Ақылы жолдардан жыл сайын қанша қаражат жиналады?
Ақылы жолдардан жыл сайын қанша қаражат жиналады?
295
оқылды

Ақылы жолдардан жыл сайын жиналатын қаржы 4 млрд теңгеден асты.Бұл туралы Үкімет отырысында «Нұрлы жол» бағдарламасының іске асу барысын талқылау кезінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті деп жазады "Қазақпарат".

«2013 жылы ұзақтығы 211 шақырым болатын «Нұр-Сұлтан – Щучинск» алғашқы ақылы автожолы қолданысқа енгізілді, сол учаскеде жылына 1 млрд теңгеден астам қаражат жиналады, ол осы учаскені күтіп ұстау шығынының орнын толтырады. Қазіргі уақытта, ақылы жолдардың ұзақтығы 682 шақырымға дейін артты («Нұр-Сұлтан – Щучинск» (211 км), «Нұр-Сұлтан – Теміртау» (134 км), «Алматы – Қапшағай» (42 км), «Алматы – Қорғас» (295 км) және жыл сайынғы жиналатын қаражат 4 млрд теңгеден астам болады. Бұл осы ақылы учаскелерді күтіп ұстауда бюджетті үнемдеуге мүмкіндік береді», - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, автожолды пайдаланушыларға сапалы жол бойындағы сервиспен қамтамасыз ету мақсатында қолданыстағы 1 822 нысанның 1 мыңы Ұлттық стандартқа сәйкестендірілді. Бюджет және жеке капитал есебінен қосымша 73 нысан салынды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта одан әрі жүргізілетін болады.