Елбасы тапсырмасымен биыл «Қызылорда облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспары» қабылданды. Өңір экономикасы үшін маңызды құжат негізінде аймақта ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Бүгінде Қызылорда облысы инвестиция тарту, құрылыс жұмыстарының көлемі және тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізе отырып, Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан бес өңірінің қатарына кірді.
Осы құжат Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен әзірленіп, 6 маусымда Үкімет қаулысымен бекітілді. Кешенді жоспар бойынша 119 іс-шараның жүзеге асырылуы өңір үшін маңызды. Себебі бұл жоспарды іске асыру нәтижесінде, жалпыөңірлік өнімнің көлемін 2 триллион теңгеге жеткізіп, 10 мың жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
Осының аясында 2020 жылдан бастап «Оңтүстік – Торғай», «Сырдария», «Шу – Сарысу» ойпаттарында жаңа кен орындарын іздеу жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ «Қызылорда қаласының жылу-электр орталығын кеңейту және қайта жаңарту» жобасы іске аспақ. Мұнан бөлек Солтүстік Аралдағы «Көксу» бөгетін сақтау және Сырдария өзенінің сағасын қалпына келтіру, «Қызылорда» су торабын кешенді жөндеу жобасы, Күміскеткен мен Қараөзек су қоймаларының құрылысы қарастырылған.
Сонымен қатар облыс әкімдігі мен «KZAT» корей компаниясы арасында «Қызылорда облысында емдік қасиеті бар қызанақ егу» бойынша құны 100 млн АҚШ долларын құрайтын меморандумға қол қойылған. Оған қоса, биылғы жылдың мамыр айында облыстық делегация Қытай Халық Республикасының Бейжің, Шанхай, Циндао, Чжэн-Чжоу, Нанкин қалаларында іссапармен болды. Форум барысында делегация мүшелері Циндао қаласы мэрінің орынбасары Ян Цзин Зюнмен және «Қытай – ШЫҰ» аймақтық сауда экономикалық ынтымақтастығы пилоттық зонасы» басшылығымен, Чжэн-Чжоу қаласының вице-мэрі Ван Чжен Фэнмен жолығып, Қытай халықаралық сауда министрлігімен, Хайнян комитетінің басшылығымен, Цзян Су провинциясы /Нанкин қаласы/ губернаторының орынбасары То Юань Цяньмен және аймақтың бизнес өкілдерімен кездесіп, облыстың инвестицияға қажетті жобалары таныстырылған. Соның нәтижесінде, қытайлық тарап аймақта шығарылатын әктас өніміне, ауылшаруашылық өніміне, соя өсіруге қызығушылық танытқан.
Оның үстіне өңірде 2025 жылға дейін республикада қарапайым заттар импортын 37 пайызға азайтуды көздейтін «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарламаны нәтижелі жүзеге асыру мақсатында, тіпті, Үкімет қаулысы қабылданып, өнеркәсіп өнімін шығаратын кәсіпорындарға жеңілдеткен шартпен 600 млрд теңге бөлініп, қаржыландыру басталды. Жалпы құны 8,6 млрд теңге құрайтын 82 жобамен тиісті жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде 1,8 млрд теңгені құрайтын 13 жоба мақұлданды. Ал 2,9 млрд теңгені құрайтын 24 жобаның өтінімі – банктер қарауында.
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық көрсеткіші бойынша өнеркәсіп көлемін қоспағанда, оң динамика қалыптасуда. Бұл туралы облыс әкімі Қ.Ысқақов мәлімдеген. Өнеркәсіпті өңдеу саласында 8 айда 82 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Көрсеткішке химия саласындағы өнім көлемінің 3,5 пайызға, металлургия өнеркәсібі көлемінің 13,5 пайызға, мұнай өнімдерін өңдеу көлемінің 12,9 пайызға төмендеуіне әсер етті. Дегенмен өңдеу өнеркәсібінің бірқатар салаларында өсім байқалуда. Биылғы жылдың 8 айында 3,8 млн тонна мұнай өндіріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 11,5 пайызға кеміді. Кемшіліктің орнын толтыруда экономиканы әртараптандыру бағытымен индустрияландыру бағдарламасын жалғастыруда.
Өңірде өңдеу өнеркәсібі саласында құны 289 млн теңгені құрайтын 5 кәсіпорын іске қосылып, 53 жұмыс орны ашылды. Экономикаға тартылған инвестиция екі есе, құрылыс екі жарым есе, тұрғын үйді пайдалануға беру 21,6 пайызға, ауыл шаруашылығын 2,3 пайызға арттырды. Сегіз айдың қорытындысында өңірге тартылған жалпы инвестиция көлемі 233,4 млрд теңгені құрады.
Президент Жолдауында «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру үшін өңірге республикалық бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржыға Жосалы, Жалағаш кенттерінде 21 жобаны іске асыру ұйғарылды. Келер жылы жоба аясында 4 елді мекенде 7,6 млрд теңгеге 57 жобаны жүзеге асыру көзделуде. Сондай-ақ келер жылдан бастап елді мекендерді дамытуға көп қаржы тарту көзделіп отыр. Сонымен қоса 2020 жылдан бастап шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы 3,4 млрд теңге көлемінде жергілікті бюджетке беру жоспарланған және өңірді дамытуға және халықтың мұқтаждығына көбірек қаржы бөлінуі мүмкін. Себебі шағын кәсіпті дамыту арқылы түскен салық төлемінің көрсеткіші қала, аудан әкімдерінің жұмысын бағалауға тікелей әсерін тигізбек.
Жолдауда көрсетілген өзекті мәселе – тұрғын үй. Бұл мақсатта облыста қарқынды жұмыстар атқарылуда. «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы аясында 1 997 пәтерді құрайтын 46 үй салынды. Облыста барлығы 720,8 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Республикалық бюджеттен көпбалалы, аз қамтылған отбасылар үшін сатып алу құқысыз жалға беретін тұрғын үй құрылысына жаңа дайын пәтерді сатып алуға қосымша 3,6 млрд теңге қаржы бөлінген. Жыл соңында 431 көпбалалы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз ететін болады.
Миуа БАЙНАЗАРОВА,
Қызылорда облысы