Моншада сабақ оқып жүр, біраз қазақ баласы...

Моншада сабақ оқып жүр, біраз қазақ баласы...

Еліміздің білім туралы заңын­да баланың тілегін, жеке бейім­ді­лігі мен ерекшеліктерін ескере отырып, білім беру ұйымын таң­дау­ға құқылы екені айтылған.Әри­не, бала құқығын ешкімнің тап­­тауға құқы жоқ. Бұл ретте шым­­­кенттік білім беру нысан­да­ры­ның басшылары заңды қатаң сақтап отыр. Деген­мен заңның тағы бір тармағында «Мектепті ба­ланың ерекшеліктері мен қы­зы­­ғушы­лы­ғы­на қарай таңдау­ға бола­ды. Мұн­дай­да бос орын бол­ма­са, баланы қабыл­даудан бас тартуы мүмкін» деген сөй­лем­дер тағы бар. Соны­мен қатар білім беру ны­сандарына қойы­ла­тын санитар­лық-эпи­де­мия­­лық талаптарға сәй­кес бір сыныпта 25 бала оқуы тиіс деген талап та бар екенін ес­ке­рейік.

Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Бүгінде үшінші мегаполисте үшауы­сым­ды мектептер қатары көбеймесе, азаймай тұр. Енді бұл мәселенің түбегейлі шешімін табатынына күмән­мен қарай бастадық. Қала аумағының кеңейіп, халқының саны артып жатқандықтан, мектеп саны жетіспейді деген сылтау да бұған себеп болмай тұр. Себебі жоғарыда атап өткен заң бойынша мектеп дирек­тор­ла­ры білім ордасына келген кез келген, тіпті өзге аумақтарда тұратын оқушыларға да білім беруге құқылы. Таңдау – ата-ана мен балада. Оған дәлел, Шымкент қаласындағы №80 мектеп-лицейі негізінен 1 200 балаға арналып салынған. Бүгінде 4 367 оқушы үш ауысыммен білім алады. Жуыр­да осы мектепке жақын аймақ­тан 1 200 балаға арналған №132 мек­теп ашылды. Соған қарамастан, ата-аналар балаларын жаңа мектепке ауыстырғысы келмейді. Себебі бел­гі­лі, бұған мектеп көрсеткіші мен сапа­сы әсер етеді, тәжірибелі мұға­лім­нен кеткісі жоқ. Тіпті, сынып­тар мен мұға­лімдер жетіспей жатқанына да қарамайды. Мектеп директоры Сауле Қалыбекова «Біздің бұрынғыдай өзге мекенжайда тұратын балаларды қа­был­­дамауға құқымыз жоқ. Сон­дықтан кез келген баланы қабылдауға мәж­бүр­міз» дейді. Мемлекет тарапынан үшауысымды мектептер қатарын азайту мақсатында салынып жатқан білім ұяларына ата-аналар балаларын апармай жатса, үшауысымды мектеп мәселесі қалай шешілмек? Мүмкін ата-аналарға, тұрғындарға түсіндіру жұ­мыстары кемшін шығар. Әлде мұны Шымкент қалалық білім бас­қар­­­масының мектеп жүйесін дұрыс ұйым­­дастыра алмауынан деп түсін­ді­ре­міз бе?

Айта кетейік, білім басқармасы берген мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда Шымкентте 15 үшауысымды мектеп бар. Ал 4 мектептің мәселесі же­ңіл­детілген. Басқарма тарапынан бұл мәселені жан басына қаржылан­ды­ру жүйесін енгізу арқылы шешу жолдары қарастырылыпты. Жүйе нәтижесінде, 2 400 орынға арналған 4 жекеменшік мектеп ашылған. Тағы да 5 жекеменшік мектеп бой көтермек. Демек жекеменшік мектептердегі балалардың білім алуына арналған қаржы мемлекет тарапынан беріледі. Бүгінде 11 жекеменшік мектепке 5 454 оқушы мемлекеттік тапсырыс арқы­лы орналастырылған. Иә, бұл – бас­қарма берген ресми ақпарат. Ал шынтуайтында басқарма жоғары­да­­ғы­дай мәселелерге келгенде заңды алға тартып отыра бермек пе? Оның да шешілу жолдарын қарастыруға болады емес пе?!

Сәл кейінге шегінсек, аты аталып отыр­ған сол №80 мектеп-лицейі ая­сын­да, оқу жылы басталысымен үлкен дау шыққан болатын. Бірнеше жыл­дан бері бала санының көптігі пробле­ма­сын басынан кешіріп отырған оқу ордасы 4 жылдан бері сол аймақтағы жекеменшік ғимаратты жалға алып отырған-ды. Өткен оқу жылының соңында ғимаратты иесі өзінің қажет­тілігіне алатынын ескерткен соң білім ұясының басшылығы осы аймақтан талапқа сай келетін ғимарат іздеген. Осылайша, сауықтыру орталығы бол­ған кешенді таңдап, иесімен келіскен. Ғимарат иесімен биылғы оқу жылы­ның басына дейін жөндеу жұ­мыс­та­рын жасап, талапқа сәйкес­тен­діріп беру­ге уағдаласқан. Ол ғимаратқа бас­тауыш сыныптың оқушыларын жай­ғас­тырып, енді тәрбие сағатын өтіп жатқанда, ата-аналар тарапынан дау шығып, барлық құзырлы орган басшылығы жиналып, мектепті жауып тастады. Себебі бұл ғимарат кезінде монша болыпты. Ата-аналар моншаның аты монша, қанша жерден тазалағанмен, лас жерде балаларын оқытуға келісім бермейтінін айтып тұрып алған-ды. Нәтижесінде, жалға алын­ған ғимарат әбден жан-жақты тек­серуден өтіп, талапқа сәйкестенді­ру шаралары шегеленіп, қайта жаң­ғыр­­тылып, балалар оқуға бола­тын­дай жағдай жасалған.

Жуырда Nur Otan партиясының Шым­кент қаласындағы филиалы бас­шы­лығы бастаған топ мектепке қайта жиналып, балалардың оқуына рұқсат берді. Енді 1 қарашадан бастап №80 мектеп-лицейінің 4-5 сынып оқушы­лары қайта келіп оқиды. Балалардың қауіпсіздігі үшін тиісті мемлекеттік органдарға тротуарлар, аялдамалар және жаяу жүргінші қою туралы тапсырмалар берілді. Әзірге сынып тапшылығы салдарынан, лицейдің 8-11 сынып аралығындағы 1 074 оқу­шы­сы ұзақтығы 5 аялдамадай бола­тын қашықтықтағы №132 жаңа мектепке қатынап білім алып жүр.

Мектеп басшылығы осымен мәсе­ле­міз шешіледі деп отыр. Деген­мен атап өткендей, санитарлық талап бойынша бір сыныпта 25 бала болуы тиіс. Ал мұнда бір сыныпта 32 баладан оқиды. Биылғы 1-сыныптың өзіне 1 «А» дан 1 «Р»-ға дейін 20 сынып ашыл­ған. Биылғы оқу жылының өзінде мектеп табалдырығын 600-ге жуық бала аттап отыр. Бұл кейбір ауыл мектептеріндегі бала санымен тең.

Бұл Шымкент қаласындағы жал­ғыз №80 мектеп-лицейі айналасын­да­ғы мәселе ғана. №65 мектеп-гимна­зия­­сында да осындай жағдай. Бала са­нының көптігінен мұндағылар 5 күн­дік оқуға көше алмай отыр. Оқу ор­ны жанынан ашылған жекеменшік мек­теп те бұл білім ұясының үш­ауы­сым­­ды проблемасын шеше алмаған.

Сонымен Шымкенттегі үшауы­сым­ды мектептер мәселесінің осы­лай­­ша жуық арада шешілмейтініне көзі­міз жетті. Ол үшін басқарма тара­пынан ата-аналарға арналған түсін­дірме жұмыстары немесе тәжірибелі мұғалімдерді бөлу сияқты жүйе енгізу қажет сияқты. Себебі негізгі үшауы­сым­ды мектептер мәсе­лесіне тап бола­тындар көрсеткіш­тері – жоғары гимназиялар мен лицейлер. Мектеп басшылығы мектеп таңдау бойынша ата-ананың құқығын ескергенімен, бір сыныптағы бала санының талапқа сәйкес еместігіне көз жұма қарап отыр...

 

Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы