СҚО-да Кеңес кезінен қалған елдімекен мен көше атаулары өзгеретін болды
СҚО-да Кеңес кезінен қалған елдімекен мен көше атаулары өзгеретін болды
337
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында заманға сай келмейтін, идеологиялық тұрғыдан ескірген елдімекен және көше атаулары өзгертілмек. Қазір Ақжар ауданындағы 1 ауылдық округ пен 2 елді мекеннің атауын өзгерту мәселесі ашық нормативтік-құқықтық актілер интернет порталында халық талқысына түскен.
«Былтыр Ақжар ауданында Новосел ауылдық округін, Коммунизм және Киевское аталған елдімекендердің атауларын өзгерту бойынша тұрғындармен жиындар өткізіліп, жергілікті халық оларды қайта атау бойынша ұсынысты мақұлдап, құжат облыстық ономастикалық комиссияға жолданды. Биыл тамыз айында облыстық ономастикалық комиссия Новосел ауылдық округін, Коммунизм және Киевское елдімекендерінің атауын өзгертуді қолдады. Ақжар ауданындағы Новосел ауылдық округіне Үлкен қара ой округі деген атау қою ұсынылып отыр. Ал Коммунизм ауылын Баймырзаға ауыстыру және Киевское елді-мекеніне Кіші қара ой атын беруді жоспарланып отыр», - дейді СҚО әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Ернияз Сұлтанов.
Ономастикалық жұмыстар бұған дейін елімізде өтуі тиіс ұлттық санаққа байланысты кейінге шегерілген. Енді елдімекендерді қайта атау жұмыстары жанданды.
«Идеологиялық тұрғыдан ескірген елдімекен, көшелерді қайта атау немесе оларға республикаға танымал, қазақ халқына белгілі тұлғалардың есімін беру – біздің ономастика бағытындағы жұмысымыз. Қазіргі таңда 15 ауылдық округтің 30-ға тарта ауылы кеңестік көсем басшыларының атымен аталған. Әлі де облыста Ленин, Киров, Ильич атындағы елдімекендер кездеседі. Идеологиялық сипатқа сай келмейтін облыста 744 көше бар. Осы бағытта аудандар тарапынан жұмыстар жүргізіліп жатыр», - дейді Ернияз Сұлтанов.
Мәселен Есіл аудандық әкімдігі әлеуметтік желідегі өз парақшаларында қараша айының ортасында Явленка елдімекеніндегі бірнеше көше атауын өзгерту бойынша жиын өтетінін хабарлады. Халық талқысына Ленин, Урицкий, Чапаев, Щорс, Орджоникидзе, Совет, Фурманов, Киров, Фрунзе, С.Лазо, Буденный, Пролетар, С.Разина, К.Цеткин, Воровский көшелерінің атын ауыстыру мәселесі ұсынылмақ.
«Республика тарапынан, Президент әкімшілігімен келісіліп, республикалық ономастикалық комиссияда мақұлданған 345 ұлы тұлғалардың тізімі бекітілді және 380 тарихи жер-су атаулар тізімі бекітілді. Қазір идеологиялық тұрғыдан ескірген ауыл, көше, округтердің атауын өзгертерде осы тізімді басшылыққа алу қажет», - дейді Ернияз Сұлтанов.
Соңғы рет СҚО-да 2018 жылы Мағжан Жұмабаев атындағы ауданда 5 ауылдық округ пен 3 елдімекен және Уәлиханов ауданында 1 ауылдың аты ауыстырылды.