Елбасы Цукуба университетінің құрметті докторы атанды деп хабарлайды "Қазақпарат".
Цукуба университеті Жапониядағы педагогтарды тәрбиелейтін алғашқы жоғары оқу орны ретінде 1872 жылы Токиода құрылған болатын. 1973 жылы университет Цукуба қаласына ауыстырылып, ірі көпбейінді білім ордасы ретінде қайта құрылды. Қазіргі уақытта Цукуба университеті Жапонияның жетекші жоғары оқу орындарының ондығына кіреді әрі елдің ең кешенді зерттеу университеті саналады. 30-ға жуық алдыңғы қатарлы зертханасы мен ғылыми-зерттеу мекемесі бар. Университет әлемнің 61 елінің 320 университімен және институтымен академиялық серіктестік қатынасты жолға қойған. Олардың қатарында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Абай атындағы Қазақ ҰПУ Педагогика және психология институты бар. Цукуба университетінде жапон Үкіметінің қаржыландыруымен «Sustainable Development Goals in Central Asia» атты жаңа магистрлік бағдарлама ашылған. Орталық Азия елдеріндегі адами ресурстарды дамытуға жәрдемдесуге бағытталған бағдарлама аясында Қазақстанның жоғары оқу орындарының оқытушылары мен магистранттарының тағлымдамадан өтуі көзделген. Қазіргі уақытта Цукуба университетінде елімізден 6 магистрант пен 4 докторант білім алып жатыр. Жалпы, осы уақытқа дейін 105 қазақстандық студент гуманитарлық мамандықтарда білім алды.
Атап өтерлігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жапония Премьер-Министрі Синдзо Абэның арнайы шақыруымен жапон императоры Нарухитоның таққа отыруына арналған ресми шараға қатысу үшін Токиоға келген еді.