Nur Otan партиясының Респубикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың өткізген қабылдауына 40 азамат жазылды. Олардың жартысынан астамы тергеушілердің қызметіне шағымданып отыр. Сондай-ақ шымкенттік полицейлердің атына арызданушылардың қарасы да көп болғанын айта кетейік.
Мәселен, Шымкент қаласының тұрғыны Гүлсім Қалкөзоваға шағымын арқалап вице-министрдің алдына тағы келуге тура келді. Біраз бұрын Марат Қожаевтың қабылдауында болып, оның мәселесін 1 ай мерзімде шешуге шымкенттік полицейлерге тапсырма берілген. Алайда құқық қорғау органының қызметкерлері арада 5 ай уақыт өтсе де, әлі күнге дейін істі созып келеді.
– Өткен жолы келгенімде, 3 жылдан бері табылмай келе жатқан екі жеңіл көлік туралы айтқан едім. Сіздің қабылдауыңыздан кейін мониторингті қарағанда, көліктердің бірін 5-ақ минутта тапты. Машинаны 3 жыл бойы көлік жүргізу құқығынан айырылған адам қалада емін-еркін айдап жүріпті. Ал екінші көлік бойынша тергеуші хабарласып, «көлігіңіз Қарағанды жақтан табылды, барып алып кетесіз бе, жоқ па оны өзіңіз біліңіз» деді. 3 жылдан бері қамақта тұрған көлікті қалай басқа біреу Қарағандыға алып кетеді? – деді шымкенттік тұрғын.
Г.Қалкөзова 22 жасар ұлын қағып, мүгедек еткен азаматқа қатысты шығарылған сот шешімінің орындалмай отырғанын да қабылдау барысында жеткізді. Сот шешімін орындауға асықпаған сот орындаушысына және борышкерге қатысты іс қозғалғанымен, ол іле-шала қысқарып кеткен де, бұл жайында оған тергеушілер ешқандай хабар бермеген. Мән-жайға қаныққан вице-министр Шымкент қалалық ІІД Тергеу басқармасының жұмысын қатаң сынға алды.
– Шығын өтелмей тұрып істі неге қысқартып тастағансыңдар? Іс бойынша қабылданған шешімдер шағымданушыға неге түсіндірілмеген? Г.Қалкөзова маған екінші рет келіп отыр. Көліктерді ешкім іздеп жатқан жоқ. Егер жұмысты осылай істейтін болсаңдар, бұл азамат алдарыңа бармайтындай етемін. Себебі ол жерде сендер отырмайтын боласыңдар, –деді министрдің бірінші орынбасары. Осыдан соң ол бұл іс бойынша жан-жақты тексеру жүргізуді ІІМ Тергеу департаменті басшысының орынбасары Ф.Омаровқа тапсырды.
Шымкенттік полицейлердің атына жергілікті тұрғындардан бөлек шетелдік азамат та арыз айтып келді. Қытайлық инвестор Кэ Цзян Донг Шымкент қаласының полиция департаментіне наразылығын білдірді. Оның айтуынша, қаңтар айында инвесторға «заңсыз миграция ұйымдастырды», «көші-қон заңын бұзды» деген айып тағылған.
9 айға созылған тергеуден кейін кәсіпкердің кінәсіз екені дәлелденген. Полицейлер кәсіпорыныма ескертусіз келіп тексеру жүргізді, ақша талап етті деп шағымданған шетелдік азамат, вице-министрден заңсыздықтарға жол берген құқық қорғаушыларға шара қолдануын сұрады.
Бұл іске қатысты Марат Қожаев алдымен елімізде инвесторлар үшін барлық жағдай жасалып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ ол заң баршаға ортақ екенін, кез келген шетелдік кәсіпкер Қазақстан заңдарын, оның ішінде шетелдік азаматтар мен жергілікті тұрғындарды жұмысқа қабылдағанда Еңбек кодекісінің талаптарын да қатаң ұстануы керек екенін баса айтты. Ал полицейлердің ақша талап еткеніне қатысты тексеру жұмыстарын жүргізуді Өзіндік қауіпсіздік департаментіне тапсырып, шынымен парақорлық фактісі орын алған болса, полицейлерге тиісті жаза қолданылатынына сендірді.
Клара НАҚЫП