Қарағандыда студенттердің шағымдарын жедел қарастыру мақсатында, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қарсы әрекет ету үшін жоғары оқу орындарында және жатақханаларда «Сенім жәшігі – Ящик доверия» қораптары орнатылды.
Мұндай қораптар облыстағы барлық оқу орны мен жатақханаларға қойылды.
Іс-шараға Nur Otan партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының орынбасары Назарбек Бекбатыров, Jas Otan ЖҚ Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Ержан Хамитов, Saryarqa adaldyq alany аймақтық жобалық кеңсесінің жетекшісі Малика Кусенбаева және студенттер қатысты.
Ағымдағы жылдың 21 тамызында Тұңғыш Президент – Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Н.Назарбаев Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында ЖОО сыбайлас жемқорлықты жою бойынша тапсырма берген болатын.
Қазіргі уақытта ЖОО-да сыбайлас жемқорлықтың кең таралуы өзекті мәселе. Әлеуметтік зерттеу жүргізу ол сыбайлас жемқорлық көріністері мен оған қарсы жұмыстарды талдаудың кең таралған бағыттарының бірі.
Jas Otan Жастар қанаты мемлекеттік қызмет істері бойынша агенттікпен, Adaldyk alany аймақтық жобалық кеңсесімен бірлесе отырып «Таза сессия» акциясы аясында облыстағы барлық жоғары оқу орнында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында студенттер арасында сауалнама жүргізіп, жатақханалардың жағдайына мониторинг жүргізді.
Ләззат ҚОЖАХМЕТ,
Қарағанды облысы