Еліміздегі жер қойнауын пайдаланушы компаниялар әлеуметтік саланы дамытуға қомақты қаржы бөледі. Оны әлеуметтік инвестиция деп атайды. Жер қойнауын пайдаланушылар құйған әлеуметтік инвестицияның көлемі мен қандай мақсатқа жұмсалғаны туралы ақпарат ашық болуы тиіс. Себебі Қазақстан 2000 жылдардың ортасында Өндіруші саланың ашықтығы бастамасының (ӨСАБ) мүшесі болды. ӨСАБ – өнеркәсіп секторындағы кірістердің ашықтығын іске асыруға бағытталған стандарт. Дүниежүзі бойынша өндіруші компаниялар жыл сайын осы стандартқа сәйкес табысы мен шығындары туралы ашық есебін жариялайды. Біздің елдегі жер қойнауын пайдаланушылар бұл есепті жариялауға келгенде шабандау болып тұр.
«Эхо» үкіметтік емес ұйымының бағдарлама директоры, ӨСАБ бойынша жетекші маман Мария Лобачева жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың ашықтық деңгейіне үлкен зерттеу жүргізген. Оның айтуынша, бертінге дейін еліміздегі жер қойнауын пайдаланушы компаниялар өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инфрақұрылымын дамытуға бөлінетін қаржыны әкімдіктермен жасалған меморандумдар шеңберінде бөлетін және ол қаржы бюджетке емес, бірден нысан құрылысын жүргізетін мердігердің шотына аударылатын. Мердігер әлеуметтік нысан құрылысын бітірген соң, әкімдік балансына тапсыратын. Кейін азаматтық қоғам өкілдері мұндай механизмнің айқын еместігін мәселе етіп көтерген соң, бюджет кодексіне «Жер қойнауын пайдаланушылардың аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы және оның инфрақұрылымдарының дамуына аударымы» деп аталатын арнайы бюджеттік классификация коды – КБК 206114 енгізілді. Сөйтіп, компаниялар әлеуметтік инвестицияны мемлекеттік бюджетке бере бастады.
Бірақ одан жер қойнауын пайдаланушылар ашықтыққа тұтас бет бұра қойған жоқ. Олар да, әкімдік те әлеуметтік жобаларға жұмсаған қаржы туралы ақпаратты ашық жариялай қоймайды. Жариялаған күннің өзінде цифрлар сәйкессіздігі анықталып қалады. Бұл ашықтықтың жоқтығынан.
– Мен жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың әлеуметтік саланы дамытуға бөлген қаржысы 1 млрд теңгеден асатын 6 облысты зерттеп көрдім, оның үшеуі – Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында мұнай-газ кен орындарын игеруші компаниялар. Қалған үшеуі – Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарындағы жер қойнауын пайдаланушылар – тау-кен өндірісімен айналысушылар. Осы өңірлердің ішінде әлеуметтік саланы қолдауға қомақты қаржыны Атырау облысындағы компаниялар құяды екен. Мысалы, 2016 жылы әлеуметтік-инфрақұрылым жобаларына (ӘИЖ) жұмсалған жалпы шығын 20 730 млн теңгені құраған. Осылайша Атыраудың әлеуметтік дамуына бөлінген 20 млрд теңгеден астам қаржыны «Теңізшевройл» (14 198 млн тг), NorthCaspianOperatingCompany (4 706 млн тг), КТК (1 826 млн тг) аударған. Бұл қаржы Атырау облысының ауылдары мен қалаларында жалпы саны 3 290 орынды құрайтын 15 балабақша, Атыраудағы дарынды балаларға арналған гимназия, техникалық гимназия құрылысына, ауылдар мен қалалардағы жалпы саны 1 414 орынды 7 мектеп, жалпы алғанда 2 100 орынды 6 ауыл клубы мен 2 мәдениет үйі, ауылдардағы 4 үй (60 пәтер), 3 денешынықтыру-сауықтыру кешені, Атырау перинаталды орталығындағы перзентхананы қалпына келтіру және ауылдық-дәрігерлік амбулатория құрылысына жұмсалған, – дейді М.Лобачева.
Ал келесі мұнайлы өңірдің бірі – Маңғыстау облысында ӘИЖ-ге 2016 жылы 6 332 млн теңге жұмсалған. Бұл шығыстардың барлығын жалғыз Норт Каспиан Оперейтинг Компани көтерген. Соның есебінен Ақтау қаласында көпфункциялы спорт кешені, жалпы ұзындығы 4,9 шақырымды құрайтын жолдың екі бөлігі, Форт-Шевченко қаласындағы 550 орынды мектепті 120 орынды интернатымен бірге салып берген. Осы тұста салыстыру үшін айтсақ, Ақтау қаласындағы спорт нысандарын дамытуға жергілікті бюджеттен 88 млн теңге бөлінген, бұл жер қойнауын пайдаланушылар бөлген қаржыдан 37 есе аз екен. Мектеп-интернат салынған Форт-Шевченко қаласы Түпқараған ауданының әкімшілік орталығы саналады. Аудандық бюджеттен 2016 жылы орта білім беру нысандарының құрылысы мен қалпына келтіру жұмыстарына қаржы бөлінбеген.
Батыс Қазақстан облысындағы компаниялар 2 373 млн теңге бөліп, жастар сарайы, кітапхана, 2 балабақша мен мектеп салған. 1 мектептің жөндеуіне, футбол манежі мен денешынықтыру-сауықтыру кешені құрылысына, «Сарыарқа» спорт клубының ғимараты мен аурухана жөндеуге, аудандық ішкі істер бөлімінің жедел басқару орталығы ғимаратын салуға, су желісі құбыры мен канализация коллекторын қалпына келтіруге, кварталдар ішіндегі кіреберістер салуға, жол жөндеу, саябақты абаттандыру сияқты жұмыстарға жұмсалған. Бір айта кетерлігі, аталған нысандардың барлығы БҚО-ның Бөрлі ауданында орналасқан.
Облыс бюджетінен 2016 жылы денсаулық сақтау саласы нысандарының құрылысы мен қалпына келтіру жұмыстарына 1 015 млн тг, мектепке дейінгі білім беру саласына 332 млн тг бөлінген. Сонымен бірге жолдар мен елді мекендердің көшелерін күрделі және орта жөндеуден өткізуге 5 706 млн теңге бөлінген. БҚО-ны дамыту үшін бюджеттен тыс шығындарды аударған жалғыз компания – Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.
Шығыс Қазақстан облысындағы жер қойнауын пайдаланушылар 2016 жылы ӘИЖ-ге 5 965 млн тг жұмсапты. Ол қаржыға медициналық жабдықтар сатып алынған. Мамандандырылған екі интернат пен саябақ салынған, қазандық жөнделіп, балалар үйі, қарттар үйі, сондай-ақ тұрмысы төмен отбасыларды қаржылай қолдауға бөлінген, спорт нысандарының құрылысы мен қалпына келтіру, хоккей клубының жұмысын, Теннис орталығының қызметін қаржыландыруға, мерекелер өткізуге, діни мекемелерді қолдауға, мәдениет үйінің жұмысын қолдау, ардагерлерді газетке жаздыруға, кітап өнімдерін шығару, демалыс үйлері мен жазғы лагерьлер жұмысын қолдау, мемлекеттік күзет ардагерлері кеңесін қаржыландыру, басқа да ұсақ-түйек шығындарға жұмсалған.
– Байқағаныңыздай, ШҚО-ның компаниялары қаржысын пайдалану құрылымы мұнайлы өңірлерден көп ерекшеленеді. Қаржының жартысына жуығы спортқа жұмсалады: 809 млн теңге хоккей клубына және 215 млн теңге хоккей модульдері құрылысы мен қалпына келтіруге және олардың жабдықтарына, 158 млн теңге теннис орталығының жұмысына жұмсалған. Сонымен бірге ӘИЖ шығыстары есебінен мерекелер өткізуге – 203 млн теңге, діни ғимараттарды қаржылай қолдауға – 48 млн теңге, балалар үйлерінің, мектеп-интернаттардың шығындарын қаржыландыруға 113 миллион теңге жұмсалған. Біздің зерттеу барысында әкімдіктің ӘИЖ-на жұмсаған шығындарына жер қойнауын пайдаланушы компанияға (Казцинк) қарасты «Синегорье» және «Айна» демалыс базаларының жұмысын қолдау шығындарын да қосып қойғаны белгілі болды, – дейді Мария Лобачева.
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің дерегінше, 2 799 млнтеңге немесе ӘИЖ шығындардың 47 пайызы тапсырыс орындаушыларға «Парыз» қайырымдылық қоры арқылы бөлінген. Ал компаниялардың дерегі бойынша, олар «Парыз» қорына 3 554 млн теңге аударған, бұл ӘИЖ шығындарының 62 пайызын құрайды делінген.
Павлодар облысы да тау-кен өндірісіне тән өңір, жер қойнауын пайдаланушылардың ӘИЖ-ға аударғаны – 1 754 млн теңге. Ол қаржы 3 колледждің материалдық-техникалық базасын бекітуге, балабақша ғимаратын қалпына келтіруге, балалар ойын алаңына құрылғылар алуға, скверді күрделі жөндеуге, жылу магистралін жөндеуге, медициналық орталық жобасына, «Волейбол клубы» мекемесінің жарғылық қызметіне, «Спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының жарғылық қызметіне, сонымен бірге «Екібастұз» футбол клубына демеушілікке, «Екібастұз болашағы үшін» қоғамдық бірлестігін қолдауға, туристік құралдар сатып алуға, басқа да шығындарға жұмсалған.
Бұл облыста да жер қойнауын пайдаланушылар бөлген қаржының жартысынан астамы спортты қолдауға жұмсалған. Аталған облыстағы негізгі жер қойнауын пайдаланушы компаниялар – «Еуразия энергетика компаниясы КҚ» АҚ ӘИЖ-ге қаржыны «ERG Көмек» корпоративті қоры арқылы бөледі. Бұл қор компанияға кіретін компаниялардың әлеуметтік және қайырымдылық жобаларын жүзеге асыру үшін құрылған.
Қостанай облысындағы жер қойнауын пайдаланушылар ӘИЖ-ға 1 251 млн теңге бөледі. Бұл қаржы магистральді су құбырын жөндеу, үйлерді абаттандыру, тротуар мен жолаушылар жолдарын жөндеу, 3 аялдаманың құрылғысы, 6 ойын алаңы мен 1 спорт алаңын құру, колледждің оқу-материалдық базасын жаңарту, интернаттың сынып бөлмелерін жабдықтау, медициналық жабдықтар алу, ауыл мектебінің оқушылары үшін тамақтану, мешіттерді жөндеу және салу, мерекелік шаралар, жер қойнауын пайдаланушылар үшін рекреациялық іс-шаралар өткізу, «Ұрпақ» қорының пайдалану шығындары, діни бірлестіктердің коммуналдық қызметтеріне ақы төлеу сияқты мақсаттарға жұмсалыпты.
Біз жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың әлеуметтік-экономикалық даму үшін бөлген қаржының қандай салаға бағытталатынын әдейі таратып жаздық. Көріп отырғанымыздай, Қостанай өңіріндегі ӘИЖ-ға бөлінген шығындардың тең жартысы дінді қолдауға жұмсалған. Облыс әкімінің есебіне сәйкес, әкімдіктің еншілес кәсіпорыны – «Тобыл» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына ӘИЖ үшін 550 млн теңге бөлінген, бұл қаржыға Қостанай қаласында мешіт салу, Қостанай қаласының Аэропорт шағынауданын автономды жылумен қамту көзделген. Алайда есепте мешіттің баланстағы құны 550 млн теңге деп көрсетілген. Демек, қаржы мешітке ғана жұмсалған болып шығады. Сонда бұл облыста мешіт ашудан маңызды әлеуметтік мәселе болмағаны ма?
Жалпы, мұнайлы өңірлердегі компаниялар бөлген қаржы инфрақұрылым жобаларының құрылысына жұмсалса, тау-кен өндірісі басымдыққа ие өңірлердегі әлеуметтік демеу қаржының 42 пайызы түрлі іс-шараларға беріледі. Ал ондай іс-шаралардың ұзақмерзімді пайдасы жоқ деуге болады.
– Сондықтан жер қойнауын пайдаланушылардың әлеуметтік және инвестициялық жобаларға қаржы бөлу, жұмсау және есеп беру процесінде ашықтықты қамтамасыз ету үшін міндетті жарияланымдар тізімін жасау қажет. Меморандумдар мәтіні, тұрғындар қажеттілігін бағалау нәтижесі, жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың әрқайсысы әлеуметтік инвестиция бойынша есебін жариялағаны жөн. Ол есепте жоба атауы, жүзеге асырған өңір, жобаны орындаған мердігер мен жұмсалған қаржы көлемі жария көрсетілуі тиіс, – дейді «Эхо» ҮЕҰ-ның бағдарлама директоры.
Оның айтуынша, әкімдіктер азаматтық қоғам өкілдерімен және жер қойнауын пайдаланушылармен қоғамдық қатысу механизмін енгізіп ӘИЖ қаржысы нағыз қажет деген жобаларға бағытталуын қамтамасыз етуі керек. Ең бастысы, Үкімет пен Парламент нормативтік-құқықтық актілерге әлеуметтік инфрақұрылым жобаларының тізімін нақтылап көрсетуі тиіс. Әйтпесе, әлеуметтік салаға бөлінген қаржы 2016 жылдағыдай басқа бағытқа бөлініп кетуі мүмкін.
– Шығыс Қазақстан облысындағы ірі компаниялар әкімдікпен жасалған меморандумға сәйкес, ӘИЖ-на бағытталған қаржыны «Парыз» қоғамдық қорына аударады. Ал қордағы қаржыны жұмсау туралы шешімді қордың қамқоршылар кеңесі қабылдайды. «Парыз» қоры 2010 жылы су тасқыны мен өрт салдарымен күресу үшін құрылған. 2011 жылдан қор ШҚО әкімдігі мен өңір кәсіпорындары, соның ішінде жер қойнауын пайдаланушылармен жасалған ынтымақтастық меморандумы шеңберінде іс-шараларды жүзеге асырумен айналыса бастады. Содан бері қордағы қаржыны пайдалану мақсаты бірнеше рет өзгерген. Ақпарат құралдарындағы жарияланымдар мен ИПДО есебіне сүйенсек, ол қаржы медициналық қондырғылар сатып алуға, мектептерді заманауи сыныптармен жарақтандыруға, спорт нысандарын салуға жұмсалған, – дейді М.Лобачева. Осы тұста айта кетейік, 2016 жылы Қазцинктің бір өзі «Парыз» қорына 2 666 млн теңге аударған екен. Алайда осы қордың есебін еш жерден кездестіру мүмкін болмады. Бұл біздің елдің өндіруші салалардың ашықтығы бастамасына әлі толық дайын еместігін көрсетсе керек.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ