қазіргі және жаңа қосылған кәсіпкерлерде ілгерілеу бар ма? Ауылда жақсы нәтижелер бар ма?». Павловтың сұрауы жөн-ақ. Жұмсалған қаржы нәтижеге тең болуы шарт емес пе? Сосын осы уақытқа дейін төбе көрсете бермейтін «Бастаулықтарды» 18 қазаннан бастап Facebook-те жиі кездестірдік. Кейбірі хештегке қолдау білдіру үшін желіге тіркелгендей әсер қалдырды.
«Бастау» жобасы – «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының екінші бағыты. «Атамекен» ҰКП аясында жоба бойынша жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған қазақстандықтарды тегін оқытады. Бұл, әсіресе, ауыл жастарына пайдалы. Ел халқының 47 пайызы ауылда тұрады. Демек, ауыл экономикасын дамыту керек. Агроном, фермер, мал өсіру, жылыжай шаруашылығы немесе бау-бақша баптау, бал шаруашылығы сынды саланы жолға қою қажет. Сала дамуын қолға алсақ, ел экономикасы ауыл шаруашылығына иек арта алады.
Мәліметінше, бағдарлама шеңберінде 88 мыңнан астам адам білім алған. Соның ішінде 23,7%-ы жеке кәсіп ашқан. 31,5 мың жұмыс орны құрылып, қатысушылар 35 млрд теңге жобасын жүзеге асырған. Өндірілген өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 50 млрд теңгені құрапты. 620 млн теңге – «Бастау» түлектерінің 2017 жылдан бастап 2019 жылдың І тоқсанына дейін төлеген салық түсімінің жалпы сомасы. Сондай-ақ ол мін айтқан депутаттарға «Бастау» жайлы шынайы картинаны көргісі келсе, аймақтарға тікелей апарып, ашылған жобаларды көрсетуге дайынбыз» деді.
Әлеуметтік желіде «сертификатты оқытпай-ақ бере салады екен» дегендер де болды. Өз кәсібін ашып, ісін дөңгелетіп отырғандар да баршылық. Жалпы, «Бастаумен» білім алу үшін, алдымен тест тапсыру керек. Кәсіпкерлік әлеуетті айқындау үшін. Артынша, оқу мерзімі – 25 күн. Соңында 2 сертификат алуға болады. Бірі – бітіргеніңізді, екіншісі – жобаны қорғағаныңызды білдіреді.
Жобамен кәсіп ашқандарды іздестіріп көрдік. Соның бірі – Күнсұлу Сафина. Ол Хромтау ауданы Ақжар ауылының тұрғыны. «Бастау» жобасының 2-легіне қатысқан. АШҚҚ-нан 1,5 млн теңге несие алып, тігін шеберханасын ашқан. Қыз жасауы, көрпе мен төсек жабдығын тігеді. Қазіргі таңда шеберхана тіккен заттар Ақтөбе қаласы мен аудан нарығына шықты.
Батыс Қазақстан тұрғыны Әсел Өтегенованы жоба жетекшілері шақырған. «Жас кәсіпкер» бағдарламасы арқылы бизнес ашуға шақырту алған болатынмын. Бизнесті қолдау және дамыту Орал қаласы әкімдігі мен «Атамекен» ҰКП-ның бірлескен жобасы шеңберінде мотивациялық тренингке қатысып, грантқа жолдама алып, қазіргі таңда жұмыс істеп жатырмын» дейді ол. Сондай-ақ жақында ғана көпбалалы ана Жаннат Ермекбаева да өз кәсібін ашты. 505 мың теңге несие алып, шеберханасына тігін машинасын сатып алған. Бүгінде тапсырыс қабылдауды бастапты.
«Бастау» жобасы – «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының екінші бағыты. «Атамекен» ҰКП аясында жоба бойынша жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған қазақстандықтарды тегін оқытады.
«Атамекен» ҰКП мәліметі бойынша, 2018 жылы Қазақстанның 160 ауданы мен 40 қаласынан 28 мыңнан астам жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат оқытылған. Жалпы, «Бастауда» қатысушыларға шәкіртақы төленеді. Бизнес-жоспарды әзірлеуден бастап, бизнесті жүргізуге көмек беруге дейін толық қолдау көрсетіледі.
Жоба бойынша оқуға 4 жыл ішінде 74 297 адам қатысқан. Оның ішінде 8 553 адам бизнес ашқан. 3 816 адам бизнесін кеңейтсе, 3 871 адам қаржыландыруға қол жеткізген. «Аға сеньорлар» жобасы бойынша 179 кәсіпкер шетелдік мамандарды шақыру арқылы бизнес-процестерін дамытуға күш салған. «Іскерлік байланыс» жобасы бойынша 133 кәсіпкер шетелде бизнес-тағылымдамадан өткен.
Сондай-ақ халыққа пайдасы тиіп жүрген бағдарламаның бірі – «Жас кәсіпкер». Бұл – «Бастау» негізінде құрылған оқу жобасы. Оған 18-29 жас аралығындағы жұмыссыз жастар қатыса алады. Сертификат алған соң түлектер жеке кәсіп ашуға грант немесе жеңілдікпен несие ала алады. Аталған жоба арқылы кәсіп ашып жатқан жастар бар. Жалпы, дамимын дегенге қолдау болмаса, тұсау жоқ.
Дегенмен таяқтың екі ұшы бар. Сенатор мен депутаттың алаңдап отырғаны жөн-ақ. Өйткені АӘК айналасындағы көз байлауды білеміз. Құжат дайындап, заң басқандарға, көршінің қорасындағы бұзауды әкелу сөз бе екен? Сондықтан баланың қолына тәтті ұстатпас бұрын зиянын ескерткен тәрізді халыққа түсіндірген дұрыс-ақ. Алмақтың да салмағы барын біліп, лайықты тексеру жұмысы жүрсе дейміз.
Айбике ЖАНАСЫЛ