Жемқорлық жайы талқыланды

Жемқорлық жайы талқыланды

Nur Otan партиясының Орталық аппаратында мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту мәселелері бойынша отырыс өтті. Жиында Nur Otan партиясының «Қазақстан–2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі комиссияның «Мемлекеттік қызмет көрсету» бағыты бойынша «Жергілікті атқарушы органдар көрсететін сыбайлас жемқорлыққа ең бейім мемлекеттік қызметтер» тақырыбы талқыланды.

Мәжіліс депутаты Майра Айсинаның жетекшілігімен өт­кен жиында комиссия төрағасы кездесуді кіріспе сөзімен ашып, көптеген мәселенің пилоттық режимде жүріп жатқанын, бү­гінгі таңда бір топ депутаттың бас­та­масымен заң жобасы дайын­далғанын баса айтты.

– Мемлекеттік қызмет көр­сету саласында кемшіліктер өте көп. Партиялық алаңда осының бәрін талқылау үшін бас қосып отырмыз. Тал­қылауға түскелі отырған жер мәселесі, жылжымайтын мүлік мәселесі халыққа маңызды еке­ні айтпаса да түсінікті. Қол­да­ныстағы заңнамада біраз қарама-қайшылықтар бар. Осы мәселені жан-жақты сара­лайық, пікірлеріңізді ашық айт­саңыздар, кейін кемшіліктерді заң шеңберінде түзетуге жеңілдеу болады, – деді Майра Арапқызы.

Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігі та­рат­­қан ақпаратқа сәйкес, мем­­лекеттік қызмет көрсету ке­зінде құқықбұзушылықтарға Маң­ғыстау, Ақтөбе, Павлодар, Түркістан, Батыс Қазақстан, Алматы облыстары және Нұр-Сұлтан қаласына жиі жол бері­летіні белгілі болды. Агенттік тө­ра­ғасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов мәлімдегендей, жемқорлық әрекетінің 20 пайыз­ға жуығы жер мәселесімен байла­нысты болып отыр.

– Соңғы 3 жылда мемлекеттік қызмет көрсету кезінде жергілікті атқарушы орган қызметкерлеріне байланысты 600-ден аса сыбайлас жемқорлыққа байланысты құ­қық­бұзушылық тіркелген. Әрбір бесінші құқықбұзушылыққа жер қатынастары басқармасы мен бөлімдерінің лауазымды қызметкерлері жол берген. Бұл жердегі парақорлық, алаяқтық пен қызметтік өкілеттілігін асы­ра пайдалануға қатысты қыл­мыстар жер телімдерін беру, олар­дың мақсаттық бағытын заң­сыз өзгерту, жалға беру құқын ұзар­ту, сондай-ақ жер құрылысы жоба­ларын кедергісіз бекіту, т.с.с. кезінде орын алған, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент директоры Ильдар Үйсімбаевтың пікірінше, жер­гі­лікті мемлекеттік органдар бюрократиямен әуестеніп кеткен. Көп жағдайда азамат­тардан артық құжаттарды талап етеді. Үстіміздегі жылы 500-ден астам бақылау іс-шаралары жүргізілген.

– Талдау жұмыстары азаматтар көп жағдайда мемлекеттік қыз­мет көрсету кезіндегі заңға қай­шы әрекеттерге және жер қаты­настары, тұрғын үй-ком­муналды шаруашылығы және әлеу­меттік салалардағы негізсіз бас тартуларға байланысты ша­ғым­данатынын көрсетті. Жалпы түскен арыз-шағымның 44 па­йызы жергілікті атқарушы орган қызметкерінің әрекетіне бай­ланысты болып келеді, – деді Ильдар Үйсімбаев.

Отырысқа кәсіпкерлер атынан «Атамекен» ҚР кәсіпкерлерінің ұлттық палатасы басқарма төрағасының орынбасары Рүстем Жүрсінов қатысты. Ол баяндамасында жер телімдері туралы қолжетімді ақпараттың жоқтығы кәсіпкерлер үшін басты проблемаға айналғанын айтты.

– Заңда конкурсты (кон­курс­тар жер телімдері болған және босатылған кезде өткі­зіледі) өткізу реті мен міндеті көрсетілмеген. Бұл өз кезегінде кейбір шенеуніктердің жағдайды өз пайдасына шешуге мүмкіндік туғызады. Жалпы алғанда, әкім­дік­терде бос жатқан жер телім­дері туралы ақпарат тап­шы­лығы қолдан жасалып, оның ақыры жемқорлыққа жол табуға алып келеді, – деді Рүстем Жүрсінов.

Жиын соңында комиссия орталық және аймақтық мем­лекеттік органдарға арналған бірқатар ұсыныстар қабылдады. Атап айтқанда, комиссия төра­ғасы, Мәжіліс депутаты Майра Айсина өңірлік әкімдіктерді жер реформасына байланысты Грузияның тәжірибесіне назар аударып, оны Қазақстанда енгізу мүмкіндігін қарастыруға шақырды. Сонымен бірге ко­миссия басшысы 2025 жылдың 4 тоқсанына дейін Қазақстанның барлық аймағында мүлікті тү­ген­деу мен инженерлік коммуни­ка­цияларды цифрлы жүйеге енгізуді ұсынды.


Әбілмансұр ЖАСАН