Елбасы Жапонияға сапары барысында бірқатар кездесу өткізді. Атап айтқанда, Жапония премьер-министрі Синдзо Абэмен, Жапония парламентінің Қазақстанмен достық лигасының төрағасы Такео Кавамурамен кездесті. Бұл туралы Елбасының баспасөз қызметі хабарлады.
Жапония премьер-министрімен кездесу барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Синдзо Абэге император Нарухитоның таққа отыру рәсіміне қатысуға шақырғаны үшін алғыс айтты.
Келіссөздер барысында тараптар екіжақты ынтымақтастық және сауда-экономикалық қатынастарды дамыту мәселелерін талқылады.
Синдзо Абэ Қазақстанның антиядролық бастамаларына және жаппай қырып-жою қаруының таратылуына қарсы қабылдаған шараларына қолдау білдірді.
Сонымен қатар Қазақстанның Тұңғыш Президенті мен Жапонияның премьер-министрі Корей түбегіндегі жағдай туралы пікір алмасты. Аймақтағы және әлемдегі басқа да қақтығыстарды бейбіт жолмен шешудің маңыздылығын атап өтті.
Елбасы Жапония парламентінің Қазақстанмен достық лигасының төрағасы Такео Кавамурамен кездесуі барысында Жапония парламенттік достық лигасының екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған қызметінің нәтижелерін атап өтті.
– Премьер-министр Синдзо Абэнің Қазақстанға соңғы сапары кезінде біз стратегиялық серіктестігімізді едәуір нығайттық. Біздің экономикалық ынтымақтастықта біраз өзгеріс бар. Бұл жолы Үкіметтің шақыруымен император Нарухитоның таққа отыру рәсіміне қатысу үшін келдім, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Жапония халықтарының өркендеуі жолында парламентаралық байланыстарды одан ары дамытудың ерекше маңыздылығын атап өтті.
Такео Кавамура тәуелсіздік жылдарында Тұңғыш Президенттің басшылығымен қол жеткен Қазақстанның өсу қарқынын оң бағалады. Сондай-ақ Жапония парламенттік достық лигасының төрағасы Қазақстанға жасаған соңғы сапары жайлы және сапар аясында өткізілген кездесулер туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Бұдан бөлек Елбасы Жапония Үкіметінің «Архив – 2025» бағдарламасы аясында техникалық көмек және ноу-хауды беру жөніндегі жобасымен танысты.
– «Рухани жаңғыру» негізгі элементтерінің бірі – «Архив-2025» жобасы. Ол ежелгіден қазіргі заманға дейінгі барлық отандық және шетелдік мұрағаттардағы іргелі зерттеулерді қамтиды. Мен Жапония Үкіметіне және Мәдениет агенттігінің төрағасына осы бағдарламаны жүзеге асыруда көрсеткен қолдауы үшін алғысымды білдіремін. Соның арқасында біз электронды білім кеңістігін құрып, деректерді мұрағаттау саласындағы алдыңғы қатарлы жапондық тәжірибеге ие боламыз, – деді Елбасы.
Жапонияның Мәдениет агенттігі Қазақстанда мұрағат деректерін цифрландыру бойынша бірлескен жобаны жүзеге асыруға мүдделі. Жобаның нәтижесі бірыңғай электронды кітапханада жинақталған, цифрландырылған кітап, мұрағат, музей қорлары негізінде электрондық білім кеңістігін қалыптастыру болмақ.
Осы сапарында Нұрсұлтан Назарбаевқа Цукуба университетінің Құрметті докторы атағы берілді. Марапаттау рәсімі барысында Елбасы Цукуба университеті өзінің терең тарихымен танымал әлемдік деңгейдегі білім беру және зерттеу орталығы саналатынын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев берілген Құрметті доктор атағы бүкіл қазақстандықтарға деген құрметтің белгісі екенін атап өтті.