Жыл басынан бері Алматы облысында «Бақытты отбасы» жобасы аясында 136 отбасы баспаналы болды. Осы айдың басында Талдықорған қаласында өткен «Қала күні» мерекесіне орай, Nur Otan партиясы облыстық филиалының төрағасы, өңір басшысы Амандық Баталов 100 көпбалалы отбасына коттедж кілтін тапсырған еді. Енді, міне, осындай қуанышты қоныстойды Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылында тұратын Манапбаевтар тойлауда. Көпбалалы отбасына қолдау көрсетіп, баспана алуына көмек қолын созған азамат – жеке кәсіпкер, Алматы облыстық мәслихатының депутаты, Nur Otan партиясы фракция мүшесі Жанкелді Осан.
«Бақытты отбасы» ұлттық жобасының жүзеге асуына өзінің азаматтық үлесін қосуды ойға алған Жанкелді Көшімбайұлы өз қаражатына Шелек ауылынан сатып алынған алты бөлмелі тұрғын үйді ерекше күтімге мұқтаж, үш бала өсіріп отырған ана Алмагүл Манапбаеваға тарту етті. Баспананың ішін заман талабына сай әрлеп, сырлап, қажетті жиһаздармен толтырды. Жалпы құны 6 миллион теңге болған баспана ешқандай қосымша шығынды қажет етпейді. Тұрмыстық қолайлықтар түгелімен қарастырылған. Қоныстойға құтты болсын айту үшін Талдықорғаннан арнайы ат арытып барған облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары Гүлнар Тойлыбаева «Жомарт Көшімбайұлы – ауданда ғана емес, облыста да азаматтық белсенділігімен көзге түсіп жүрген депутаттардың бірі. Өткен жылы «Жомарт жүрек» аталымы бойынша арнайы марапатқа ие болып, көпшіліктің көңілінен шыққан мейірімді адамдардың бірі ретінде танылып үлгерген еді. Партиялық жобалардың жемісті жүзеге асырылуына белсене атсалысып, өз күшімен ауданда ІТ сыныптың ашылуына мұрындық болды. Осындай игі істерімен танылып жүрген белсенді мүшелеріміздің еңбегі халық арасында партия беделін бекемдейтіні анық. Қуаныш иелері мен барша аналар қауымының атынан қайырымды жанға мың алғыс білдіреміз» деді.
Nur Otan партиясының кезекті ХVІІІ съезіне делегат болып қатысқан Жанкелді Көшімбайұлының айтуынша, Қазақстандағы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі оның өз туған жерінің түлеуіне үлес қосуымен, ауданның, қаланың, мемлекеттің дамуына және қоғамдық өмірге атсалысуымен айқындалады.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы