«Қырық жылғы» қыжыл
«Қырық жылғы» қыжыл
372
оқылды

Елімізде үлкен, ауқымды сала екеу десек, соның бірінің тізгіні – Асхат Аймағамбетовтің еншісінде. Бүгінде Білім және ғылым министрінің «құлағына алтын сырға тағып», баласының болашағына алаңдаған айқайшы ата-ана көп. Оған қалыпқа сыймай, қоғамның қотырын қасып, жүйенің әлсіздігін айта алатын ұстаздар қауымы да қосыла бастады. Мұны көкшетаулық тарих пәнінің мұғалімі Әлия Ахетованың жанайқайына жанын салып пікір жазған әріптестерінің көптігінен аңғаруға болады.

Жаңартылған білім беру жүйе­сі үрей мен күйзеліс туғызып жатқа­нын мәлімдеген мұғалімнің ащы пі­кірі көптің көкейіндегісін дөп бас­ты.

«Шынымды айтсам, балалар­дың қызығушылығы төмен. Олар­дың сабаққа деген ынтасы да, қы­зы­­ғушылығы да жоқ. Олар тек тоқ­­сандық жиынтық бағалауды күте­ді. Өйткені үйде ата-анасы бала­ның не алғанын сұрайды. Бағалау әрқашан балаларды материалдық ынталандыру әдісі болып келді» деген Ахетова Білім және ғылым министрлігінің білім беру үрдісін­дегі жаңашылдықтар туралы бас­та­­масын «қатал әрі пайдасыз тә­жі­­­рибе» деп атады. Сондай-ақ 38­ жыл­дық еңбек тәжірибесі бар бі­лік­ті ұстаз оқушыларға ұнай­тын пән­дерді өздеріне таңдату олар­­дың болашақта белгілі бір факу­ль­­­теттерге базалық білімсіз түсу мүм­кіндігінен айыратынын айтып отыр.

– Біздің мәртебемізді көтеруге жұмыс істеліп жатқан, керісінше, төмен­детіп жатыр. «Білім тура­лы» заңда бізге ең маңызды нәр­се қызмет өткерген жылдар жоқ. Мен 38 жылдан бері жұмыс істей­мін, менің жұмыс өтілім қайда? Ал егер қызмет өткерген жылдар бол­ма­са, жалақыны нақты өсір­ме­се, бұл заңның бізге қажеті қан­ша? Мұ­ға­лімдер асханадан қа­рыз­ға тамақтанады. Міне, біздің мәрте­бе­міз, – деді ол ашынып. 

Расында, соңғы уақытта мұға­­лім­дерді біліктілік тестінен өт­кіз­­бей-ақ, базалық жалақымен өл­ше­мей олардың жалақысын көтеру жиі айтылып жүрген еді. Өйткені сала­ға жаңа келген жас маманның жала­қысы оларды бұл мамандыққа махаб­батпен келіп, одан ары жұмыс істеуіне мотивация бермейді.

– Осындай мәселелердің бәрін қолмен қойғандай айтып берген Ахетова ұстаздардың ішінде жүрген «қырық жылғы» қыжылды жеткізді. Әсіресе, қағазбастылық туралы айт­қаны өте орынды дер едім. Мұ­ға­лім өз ақшасына принтер, қа­ғаз сатып алуға мәжбүр. Сосын біз құр сөзді барамыз. Мұғалімнің мәселесін талқылайтын жиынға жина­ламыз да, бір адамды тыңдап қай­тамыз. Бас көтермейтін, тек бас шұлғитын маманға айналған мұ­­ғалімі бар қоғамда қандай шә­кірт тәрбиеленеді? Жүйе осылай өз­герді. Біз соған бейімделдік. Бас көтергендер көрінбей кете­ді. Кө­термегендер жұмысын жалғас­ты­рады. Қанша жасырсақ та, қоғам­ның ащы шындығы – осы, – дейді елордалық №65 мектептің мұғалімі Зәкира Қырықбаева.

Күні кеше министр қордаланған мәселені жалпақ жұртқа жайып салған жанмен кездескенін айтты. "Біз онымен кездестік және өзі сынаған мәселелер бойынша толыққанды сөйлестік. Жалпы, арамызда жақсы диалог орнады. Бұл жұмысты әрі қарай да жалғастырамыз. Бұған дейін бірнеше өзекті мәселе бойынша министрліктің шара қабылдағанын айтқанмын. Мәселен, Ұлттық біліктілік тестінде мұғалімдерді металл іздегішпен тексеру, сұрақ­тардың сапасы және апелля­ция туралы сын болды. Бұл жүйенің өзгеретінін Тамыз конференциясында хабарлағанбыз. Қазір де өзгерісті бастап кеттік. Сондықтан, әріптесіміз көтерген мәселелердің біразы шешілген», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәсли­ха­тында. Минстр айтқандай бұл көтерілген мәселелердің біразы шынымен шешімін тапқан болса, жұрттың жабырқаған жүзі емес, жадыраған жанарын неге аңғармай отырмыз? Жауырды жаба тоқи бергеннен не ұтамыз?! Ахетова айт­қандай, сөзден іске көшу басқа басқа, білім саласына, білім жүйе­сіне ауадай қажет-ақ.

Салынбаған мектеп, иге­ріл­меген ақшаны айтпағанда, оқу­лықтың жайы оңбай, мұғалім­дер­ді қағазбастылықтан құтқаратын дені дұрыс жүйе болмай тұр. Қай ке­зеңде де еліміздегі орта білім беру саласы жиі реформалар жүр­гі­зілетін салалардың қатарын азайт­қан жоқ. Соңғы жылдары мек­­тептеріміз үнемі реформалар жүргізілетін режимде жұмыс істеу­де. Соған қарамастан, бұл сала за­ман талабына сай жаңғыртылды деп айта алмаймыз. Жүргізілген рефор­ма­лардың тиімділігі көрінетін нә­ти­желерге әлі де қол жеткізген жоқ­пыз.

Расында да, Білім және ғылым ми­нистрлігі реформадан көз аш­па­­ған елiмiздiң бiлiм жүйесiн, атап айт­қанда, оқулықтардағы ол­қы­лық­тарды, ойын баласының бәрі қабылдай бермейтін тым күр­делі тапсырмаларды ретке кел­тіруді, бала сөмкесінің салма­ғын азайтуды қолға алуы керек. Біздіңше, бұл мә­се­ле жай ғана жазылып, әр жерде ай­т­ылып қана қоймауы керек. Бі­лім және ғылым министрлігі та­ра­­пы­нан үлкен өзгеріс, соны сипат қажет.

 

Түйін.

Мұғалім білім беру жүйесін бірінші рет сынға алып отырған жоқ. Осыдан төрт жыл бұрын баспасөз беттерінде Айман Сағидуллаеваның жанайқайы, жарияланып, соңы мұғалімнің мектептен кетуімен аяқталғаны есімізде.

Сол кездің өзінде мұғалімдердің қызметке орналасуы үшін пара бе­руінен бастап, әкімшілік құ­ры­­лым қызметкерлеріне тиіс­ті жұмыстардың барлығы дер­лік мұғалімдерге ар­тыл­ғаны, ма­ғы­на­сыз, мәнсіз жұмыс­тарға же­гілетіні, қоғамдық шара­ларды өт­кізу мұғалімдерге жүктелетіні, қарсы болса басшы­лықтың тағы да «жұмыстан кет» деп қорқытатыны көте­рілген еді.

Ұстаздар қауымы – «Бүркеген жер­ден бүрге шығарын» білсе де, «ау­зын ашса» арандап қаларын түсін­ген халық. Сөйтіп, өздері іш­тей қарсы жүйеге жегіліп жұмыс істеуін тоқтатпай келеді. Себебі жеп отырған нанынан айырылып қалмау керек.

Бұл жолғы айқайға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі ара­лас­ты. Қашанда бірінші басшының бұйрығын күтіп отыратын қоғамда енді өзгеріс болып қалар.

Мүмкін ә?