Үкімет басшысы Қостанайдың Индустриялық аймағына барып, «Кировец» қуаттылығы жоғары тракторын шығаратын зауыттың салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Кәсіпорынның жобалық қуаттылығы – 2025 жылға қарай бөлшектерін өңірде өндіруді 50%-ға дейін арттырған жағдайда жылына 700 бірлік техникаға дейін жетеді. Үш кезеңде іске асырылатын жобаға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 7,3 млрд теңгені құрайды, өндірісте 500-ге жуық жаңа жұмыс орнын және іргелес салаларда 700 жұмыс орнын құру көзделген.
– Қазақстан алдына ауыл шаруашылығы техникалары мен оның құрауыштарының жоғары технологиялық өндірістерін құру міндетін қояды. Бүгін біз аты аңызға айналған «Кировец» тракторының өндірісін іске қосамыз. Жаңа зауыт Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласын елімізде құрастырылған «Кировец» сапалы әрі сенімді техникасымен қамтамасыз етеді, – деді А. Мамин.
Үкімет басшысы Қазақстанның ауыл шаруашылығы техникасының нарығын кеңейтуге, оны одан әрі экспорттауға, жергіліктендіру процестерін тереңдетуге және сервис деңгейін арттыруға мүдделі екенін атап өтті.
Үкімет басшысы Қазақстанда алғаш рет шығарылған «Кировец» тракторын өзі сынақтан өткізді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, елімізде тракторларға деген жыл сайынғы қажеттілік шамамен 1600 дананы құрайды.