МӘМС: Көп сауал шешімін табады
МӘМС: Көп сауал шешімін табады
5,248
оқылды

Медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалымен келісімшартқа отырған медициналық қызмет жеткізушілердің бірі – Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің №6 қалалық емханасы. Біз осы емхананың емдеу-профилактикалық жұмысы бойынша қызметінің басшысы Есжан Қанапияұлы Қалиевке міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты тұрғындар тарапынан жиі қойылатын сауалдарды қойған едік.

- Есжан Қанапияұлы, өзіңізге белгілі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздің денсаулық сақтау саласына медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Сіздердің емханаларыңыз бұл өзгеріске дайын ба?
- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі – маңызды реформа, дұрыс бағыт. Біздің емханамыз бұл жүйеге толығымен дайын. Бүгінгі таңда барлық қызметкерлер бұл реформадан хабардар.
- 2020 жылдың 1 қаңтарынан емханаға келген пациенттер өздерінің санаттарын, мәртебелерін қалай біледі?
- Қазіргі уақытта емхана қызметкерлері, дәрігерлер мен мейірбикелер, әсіресе учаскелік дәрігерлер өз учаскесіне тіркелген, қабылдауына келген пациенттерге медициналық сақтандыру жүйесінің ерекшеліктері, медициналық сақтандыру пакеті, азаматтардың санаты, мәртебесі туралы, т.б. толық ақпарат беріп отырады. 
- Жұмыс берушілер тарапынан жарна аударылып жатқан жұмыскерлерден, мемлекет қамқорлығындағы 15 санаттан бөлек, бізде тіркеуге, есепке алынбаған тұлғалар да бар. Алдағы жылы МӘМС жүйесі іске қосылғанда жарна аудармаған бұл азаматтар тегін медициналық кепілдендірілген көмектен тыс медициналық сақтандыру пакеті бойынша медициналық қызмет қажет болғанда қайтпек? Әлде оларға белгілі бір аралыққа уақыт беріле ме?
- Мұндай санаттағы азаматтарға 2020 жылдың сәуір айына дейін уақыт беріледі. Яғни, 2020 жылдың 1 қаңтарынан МӘМС жүйесі іске қосылған кезде, сауір айына дейін медициналық сақтандыру пакеті бойынша да көмек алады, бірақ осы аралықта ол жарна аударуы тиіс.  Ал тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемінде алғашқы медициналық көмек, жедел жәрдем, шұғыл жағдайдағы медициналық көмек сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамастан, кез келген науқасқа көрсетіледі. Ескеретін жайт, науқас емханаға міндетті түрде тіркелуі керек. Себебі, қазір медициналық ақпараттық жүйе жасақталған. Ол жүйеде әр пациенттің аты-жөні, сырқат тарихы, диагнозы, қандай тексерулерден өткені туралы деректер электронды денсаулық құжатында жинақталады.
- Яғни, медициналық қызметкер пациенттің мәртебесін, санатын анықтап уақыт кетірмейді, онық бәрі дерекқорда болады, жеке сәйкестендіру номерін (ИИН) енгізсе жеткілікті дейсіз ғой?
- Әрине. 
- Жалпы, медициналық сақтандыру жүйесі туралы өз пікіріңіз қандай?
- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі – денсаулық сақтау саласын алға дамытатын реформа. Дамыған елдердің көпшілігі әлдеқашан медициналық сақтандыру жүйесі бойынша жұмыс істейді. Мысалы, Оңтүстік Кореяны алайық. Медицина саласы жақсы дамыған. Сақтандыру жүйесінде бірте-бірте бәсекелестік артады. Бәсекелестік болған жерде медициналық қызметтің сапасы да артады. Медициналық сақтандыру жүйесін енгізудегі ең басты мақсат та, бағыт та осы – медициналық қызметтің сапасын жақсарту, науқастарға қолжетімді және жоғары дәрежеде медициналық көмек беру. 
- «Медициналық сақтандыру жүйесі енгізілсе шешімін табар еді» дегенде қандай диагностикалау-емдеу тәсілдерін, кезек күткен ем-шараларды атар едіңіз? Қандай артықшылық, тиімділік күтесіз?
- Менің ойымша, медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін, пациенттің денсаулық көрсеткіштеріне қарай жіберілетін, қымбат тұратын компьютерлік томография, магнитті-резонансты томография секілді тексерулер,  ультрадыбыстық зерттеулер мүмкіндігінше қолжетімді болады. 
- Есжан Қанапияұлы, алғаш хабарласқанымызда Сіздің ота  (операция) жасап жатқаныңызды жеткізді. Түсінуімше, қазір емхана жағдайында да кішігірім оталар жасалады, солай ғой? 
- Иә, солай. Науқастар стационарға жату үшін кезек күтеді. Біріншіден, осы кезекті азайту үшін, екіншіден, науқастарға жылдам, уақытылы көмек көрсету үшін, емханаларда амбулаториялық хирургиялық орталықтар ашылды. Бүгінде ауыз-мұрын қуысы (ЛОР), тері ісігі, шап жарығы, т.б. секілді бірқатар диагноздар бойынша лапороскопиялық, эндоскопиялық  оталар осы орталықта жасалады. Бұл – ауқымды жұмыс, үлкен еңбек, медициналық сақтандыру жүйесінің алғышарттарының бірі. 
- Тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізген кезде «2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС жүйесі енгізілгеннен кейін кезек болмай ма?, «Дәрігерлерге жазылу көп күттірмей ме?» деген сауалдар жиі қойылады. Бұл сауалдарға Сіз қалай жауап берер едіңіз?
- Кез келген бастама, жаңа реформа кедергісіз болмайды. Қазіргі күні тұрғындарға медициналық сақтандыру жүйесі бойынша түсіндіру  жұмыстары жүргізіліп жатқанына қарамастан, пациенттер тарапынан түсініспеушіліктер де, қиыншылықтар да болуы да мүмкін. Оған біз дайынбыз. Бәрі бірте-бірте жолға қойылады.
- Тұрғындар тарапынан не істелуі керек?
- Әр адам денсаулығына, ең алдымен, өзі жауапты. Сондықтан, жұртшылық медициналық сақтандыру жүйесінің қажеттілігін түсініп, бірге атсалысуы керек. 
- Алдағы жылдан не күтесіз?
- Еліміз, қай салада болмасын, дамуы үшін бір орында тұрмауы керек, алға жылжуы керек. Медициналық сақтандыру жүйесі – осы бағыттағы маңызды қадам. Қазірдің өзінде біршама құрал-жабдықтар жаңартылып, толығуда. Мамандарымыз да медициналық  қызмет көрсетудің заманауи соңғы тәсілдерін игеруде. «Жұмыла көтерген жүк – жеңіл» дейді қазақ, МӘМС өз жүйесін тауып, еліміздің медицина саласы жетекші орындардан көрінетініне сенемін.

Сұхбатты жүргізген
Жанаргүл ҮМБЕТОВА,
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының 
Ақпараттандыру бөлімінің бас сарапшысы.