Nur Otan – еліміздегі жетекші партия әрі ол үлкен саяси күшке ие. Сол себепті біз әрқашан халықтың жанынан табылуға тырысамыз
Нұржан ӘЛТАЕВ, Мәжіліс депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі:
Ең бастысы – ел сенімі
– Nur Otan – еліміздегі жетекші партия әрі ол үлкен саяси күшке ие. Сол себепті біз әрқашан халықтың жанынан табылуға тырысамыз. Халықтың мұң-мұқтажын білу, мәселені шешу мақсатында кездесулерді жиі өткіземіз. Әдетте, кездесулер бізде еркін форматта өтеді және кейде қызу талқылау туғызып та жатады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы атап өткендей, болашақта бұл форматтын ауқымын ұлғайту керек, себебі заман талабы соны қалайды. Ұдайы халықтың ортасынан табылып, сенімін ақтау, нақты нәтиженің куәсі болу – біздің басты мақсатымыз.
Өздеріңізге белгілі, Мәжілісте елге бір табан жақын болу үшін, ең алғашқылардың бірі болып «онлайн қабылдау» қосымшасын енгізген болатынмын. Бұл функция біраз ілкімді істердің жарқын кепілі. «Онлайн қабылдау» сұрақтарға тиімді әрі жылдам жауап беруге мүмкіндік береді. Тәжірибе көрсеткендей, осындай жаңашылдықтар халық пен билік арасында мықты байланыс орнатты. Айталық, наурыз айында бір топ фермерлер қазақстандық ірі қара мал басын сатып алғанда, субсидия берілмейтіні жөнінде арызданды. Мен дереу бұл мәселені шешу мақсатында дөңгелек үстел ұйымдастырдым. Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері және ауыл шаруашылығы мамандары қатысып, шешу жолдарын қарастырдық. Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаровқа депутаттық сауал жолданды. Нәтижесінде, ағымдағы жылдың маусым айында заңнамаға өзгеріс енгізіліп, қазақстандық ірі қара мал басын сатып алған кезде 150 мың теңге көлемінде субсидия беріле бастады.
Елбасы төрағалық ететін партияның басты мақсаты – ұлт Тәуелсіздігінің тірегі болу, ел егемендігін нығайтуға атсалысу. Қазіргі кезде Нұрсұлтан Әбішұлының «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» жобасы сәтті жүзеге асып, біртіндеп орындалуда. Жоспарда көрсетілген бөлімдер саяси тұлғалардың жаңа бейнесін қалыптастыруға арналған «кіріспе» іспетті.
Ирина УНЖАКОВА, Мәжіліс депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі:
Экономиканы дамытуымыз керек
– Партияның біздің алдымызға қойып отырған мақсаты мен тапсырмалары бар. Депутаттар әрқашан халыққа жақын болып, өңірлердің жағдайын білуі керек. Өздеріңіз білесіздер, біз жүйелі түрде әрбір аймаққа барып тұрамыз. Ол үшін арнайы график жасалады. Осыған сәйкес, адамдармен жүздесеміз. Мысалы, бүгін Солтүстік Қазақстан облысына барсақ, ертең Шығыс Қазақстанда боламыз. Елбасы фракцияның кеңейтілген мәжілісінде бізді әр өңірге жауапты етіп бекітуді ұсынды.
Біз бірінші кезекте экономиканы дамытуымыз керек. Әр жанұяда отбасылық бюджет бар. Соны ұтымды, үнемді пайдалану маңызды. Нарықтық экономика шартына сәйкес, бұл – әркімнің жеке жауапкершілігіндегі дүние. Елбасы – Nur Otan партиясының Төрағасы осы мәселені де баса айтты. Бюджеттің басым бөлігін инвестициялау керек.
Қазақстанның көлік саласында да әлеуеті жоғары. Біз бұдан жақсы табыс тауып жатырмыз. Мысал ретінде Қытайдан Еуропаға баратын жүкті айтуға болады. Осы істі жалғастыру үшін сапалы жол, цифрландыру жүйесі және кедендік қызмет қажет. Оған әрине, алдымен қаржы құю керек.
Александра КУЛЕШОВА, саясаттанушы:
Халық шенеуніктен жауапкершілік күтеді
— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен өткен партия жиынында елдің көкейінде жүрген мәселені талқылады. Елбасының төрағалығымен, Үкімет мүшелері, Nur Otan партиясы және оның Мәжілістегі фракциясы өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте партияның «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасы және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының іске асырылуы талқыланды.
Оның ішінде, халық қалаулылары халықпен етене жақын жұмыс жүргізбейтінін сынады. Олардың проблемасын жедел шешуді тапсырған Елбасы депутаттар аймақтарды аралаған кезде шешуі тиіс негізгі проблеманы атады.
Депутаттар ел ішіндегі кез келген мәселеге байланысты БАҚ-та өз пікірін білдіріп, мәселені ашық талқыласа, халық та ашынбайды. Олқылық кетіп жатса, көпшіліктен кешірім сұрап, мәселенің мән-жайын түсіндірсе, проблема да дер кезінде шешіледі.
Халық шенеуніктерден жауапкершілік күтеді. Әлеуметтік проблемалардың барлығы жауапсыздықтан туындап жатады. Өз саласында туындаған проблемалар үшін көпшілік алдында кешірім сұраса да, ел мәселесіне назар аударғанына марқайып қалады. Агрессияға бармай, бейбіт келісіммен шешуге қарсылық танытпайды.
Сонымен қатар биліктің барлық сатысында жауапкершілік болса, халық айтқан проблемаға дер кезінде көңіл бөлсе, қордаланбайды. Айта кетерлігі, бұл тұста мемлекет пен жеке адамның өзара жауапкершілігі маңызды рөл атқарады.
Сондықтан біз әрқайсымыз азаматтық жауапкершілікті сезіне білгеніміз жөн. Оның ішінде ұлттық құндылығымызды қорғап, жобаларды барынша тиімді іске асыруға, азаматтық сананы дамыту, қалыптастыруға және өз аймағы мен елінің мәселелерін шешуге жауапты азамат қалыптастыруға ұмтылса, ұтарымыз көп.
Ерлан АХМЕДИ, Nur Otan партиясы Қоғамдық саясат институты Бағдарламалар және жобалар бөлімінің аға сарапшысы:
Азаматтардың мәселесін шешкен жөн
— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен, Үкімет мүшелері, Nur Otan партиясы және оның Мәжілістегі фракциясы өкілдерінің қатысуымен кеңес өтті. Жиында партияның «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасының және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының іске асырылуы талқыланды.
Мәжілістегі партия фракциясының жұмысын жандандыруға Елбасы тапсырма берген болатын. Мәжілістегі мандаттардың басым бөлігі Nur Otan партиясынан құралған. Партия жетекшісі фракция халықпен етене жақын жұмыс істеу керегін айтты.
2017 жылы елімізде саяси модернизация жүргізілді. Елбасының бастамасымен Конституцияға өзгерістер енгізілді. Конституциялық реформа аясында билік тармақтары арасында өкілеттіктер қайта бөлінді. Парламенттің рөлі күшейді. Сондықтан Парламенттегі партия фракцияларының да рөлі күшейеді. Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында фракция депутаттарының жұмысын сынға алды.
Бірақ депутаттар мүмкіндіктерін толығымен пайдаланбайды.
Партия Төрағасы мұны да атап өтті. Оның айтуынша, фракция депутаттары іс жүзінде өздеріне Конституциямен бекітілген мүмкіндігін толық пайдалануы тиіс. Депутаттар — партияның тірегі, белсенді электораттың бастамашысы. Азаматтардың мәселелерін шешу үшін жұмыс істеуі керек. Партия Төрағасының ескертулерін ескере отырып, депутаттар елмен тығыз байланыста жұмыс істеп, мәселесін тікелей шешкені жөн. Қиын жағдайда да халықтың жанынан табылуы тиіс.
Владимир ТЕЛЬНОВ, Nur Otan партиясы Қоғамдық саясат институты Әлеуметтік зерттеулер бөлімінің кеңесшісі:
Ұлт жоспары сәтті жүзеге асып жатыр
– Nur Otan партиясының «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасы мен «Бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» Ұлт жоспарын сәтті жүзеге асыру – Қазақстандағы тұрақтылық пен халық бірлігінің кепілі.
18 қазанда Елбасының төрағалығымен Үкімет мүшелерінің, Nur Otan партиясының және Парламент Мәжілісі фракциясының қатысуымен өткен отырыста ел тағдыры үшін шешуші маңызы бар осы екі құжатты ойдағыдай іске асыру бойынша үш жарым жылдық жұмыс қорытындысы шығарылды.
Партияның сайлауалды тұғырнамасының барлық бағыты ең өзекті мәселені шешуді қамтиды. «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру ұлттық экономиканы дамытудың және оны әлемдік жүйеге енгізудің негізгі қаңқасы болды. Көлік инфрақұрылымын, соның ішінде республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары желісін, теңіз порты инфрақұрылымын және әуежайларды кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Нұрлы жол» бағдарламасының ЕАЭО елдері жоспарымен үйлесуі және «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы Қазақстанды Еуропа мен Азия арасындағы тиімді трансқұрлықтық көпірге айналдырды. Оңтайлы теміржол желісі толығымен қалыптасты. Сонымен бірге Қытай мен Еуропа арасындағы контейнерлік транзит көлемі жыл сайын 2 есеге артып келеді.
Экономика салаларын цифрландыру шеңберінде ел үшін басты отын-энергетикалық және тау-кен металлургиялық кешендеріне жаңа технологиялар енгізіліп жатыр. Мұнда кәсіпорындарды технологиялық қайта жарақтандыру 4.0 Индустрия элементтерін қолдана отырып жүргізіледі.
Бағытталған экономикалық қайта құру барлық отандық МӨЗ-ді жаңғыртуды толығымен аяқтауға, жылына 500 мың тонна қуатпен полипропилен өндіретін зауыттың құрылысын және қуаты 1 млн 250 мың тонна полиэтилен өндіру жөніндегі жобаны іске асыру үшін дайындық жұмысын бастауға мүмкіндік берді. Жалпы, 2016 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін елдегі өнеркәсіп көлемі 15,7% -ға, өңдеу өнеркәсібі 16,3% -ға өсті.
Балама энергетика белсенді дамып жатыр. 2016 жылдан бастап ЖЭК қуаты 3,7 есе өсті және осы жылдың соңына қарай 87 объектіде 1 041 МВт, ал 2024 жылға қарай 3 мың МВт болады.
Халық саны 250 адамнан асатын 3 324 ауылдық елді мекен (79%) кеңжолақты интернетке қолы жетті. Қалған ауылдар мұндай интернетке 2020 жылы қосылады.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша қабылданған шаралар ішкі нарықтың азық-түлік тауарының негізгі түрлеріне сұранысын орта есеппен 80% -ға, ал кейбір позициялар бойынша 100% қанағаттандырды.
Партияның сайлауалды бағдарламасына сәйкес мемлекет барлық әлеуметтік міндеттемелерді толығымен орындайды. Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы әзірленеді. 2016-2018 жылдары 34 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Жыл соңына дейін тағы 13 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй бағдарламасы дайын болады. 2030 жылға қарай біз БҰҰ-ның тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі стандартына (30 ш. м.) қол жеткіземіз.
Барлық қабылданған шаралар өмір сүру ұзақтығының ұлғаюына әкелді. 2016 жылы өмір сүру ұзақтығы 72,4 жасты көрсетсе, 2018 жылдың қорытындысы бойынша – 73,1 жас, 2008 жылы 67,1 жасты көрсеткен. Өлім 10 жылда 27%-ға төмендеді.
2020 жылдан бастап республиканың барлық қала мектебінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мен жан басына шаққандағы қаржыландыруды толық ауқымды енгізу басталады.
Нәтижесінде, осы жылдың 9 айында ұлттық өсу қарқыны 4,3%-ды құрады. Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіндегі Қазақстанның позициясы 59-орыннан 55-орынға жылжыды. Ұлттық көрсеткіштер макроэкономикалық тұрақтылық (62-ден 60-қа дейін), инфрақұрылым (69-дан 67-ге дейін), бизнес динамикасы (37-ден 35-ке дейін) және еңбек нарығы (30-дан 25-ке дейін) бойынша өсті.
Қоғам мен мемлекеттегі түбегейлі өзгерістер бес институттық реформаны іске асыру бойынша 100 нақты қадамның арқасында жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда 58 қадам орындалды. 39-ы ұзақмерзімді сипатқа ие, 3 қадам «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр. Мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңі міндеттеріне жауап беретін 76 заң мен 500-ден астам құқықтық акті қабылданды.
Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасы мен Ұлт жоспарын сәтті жүзеге асыру – Қазақстанның бүгінгі және болашақтағы қарқынды әрі сапалы дамуының берік және тиімді негізі.
Ақбота МАМАЖАНОВА, Nur Otan партиясы Қоғамдық саясат институты Мониторинг бөлімінің сарапшысы:
Екі билік жоқ, екі сөйлеу жоқ
– Парламенттің тарихында партия фракциясының отырысына Тұңғыш Президент – Елбасының қатысуы бұрын-соңды болған емес. Бұл – бір жағынан, партия ықпалының арта түсуін білдірсе, екінші жағынан, партиялық тізім арқылы сайланған депутаттардың жауапкершілігі күшейгенін көрсетеді.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкімет мүшелерінің, Nur Otan партиясының және Парламент Мәжілісі фракцияларының қатысуымен өткен жиыннан соң, партияның сайлауалды бағдарламасы мемлекеттік маңызға ие стратегиялық құжаттарға негіз болуы керек екені айқын болды.
Ең бастысы, Нұрсұлтан Назарбаев қоғамда соңғы кезде желдей ескен саяси билікке қатысты алып-қашпа әңгімеге тоқтау салды: «Бүгінгі таңда біздің партияның алдына елдегі сайланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төңірегіне қоғамды біріктіру, элитаны тұтастыру міндеті тұр. Партия елдің жетекші саяси күші ретінде мемлекетіміздің дамуының стратегиялық бағытының сабақтастығын қамтамасыз етуге міндетті. Сондықтан Үкімет пен фракция адамдардың нақты мәселелерін бірге шешуі керек», – деді Елбасы.
Бұдан кейін партияның ықпал-беделі Парламенттегі фракцияның және жергілікті мәслихат депутаттары жұмысының тиімділігі бойынша бағалануы тиіс. Расында, қазіргі Мәжіліс депутаттары қоғамдық-саяси мәселелер бойынша пікір білдіруге, саяси пікірталас жасауға, қоғамдық пікірді ұйытуға құлықсыз. Ал қарапайым сайлаушылар халық қалаулыларының жұмысын олардың бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желідегі аккаунттары арқылы бақылайтыны, оларға жария ақпарат арқылы баға беретіні түсінікті.
Елбасы маңыз берген тағы бір мәселе – Парламенттің заң шығару функциясы, анығын айтқанда, депутаттардың заң жобаларын жасауға белсенді түрде атсалысуы, бастама көтеріп, жаңа заңдардың жазылуына мұрындық болуы. Парламент тарихында депутат бастамасымен қабылданған бірлі-жарым заң ғана бар, оның бірі – 1997 жылы Әкім Ысқақ ұсынған «Көші-қон саясаты туралы» заң. Одан басқа некен-саяқ мысалдар бар шығар, бірақ депутаттардың заң жобасын дайындау ісінде көбіне Үкімет ұсынған құжатты түзетуден, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізуден бас алмайтыны белгілі.
Фракция отырысының нәтижесі – партиялық тізіммен сайланған депутаттардың құзыреттік және қызметтік белсенділігінің артуы болса, құба-құп. Себебі 900 мыңға жуық мүшесі бар партияның 83 өкілі ең басты заң шығарушы органда отыр. Қоғамның түрлі топтарының мүддесін қорғауды көздеген партия Парламентке ең білікті, білімді өкілдерін жіберуі тиіс. Егер қазіргі депутаттар айтылған сыннан сабақ алмаса, алдағы Парламент сайлауынан соң партиялық тізім толықтай жаңаруы ғажап емес. Есесіне, бұл күшті Парламент құруға бастайтын даңғыл жол.
Тұрақты өсуге бет алған мемлекетте екі билікке жол жоқ. Саяси ықпалын өсіруге бет алған партия үшін екі сөйлеу жоқ.