Тегі – импорт, тірегі – автонесие
Тегі – импорт,  тірегі – автонесие
250
оқылды

Қазақстандықтардың арзан несиеге «темір тұлпар» сатып алуына тағы мүмкіндік берілмек.

Ұлттық банк бағдарламасына сәйкес, елде құрастырылған көлікті сатып алушыларды несиелендіру үшін кезекті рет мол қаражат бөлінді. Қазақстанның даму банкі жеңіл­дікпен автонесиелендіруді жүзеге асыру үшін банктерге 20 мил­лиард теңге бағыттауда. 

Қаржылық реттеушінің бұл бағдар­ламасы биылғы мамырда қабылданды және Үкіметтің тиісті бағдарламасына ұқсас. Екеуінің шарттары да бірдей: жыл­дық сыйақы мөлшерлемесі 4%-дан аспайды, 7 жылға дейінгі мерзімге бе­ріледі. Бағдарламаның егжей-тегжейіне сәл кейінірек тоқталамыз.

Азаматтарға отандық көліктерді же­ңілдетілген несиемен алуға жол ашқан бағдарлама республикамызда алғаш рет 2015 жылы Елбасының «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты аясында қолға алынған болатын. Дәл сол кезде рубльдің долларға шаққандағы баға­мы­ның құнсыздануы нәтижесінде, Ресейде машина атаулы арзандап кетті де, азын-аулақ ақшасы бар қазақстандықтар солтүстік көршінің нарығына лап қойды.

Сонда іске қосылған жеңілдетілген автокредиттеу және ізінше теңгенің екі еседей құлдырауы белгілі бір шамада тұтынушылардың «Қазақстанда жасал­ған» таңбалы «темір тұлпарларға» қызы­ғушылығын қайта жандандыруға ықпал етті. Соның арқасында еліміздегі ав­то­құрастырушы зауыттар қоймаларында толып қалған дайын көліктерін сатты және өндіріс көлемін сақтап қалды. Ең бастысы, оларда ұжымдарды жаппай қысқарту болған жоқ, жұмыскерлері қайтадан жұмыспен қамтылды.

Кейін мұндай автокредиттеу шара­ларын Үкімет төрт рет қайталады. Әр кез сайын банктер де, көлік құрастыру кә­сіпорындары да бөлінген миллиардтарды толығымен игеріп отырды.

Бүгінде теңгенің ары қарай құнсыз­дануына байланысты, Қазақстан тұр­ғындарының Еуразиялық одаққа мүше елдердің, әсіресе, Ресейдің нарығына ықылас-ынтасы ауа бастады. Өйткені жылдар бойы жүзеге асырылған қуатты импорт алмастыру саясатының жемі­сіндей, солтүстік көршінің экономикасы долларға және шетелдік жеткізілімдерге көп тәуелді емес. Бұл оның автомобиль жасау саласына да игі әсер етеді. Нәти­жесінде, қазақстандықтар жап-жақсы әрі жаңа хетчбэкті Ресейде 1 миллион рубльге сатып алуда. Бұл шамамен 6 миллион теңгеге тең.

Осыншама қаржыға елімізде жасал­ған седан ғана алуға болады. Мысалға, Өскеменде орналасқан «Азия Авто» за­уы­тының өнімі – Kia Cerato New седа­нының бағасы 9,5 миллион теңгеге дейін барады.

Бұған бір себеп – отандық машина жасау саласының импортқа тәуелділігі. «Атамекен» ұлттық палатасының мәлі­ме­тінше, автомобиль жасау – 1,8 мил­лиард доллардың, мұнай-газ машина жасау – 1,3 миллиард доллардың, тау-кен металлургиялық машина жасау сек­торы – 1,04 миллиард доллардың құ­рауыштары мен құрал-жабдықтарын шетелден тасиды.

Соның ішінен қазақстандық кә­сіпорындар тек 100 миллиард теңгеге (шамамен 256 миллион долларға) дейінгі көлемде ғана жаңа өнімдер өндірісін жолға қоюға дайын.

Бұл жерде жалғыз автоқұрастыру зауыттарына кінә таға беруге болмайды. Олар шикізатқа да мұқтаж. Себебі 90-жылдардағы тоқырау және қайталап соққан дағдарыстар кесірінен құйма өндірісі (литье), ұсталық өндіріс (куз­нечное производство), ыстық қалыптау (горячая штамповка) және өзгесі дамудан біраз кенжелеп қалды.

Бұл ретте шағын металлургиялық зауыт тұрғызу құны 100-150 млн доллар тұрады. Ал металл құю зауытының құры­лысы кем дегенде 30-35 млн еуроны қажет етеді.

Қазіргі кезде машина жасаушы­лар­дың металға зәрулігінің жыл сайынғы ауқымы 2 миллион тоннаны құрайды. Со­­ның ішінде құйма тапшылығы – 200 мың тонна. Отандық көлік құрастыру­шы­лар метал мен дайын құйма бұйым­да­рын Ресей мен Қытайдан тасуға мәжбүр.

Сондықтан Үкімет өндірістік база­ны нығайтуға баса мән бермек. Биылғы 26 маусымда Премьер Асқар Мамин Қа­зақстанның машина жасау саласын дамыту жөніндегі бесжылдық Жол кар­тасын бекітті. Онда бұл сектордың өр­кен­деуіне септігін тигізетін құйма, ұста­лық және басқа да базалық өндірістерді дамытуға көңіл бөлінбек.

Жол картасындағы шаралар отандық машина жасаудағы өндіріс көлемі мен еңбек өнімділігін кем дегенде 2 есеге, сон­дай-ақ экспортының 1,2 есеге ар­туына түрткі болады деп белгіленген.

Өнімдерін тым қымбат бұлдауынан қазақстандық сатып алушылар үшін сүйкімі кете бастаған отандық көлік құ­растырушы зауыттар біраз уақыттан бері бюджет есебінен күн көруге бейімделді. Олардың лоббистері тіпті мемлекеттік органдарға шетелде шығарылған авто­мо­бильдерді сатып алуға тыйым салы­нуына қол жеткізді. Екі жылдық мора­торий биылғы шілдеде Үкімет қаулысы­мен бекітілді.

Осыған орай, жақында журналистер Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Аманияз Ержановтан неміс автоөнеркәсібінің туындыларын құлай сүйетін министрлер бұдан былай отандық өндірушілерден қандай маркалы жеңіл көліктер сатып алатынын сұрады.

«Еуразиялық одақ аумағында «ұлт­тық режимнен алып тастау» деген ұғым енгізілген. Осы жылдар бойы біздің биз­нес бұл тәжірибеге жүгінбеді және тиісті жеңілдіктерді қолданбады. Биыл үш қауымдастық осы ережелерді енгізу бас­та­масын көтеріп, Үкіметке шықты. Со­ған байланысты, машина жасау өнімі бо­йынша мемлекеттік сатып алу кезінде тек қана отандық өнім сатып алынатын болады, шетелдікіне тыйым салына­ды», – деген вице-министр Қазақстанда Ravon, KIA, SsangYong секілді автокө­лік­тер құрастырылатынын айтты. Ал екі жыл­дық тыйым аясында мемлекеттік қыз­метшілер үшін осы модельдер таңдалмақ.

Ол Mercedes-тер 10-15 жыл бұрын са­тып алынғанын және ескіріп те қалға­нын қосты.

БАҚ өкілдері елімізде жасалған кө­лік­тердің бағасы қымбат екенін еске сала келе, оның құнының қашан халыққа қолжетімді болатынына қатысты сауал қойды. Министрлік өкілі отандық өндірістегі жеңіл көліктер бағасы алдағы 2 жылда төмендемейтінін мәлімдеді. Аманияз Ержановтың байламынша, автомобиль құрамындағы жергілікті мазмұн үлесі 50%-дан асса ғана бағасы елеулі түрде арзандауы мүмкін. Қазір бұл көрсеткіш орташа есеппен небәрі 32%-ға барабар.

Бірақ мемлекеттік сатып алуды ен жайлаудың өзі қазақстандық автозауыт­тарға аздық етпек. Себебі, бюджеттің шектеулі болуынан меморгандар жаңа көліктер алудан аяқ тарта бастады.

Мысалға, 2018 жыл қорытындысында шенеуніктер 3 315 жаңа «темір тұлпар» иеленуге 20,68 миллиард теңге жұмсаған. Еш мораторийсіз-ақ мемлекеттік меке­мелер соның 97 пайызын немесе 3 216 бір­лігін қазақстандық өндірушілерден сатып алыпты. Бірақ бұл 2017 жылғы көр­сеткіштен бірден 27 пайызға кем: ал­дыңғы жылы шенділер қызметтік кө­лік­ті былтырғыдан 1 232-ге көп алған-тын.

«ҚазАвтоөнеркәсіп» салалық ода­ғының мәліметінше, мемлекеттік орган­дар мен ұлттық компаниялардың таң­дауы көбіне LADA 4x4 (642 бірлігін са­тып алған, бұл жалпы санның 19,4 па­йызы), LADA Vesta (208 бірлік), Skoda Octavia (186), Chevrolet Niva (155), Skoda Superb (152), JAC S5 (140 ), KIA Cerato (138), KIA Sorento (132), УАЗ 396295 (110) және УАЗ 390995 (109) маркаларына түседі.

Бұларды мінуді мін санаған биік ла­уа­зымды тұлғалар екі тәсілдің біріне жү­гі­неді: не бұрынғы лексус, лэнд кру­зерлерін ары қарай айдай береді немесе қымбат көліктерді белгілі бір ақыға уақытша пайдалануға беретін компа­ниямен келісімге отырып, жалға алады.

Қазақстанда бүгінде жеңіл көлік­тер­дің қалалық седаннан бастап жол тал­ғамайтын түріне дейін қамтитын 60-тан астам моделі шығарылады. Арасында өзіміздің ғалымдар мен конструкторлар ойлап тапқан таза отандық марка жоқ, барлығы – Ресей, Корея, Жапония және басқа да елдердің брендтері.

«Қазавтоөнеркәсіп» салалық ода­ғының басшысы Олег Алферовтің айтуынша, қазақстандық автоөнеркәсіп мемлекеттік сатып алулар арқылы өзі өндірген өнімнің 11 пайыздан азын ғана өткізе алады.

Олар үшін Ресей нарығы жабық деуге де болады: РФ өкіметінің үлкен «ути­ли­зациялық алым» жинауы кесірінен қа­зақстандық автокөлік ресейлік тұтыну­шыларды қызықтырмайды.   

Ендеше жергілікті автозауытта­ры­мызға айналып келіп, бәрібір ішкі на­рыққа, автомобиль құмартқан қазақ­стандықтарға ден қоюға тура келеді. Сонымен бірге автобизнес табысы ке­мі­меуі үшін көлік бағасын да арзандатқысы келмейді. Бір қарағанда, «олай тартсаң өгіз өледі, бұлай тартсаң арба сына­дының» кебі. Сондықтан дағдарған бұл бизнеске тағы да билік көмекке келуде.

Банктер арқылы автонесиелендіру үшін Қазақстанның даму банкі (ҚДБ) Ұлттық банктің еншілес ұйымы «Қа­зақ­станның орнықтылық қоры» акцио­нерлік қоғамынан 20 миллиард теңгені 2023 жылға дейін жылдық 0,15%-дық сыйақы мөлшерлемесімен қарызға алды.

Бұл қаражаттың 14,5 миллиардын ҚДБ бағдарламаға қатысушы үш ком­мерциялық банкке таратып та үлгерген екен. Ресейдің «Сбербанкінің» қазақ­стан­дық бөлімшесіне 7,5 миллиард, «Ха­лық банкіне» 4 миллиард, ал РФ-ның тағы бір банкі – «ВТБ» еншісіне 3 мил­лиард тиген. Қалған сома банктерге жыл соңына дейін түседі.

Осынша қаржыны комбанктер Қа­зақстан азаматтарына отандық авто­кө­ліктерді сатып алу үшін несие түрінде ұсы­нуға тиіс. Автокредит шарттары ке­ле­сідей: несиенің жылдық мөлшерлеме­сі – 4%; несиелендіру мерзімі – 7 жылға дейін; қарыз теңгеде беріледі; жеңіл кө­лік бағасы 15 миллион теңгеден ас­пауы тиіс.

Қазақстандық автобизнес қауым­дастығының мәліметінше, 20 миллиард теңге азаматтарға 2,8 мыңнан астам көлік сатып алуға мүмкіндік береді.

ҚДБ басқарушы директоры Дастан Ахметовтің мәліметінше, автонесие­­лендіру бағдарламасы қолға алынған 2015 жылдан бері 16 мыңға жуық қазақ­стандық 71,7 млрд теңгеге қарыз алыпты. Ол қа­ражат Ұлттық қордан берілген. Осы тетік арқылы қолдау қоры­тын­ды­сында жер­гілікті автоөнеркәсіп өндіріс қарқынын екі еселей алды: 2019 жыл басынан бері 30 мыңдай автомобиль құрастырған.

– Болашақта жеңілдікті автокре­диттеу аясында тағы 4 траншпен қаражат бөлінеді деп күтілуде. Олар алдағы төрт жылда банктерде орналастырылады, – деді Д.Ахметов.

Демек, мемлекет қолдауы арқасында ХХІ ғасырдың ширегіне дейін отандық автоөндірушілердің де, банктердің де мұр­тын балта шаппайды. Сарапшылар тұ­жырымдауынша, автонесиелендіруден тек мемлекет пен қарапайым қазақ­стан­дық­тар зардап шегуі мүмкін. Егер дағ­да­рыс қы­сып, қарыз алғандар жаппай оны­сын қай­таруға қабілетсіз болып қалса, бір жа­ғынан мемлекеттің мил­лиардтары жоға­ла­ды, басқа жағынан, борышқа батып, көлігінен айырылған азамат сорлайды. Оған жол бермеудің амалына әзір ешкім бас қатырып жатқан жоқ. Алдымен қиын­дықты қолдан жа­сап, кейін оны ерен ең­бекпен, тең­дессіз ерлікпен еңсеру – билік пен қоғамы­мызды жайлаған жаман әдет.