М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының бас лизенциясынан айырылғаны туралы ақпарат елді елең еткізді. Көп өтпей А.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті қатарға қосылды. Бұл шешімді Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті қабылдады. Көкейде сұрақ көп. Неліктен аталған оқу орындары комитет көңілінен шықпады? Бас лицензиясынан айырылған университеттер қайтпек? Студенттер мен оқытушылар қайда барады? Мұндай саясаттың астарында не бар?
Осы сұрақ төңірегінде жауапты министрлікке сауал жолдап, тиісті комитет басшысымен тілдестік. Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Ізбасарқызы мұнымен іс бітпейтінін айтты. Жыл соңына дейін министрлік 24 ЖОО-ны тексерістен өткізеді. Комитеттегі стратегия мен жоспар жайында толық мағлұмат береміз. Алдымен аталған жоғары оқу орындарының жағдайын талдап көрелік.Министрлік пен ЖОО сотта кездеседі
Комитет төрайымы Гүлзат Ізбасарқызы М.Тынышбаев атындағы академия мен А.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті министрлікті сотқа бергенін мәлімдеді. Яғни, оқу орындарының бас лицензиядан айыру-айырылмауын сот шешеді. Егер сот шешімі министрліктің пайдасына шешілсе, қарсы тарап жұмысын тоқтатады. Айта кетерлігі, сот процесі түбегейлі бітпейінше оқу орындары жұмысын жалғастыра береді. Ендігі сұрақ – неліктен олар бас лизенциясынан айырылып қалуы мүмкін? Білім орындары комитет қойған қандай талапты орындамады?«ҚазККА мен Халықтар достығы университеті жұмысын жалғастырып жатыр. Заңды шешім шыққан соң жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады. Комиссия құрамы тексеріс жүргізген соң оқу орындарына қателікті түзету үшін 3 рет мүмкіндік береді. Мәселен, ҚазККА-ға алғашқы ескерту 2019 жылы берілді. Ал Халықтар достығы университетіне 2020 жылдың басында хабарладық. Комитет жанында ЖОО-дағы білім беру сапасымен айналысатын арнайы басқарма бар. Олар сарапшылармен бірге ЖОО-дағы білім беру жүйесіндегі кем-кетікті зерттейді. ҚазККА барынша олқылықтың орнын толтыруға тырысты. Бірақ ақырында оқытушылар наразылық білдірді», – дейді Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Ізбасарқызы.Ал ҚазККА мен Халықтар достығы университетін жабуға не түрткі болды? Жоғарыда комитет төрайымы Гүлзат Ізбасарқызы ҚазККА-ның кемшілікті түзетуге тырысқанын айтқан-ды. Расымен, биыл мамыр-маусым айында жүргізген тексеруде БҒМ комиссиясы академияның 2019 жылы қыркүйекте анықталған кемшілікті жойғанын растаған. Алайда қыркүйек айындағы тексеруде ЖОО-дағы оқытушылар құрамының біліктілігі нормативтік талаптарға сәйкес келмейтіні анықталған. Мәселен, аталған талап бойынша 60% оқытушы штатта жұмыс істеуі керек. Қалған 40%-ы практикасы бар, өндірісте шыңдалған мамандар болуы қажет. Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Ізбасарқызының айтуынша, ҚазККА-да профессор оқытушылардың үлес салмағы 60%-ға жетпейді. Айта кетерлігі, 2019 жылы министрлік қойған талап бойынша оқытушылардың 80%-ы штатта жұмыс істеуі керек болған. Бірақ 2018 жылы Елбасының университеттерге академиялық дербестік беруіне орай, жауапты орган талапты 80%-дан 60%-ға қысқартқан. Алайда ЖОО-лар министрлік үдесінен шықпай отыр.
Қарсы тараптың уәжі бар
Осыған байланысты ҚазККА мен Халықтар достығы университетінің уәжін білгіміз келді. Алайда қоңырау шалғанымызбен, олардың жауап беруге мұршасы болмады. Халықтар достығы университетінің Ғылым және халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры Марат Дүйсенұлымен тілдескенімізбен, лайықты жауап ала алмадық. «Бұл жайлы ректор жақсы біледі» деуден ары асқан жоқ. Ректордың байланыс нөмірін табу мұң болды. Call-орталық қызметкерлері де көмектесе алмаған соң, Рабиға Қуатбековамен байланысудың сәті түспеді. Қош, М.Тынышбаев атындағы академия комитет атаған кемшілікті негізсіз деп отыр. Олар академия сайтында мәлімдеме жасаған. Кем-кетіктің түзелгенін, оқу орнындағы профессорлар мен оқытушылардың жалпы саны 266 екенін көрсеткен. Соның ішінде 20 ғылым докторы, 113 ғылым кандидаты бар екен. Штаттағы ПОҚ саны 67%-ды құрайтынын атап өткен. «Не бел, не белбеу» кететінін нұсқаған академия мұның артында «жеке бір университеттегі жағдайды тұрақсыздандыруды мақсат ететін үшінші күш тұр ма?» деп күдіктенеді. А.Қуатбеков атындағы университет болса, комитеттің «білім беру үдерісін ұйымдастыруға және түлектерді жұмысқа орналастыруға қатысты заңбұзушылық болды» дегені шындыққа жанаспайтынын атап өткен. Әрі олар комитеттің үшінші жоспардан тыс тексеруі министрліктің 2020 жылы шілдеде шыққан жаңа талаптарына сәйкес жүргізілгенін алға тартады. Қос оқу орны да сот апелляциялық тәртіп бойынша шешім шығармаған істің БАҚ-та талқылауға түскеніне наразы. Министрліктің қандай мақсатты көздейтінін түсінбей дал. Сондықтан сот шешіміне сай әрекет етуді сұрап отыр.Студенттер мен оқытушылар жерде қалмайды
Иә, А.Қуатбеков атындағы университет тексеру барысы бас лицензиясынан айырылған Шымкент аймақтық инновациялық университетінің 6 мың студентін қабылдаумен сәйкес келгенін алға тартады. Олар министрліктің «университеттің студенттер контингентін қабылдап алғанын ескермегенін» айтады. Университет жабылып қалса, оқу орнында оқитын 12 мың студент қайтпек? Ал ҚазККА-ның теміржол саласы бойынша маман даярлайтын екі ЖОО болса, соның бірі екені тағы бар.«Сот шешімі шыққан соң, студенттерді басқа ЖОО-ға жүйелі түрде ауыстырамыз. Мысалы, ҚазККА ұқсас білім беру бағдарламасына сәйкес, 8 бағыт бойынша маман даярлап жатыр. Соның ішінде бизнес, инженерия, стандарттау бар. Ал Алматы қаласында 30 ЖОО аталған мамандық бойынша білім береді. Сондықтан айтарлықтай мәселе туындамасы анық. Халықтар достығы университетіне келсек, олар 16 бағыт бойынша маман дайындайды. Осы ЖОО-да оқыған студент білімімді «Шымкентте жалғастырамын, болмаса Алматыда оқимын» десе де, көмектесуге дайынбыз. Мысалы, Шымкент аймақтық инновациялық университеті жабылғанда студенттердің біразы Тараз, Қызылорда, Алматы қаласындағы оқу орындарына ауысты. Студенттер мен оқытушылардың барлық құқығы қорғалады», – дейді Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Ізбасарқызы.
Тексеру әлі де жалғасады
Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ЖОО-дағы тексеру жұмысы жалғасатынын мәлімдеді. Олар жыл соңына дейін 24 ЖОО-ны сүзгіден өткізбек. Осындайда көкейде «Министрлік Президент тапсырмасын орындау үшін барын салып жүр ме? Әлде, мұның астарында басқа түйін бар ма?» деген сұрақ туады. Комитет төрайымы Гүлзат Ізбасарқызы Президент тапсырмасын жүзеге асырғанымен, министрліктің алға қойған жоспары мен стратегиясы барын алға тартты. Олар ЖОО-ның негізгі және бейімдендіру бойынша лицензиясын тексеру жұмысын жалғастырады. Оның айтуынша, бұған дейін 25 ЖОО бейімдендіру бойынша 60 лицензияны өздері тапсырған. Себебі олар министрлік қойған талапты орындай алмайтынын түсінген. Ал 145 колледж 330 мамандық бойынша лицензиядан айырылған. Гүлзат Ізбасарқызының айтуынша, әрбір оқу орнының бағыты мен бейімі бойынша сапаны көтеруге мүмкіндігі бар. Сонда ғана бәсекеге қабілетті шәкірт тәрбиелей алады. Мәселен, тексеріс барысында колледждерде студенті жоқ мамандықтар бары анықталған. Мұндай олқылық орын алмасуы үшін 3 қайтара тексеру жүргізудің артық емесі анық.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ