Алматыда жүргізуші куәлігінсіз көлік тізгіндеген жүргізуші баланы қағып кетіп, оқиға орнынан ізін суытты. Оның баланы қағып кеткен сәті бейнежазбаға түсіп қалған.
inAlmaty.kz ақпарынша жол апаты 19 қазанда Шұғыла шағын ауданында болған. 2012 жылғы бала жолды тыйым салынған тұсынан кесіп өтіп бара жатқанда көліктің астына түседі. Жүргізуші оқиға орнынан ізін суытқан. Жарақат алған бала емхана жеткізілген.
«Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде көлік жүргізушісі ұсталды. Ол 31 жастағы Алматы облысы Қарасай ауданы Қаскелең қаласының тұрғыны. Бұған дейін бұл азаматтың жүргізуші куәлігінен айырылғаны, сақтандыру полисі мен көлік үшін міндетті сақтандыруы болмағаны анықталды», - деп хабарлады Алматы қаласы полиция Департаменті.
Баланы соққан автокөлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды. Наурызбай ауданы полиция басқармасы оқиғаның жай-жапсарын тексеруде. Іске қатысты сараптамалар тағайындалды.