Кәсіпкердің көмегі
Кәсіпкердің көмегі
260
оқылды

Жыл басынан бері Алматы облысында «Бақытты отбасы» жо­басы аясында 136 отбасы баспаналы болды. Осы айдың басында Талдықорған қаласында өткен «Қала күні» мерекесіне орай, Nur Otan партиясы облыстық филиалының төрағасы, өңір басшысы Амандық Баталов 100 көпбалалы отбасына коттедж кілтін тапсырған еді. Енді, міне, осындай қуанышты қоныстойды Еңбек­шіқазақ ауданы Шелек ауылында тұратын Манапбаевтар тойлауда. Көпбалалы отбасына қолдау көрсетіп, баспана алуына кө­мек қолын созған азамат – жеке кәсіпкер, Алматы облыстық мәс­лихатының депутаты, Nur Otan партиясы фракция мүшесі Жанкелді Осан.

«Бақытты отбасы» ұлттық жо­басының жүзеге асуына өзінің аза­маттық үлесін қосуды ойға ал­ған Жанкелді Көшімбайұлы өз қаражатына Шелек ауылынан са­тып алынған алты бөлмелі тұр­ғын үйді ерекше күтімге мұқтаж, үш ба­ла өсіріп отырған ана Алма­гүл Манапбаеваға тарту етті. Бас­пананың ішін заман талабына сай әрлеп, сырлап, қажетті жиһаз­дар­мен толтырды. Жалпы құны 6 миллион теңге болған баспана еш­қандай қосымша шығынды қажет ет­пейді. Тұрмыстық қолайлықтар тү­гелімен қарастырылған. Қо­ныс­тойға құтты болсын айту үшін Талдықорғаннан арнайы ат арытып барған облыстық пар­тия филиалы төрағасының орын­басары Гүлнар Тойлыбаева «Жо­март Көшімбайұлы – ауданда ғана емес, облыста да азаматтық бел­сенділігімен көзге түсіп жүр­ген депутаттардың бірі. Өткен жылы «Жомарт жүрек» аталымы бойынша арнайы марапатқа ие болып, көпшіліктің көңілінен шық­қан мейірімді адамдардың бірі ретінде танылып үлгерген еді. Партиялық жобалардың же­­місті жүзеге асырылуына белсене ат­салысып, өз күшімен аудан­да ІТ сыныптың ашылуына мұ­рын­дық болды. Осындай игі іс­терімен танылып жүрген бел­сен­ді мүшелеріміздің еңбегі ха­лық арасында партия беделін бе­кемдейтіні анық. Қуаныш иелері мен барша аналар қауымының аты­нан қайырымды жанға мың алғыс білдіреміз» деді.

Nur Otan партиясының ке­зек­ті ХVІІІ съезіне делегат бо­лып қатысқан Жанкелді Кө­шім­байұлының айтуынша, Қа­зақстандағы бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігі оның өз туған жерінің түлеуіне үлес қосуымен, ауданның, қаланың, мемлекеттің дамуына және қоғамдық өмірге ат­салысуымен айқындалады.

 

Болат АБАҒАН,
Алматы облысы