Шымкенттік полицейлер қызметіне шағым көп

Шымкенттік полицейлер қызметіне шағым көп

Nur Otan партиясының Респубикалық қоғамдық қа­былдау бөлмесінде Ішкі істер министрінің бірін­ші орынбасары Марат Қожаевтың өткізген қабыл­дауына 40 азамат жазылды. Олардың жартысынан ас­тамы тергеушілердің қыз­метіне шағымданып отыр. Сондай-ақ шымкенттік поли­цейлердің атына арыз­данушылардың қарасы да көп болғанын айта кетейік.

Мәселен, Шымкент қала­сының тұрғыны Гүлсім Қал­кө­зоваға шағымын арқалап вице-министрдің алдына тағы келуге тура келді. Біраз бұрын Марат Қожаевтың қабылдауында болып, оның мәселесін 1 ай мер­зімде шешуге шымкенттік по­ли­цейлерге тапсырма беріл­ген. Алайда құқық қорғау орга­нының қызметкерлері арада 5 ай уақыт өтсе де, әлі күнге де­йін істі созып келеді.

– Өткен жолы келгенімде, 3 жылдан бері табылмай келе жатқан екі жеңіл көлік тура­лы айтқан едім. Сіздің қабыл­дауыңыздан кейін мониторингті қарағанда, көліктердің бірін 5-ақ минутта тапты. Машинаны 3 жыл бойы көлік жүргізу құқы­ғынан айырылған адам қалада емін-еркін айдап жүріпті. Ал екінші көлік бойынша тергеу­ші хабарласып, «көлігіңіз Қа­ра­ғанды жақтан табылды, барып алып кетесіз бе, жоқ па оны өзі­ңіз біліңіз» деді. 3 жылдан бері қамақта тұрған көлікті қа­лай басқа біреу Қарағандыға алып кетеді? – деді шымкенттік тұрғын.

Г.Қалкөзова 22 жасар ұлын қағып, мүгедек еткен аза­мат­қа қатысты шығарылған сот ше­шімінің орындалмай отырғанын да қабылдау барысында жеткізді. Сот шешімін орындауға асық­па­ған сот орындаушысына және борышкерге қатысты іс қоз­ғалғанымен, ол іле-шала қыс­қарып кеткен де, бұл жайында оған тергеушілер ешқандай хабар бермеген. Мән-жайға қа­ныққан вице-министр Шымкент қалалық ІІД Тергеу басқармасының жұмысын қатаң сынға алды.

– Шығын өтелмей тұ­рып істі неге қысқартып тас­та­ған­сыңдар? Іс бойынша қабыл­данған шешімдер шағым­данушыға неге түсіндірілмеген? Г.Қалкөзова маған екінші рет келіп отыр. Көліктерді ешкім іздеп жатқан жоқ. Егер жұмысты осылай істейтін болсаңдар, бұл азамат алдарыңа бармайтындай етемін. Себебі ол жерде сендер отырмайтын боласыңдар, –деді министрдің бірінші орын­басары. Осыдан соң ол бұл іс бойынша жан-жақты тек­серу жүргізуді ІІМ Тергеу де­пар­таменті басшысының орын­ба­сары Ф.Омаровқа тапсырды.

Шымкенттік полицейлердің атына жергілікті тұрғындардан бөлек шетелдік азамат та арыз айтып келді. Қытайлық ин­­вестор Кэ Цзян Донг Шым­­кент қаласының по­ли­­ция департаментіне нара­зы­­лығын білдірді. Оның айтуын­ша, қаңтар айында инвес­тор­ға «заңсыз миграция ұйым­дастырды», «көші-қон заңын бұзды» деген айып тағылған.

9 айға созылған тергеуден кейін кәсіпкердің кінәсіз екені дәлелденген. Полицейлер кәсіпорыныма ескертусіз келіп тексеру жүргізді, ақша талап етті деп шағымданған шетелдік азамат, вице-министрден заң­сыздықтарға жол берген құқық қорғаушыларға шара қолдануын сұрады.

Бұл іске қатысты Марат Қожаев алдымен елімізде инвес­торлар үшін барлық жағдай жасалып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ ол заң баршаға ортақ екенін, кез келген шетелдік кәсіпкер Қазақстан заңдарын, оның ішінде шетелдік азаматтар мен жергілікті тұрғындарды жұмысқа қабылдағанда Еңбек кодекісінің талаптарын да қатаң ұстануы керек екенін баса айтты. Ал полицейлердің ақша талап еткеніне қатысты тексеру жұмыстарын жүргізуді Өзіндік қауіпсіздік департаментіне тап­сырып, шынымен парақорлық фактісі орын алған болса, по­лицейлерге тиісті жаза қолда­ны­латынына сендірді.


Клара НАҚЫП