Шәбден Тілеумұрат, Nur Otan партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары: Жолдау қоғамдағы мәселелерді айқындап берді
Шәбден Тілеумұрат, Nur Otan партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары: Жолдау қоғамдағы мәселелерді айқындап берді
257
оқылды

Жолдауда заманауи талаптарға жауап беретін дамудың басты бағыты айқындалып, Президентіміздің сайлауал­ды бағдарламасын іске асырудың өзегі ретінде бес міндет белгіленген

– Халықтың ұсыныс-тілегін тыңдап, кері байланыс орнату – партияның басты міндеті. Сондай-ақ Жолдауда Мемлекет басшысы атап көрсеткен басымдықтарды жүзеге асыруға әр қазақстандық үлес қосу­ға ұмтылуы керек. Өңірдегі қоғам өкіл­дері­мен кері байланыс қандай дәрежеде?

– Жолдауда заманауи талаптарға жауап беретін дамудың басты бағыты айқындалып, Президентіміздің сайлауал­ды бағдарламасын іске асырудың өзегі ретінде бес міндет белгіленген. Облыста нақтыланған мақсат-міндетті орындау­дың алғышарттары қалыптасты. Басты­сы, экономикалық өрлеу және әлеуметтік саланың барлық бағыттары бойынша саяси реформаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру жолдарын табанды түрде және жан-жақты ойластырып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырым­дамасын жүзеге асыруымыз керек. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату біз атқаратын жұмыстың басым бағытына айналуы тиіс. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу аса маңызды. Осы мақсатта елімізде белгілі қоғам өкілдерін қамтыған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылғаны мәлім. Алдағы уақытта өңірдегі Қоғамдық кеңестер де өзекті проблемалардың тиімді шешімдерін табу бағытында жұмыстар жүргізетін болады. Сонымен қатар Жолдауда Президент: «Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдар­дың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады» деп ерекше атап өтті. Бүгінгі басты талап та осы – халықпен тиімді кері байланыс орнату. Осыған байланысты алдағы уақытта мемлекеттік органдардың жұмысы азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектеріне заңнама шеңберінде жедел әрі қайта қайырылмайтындай жауап беруіне қарай бағаланатын болады. Сондықтан облыста жергілікті тұрғындар көтеріп отырған мәселені зерделеу, халықпен кері байланыс орнату, жергілікті атқарушы органдардың жұмыс тәртібін жүйелендіру және оның тиімділігін арттыру мақса­тында арнайы алгоритм бекітілген. Соны­­мен бірге жергілікті атқарушы ор­ган­­дардың интернет кеңістікте жұмыс жүр­гізуінің тәртібі бекітілді.

– Елбасы төрағалық ететін Nur Otan партиясы бүгінде халықтың сенімінен, үдесінен шыққан халық партиясына айнал­ды. Мемлекет басшысы индус­триалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында өнімділігі жоғары орта бизнеске қолдау көрсетудің кешенді шараларын әзірлеуді тапсырып отыр. Мұндағы партиялық бақылау да маңызды ғой...

– Әрине, индустрияландыру картасы аясында іске асырылып жатқан жобалар­дың дер кезінде іске қосылуы – негізгі көрсеткіштің бірі. Ал оны орындаудың ең тиімді тетігі – индустриялық аймақтар құру. Өңірімізде осы бағыттағы жұмыстар да нәтижелі жүруде. Атап айтсақ, Шу ауданында «Тараз химиялық паркі» ар­найы экономикалық аймағының инфра­құрылым құрылысы аяқталуға таяу. Тараз қаласының аумағында республика­лық маңызы бар индустриялық аймақ құру жұмыстары да қарқын алған. Сондай-ақ Жолдауда тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі ретінде айрықша атап көрсетілген. Бәсекелік ортада халықтың әл-ауқатын нығайту мақсатында бірегей жобаларды іске асыру керектігі айқын мәселе. Бүгінде облыста 84 мыңнан аса шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, оның ішіндегі жұмыс істеп тұрғандары 80,3 пайызға жеткен. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,4 пайызға артып отыр. Ал «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы ая­сын­да биылғы 8 айда 4,5 миллиард тең­геге 290 жаңа жобаның іске асырыла бастағаны – бәсекелестікті одан әрі артты­ра түсетіні сөзсіз.

Мемлекет басшысы халықаралық нарықта бизнеске қолдау көрсетуді тапсырды. Енді алдағы уақытта Үкімет деңгейінде өнімділігі жоғары орта бизнес­ке қолдау көрсетудің кешенді шаралары әзірленді. Осы орайда, облыста қаңтар-шілде айында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 145,7 миллиард тең­гені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 9,9 пайызға артты. Оның ішінде шетелдік инвестиция үлесі 14,5 миллиард теңгеге немесе 9,3 пайызға өскен. Жыл соңына дейін 81 миллиард теңгеге қосымша 9 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

– Ауыл тұрғындарының тұрмыс-тір­ші­лігін жақсартуға бағытталған «Ауыл – ел бесігі» жобасы аймақта қалай жүзеге асуда?

– Жобаны жалғастыру – біздің негізгі мін­детіміздің бірі. Осы мақсатта облыс­та­ғы 3 аудандағы Қордай, Меркі, Сауда­кент сияқты тірек ауылында 53 жобаны іске асыруға 2 миллиард теңге қарастыры­лып отыр. Бұл қаражат көлік, ауызсу және газбен қамтамасыз ету сияқты инфра­құры­лымдық мәселелерді шешумен қатар, мектеп, аурухана, спорт алаңдарын салуға және жөндеуге жұмса­лады.

– Президент Жолдауда ерекше қажет­тілігі бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасау міндетін қойды. Облыста қандай шаралар қолға алынып отыр?

– Бүгінгі күнге облыс бойынша 45 235 мүмкіндігі шектеулі жан бар болса, оның – 6 302-сі 18 жасқа толмағандар. Мүгедек бала­ларды оңалту және бейімдеу орта­лық­тарында 145 бала және одан бө­лек 102 бала стационарлық және жар­ты­­лай ста­ционарлық үлгіде арнаулы әлеу­мет­тік қызметтермен қамтылған.


– Мемлекет басшысы 2020 жылды Волон­тер жылы деп жариялады. Жастарды қоғамдық өмірге бейімдеу де басты маңызға ие ғой...

– Әрине, жастарды қоғамдық өмірге бейімдеп, қайырымдылық көмек көрсету жұмыстарына тарту – өскелең ұрпақты тәрбиелеудің негізгі тетіктерінің бірі. Сондықтан осы жұмыстарды жүйелі жол­ға қою мақсатында «Қамқор» волон­тер­лік-қайырымдылық жобасы қолға алын­ды. Осы жоба аясында екі мыңға жуық ерікті 250 мыңға жуық отбасын аралап, әлеуметтік сауалнама толтырып, олардың неге мұқтаж екенін саралауға көмектесті. Жоба аясында Тараз қаласында 3 ауданда 9 қайырымдылық дүкені ашылып, 5 сауда орнында тұрмыстық қажеттіліктегі зат­тар­ды қабылдауға арналған жәшіктер орнатылды. Волонтер жылын өткізу, олардың санын 2 есеге арттыру бойынша облыстық жоспар әзірленуде.

– Облыста «Нұрлы жер» бағдарлама­сының орындалу барысы қандай?

– Аймақта тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары да жолға қойылған. «Нұр­лы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үйлер мен инженерлік инфрақұры­лым­мен қамтамасыз ету нысандарына 17,6 мил­лиард теңге қаралды. Осы қаржы есе­бінен биыл 30 көппәтерлі тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін 2 175 адамды пәтермен қамту көзделіп отыр. Сонымен қатар 1 704 гектар тұрғын үй алқабы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтылмақ. Ал 2020 жылға 30 көппәтерлі тұрғын үйдің құры­лысын жүргізуге республикалық бюд­жеттен 11,1 миллиард теңгеге бюджет­тік өті­нім ұсынылды. Инфрақұрылым сала­сын­да да атқарылып жатқан игі істер аз емес. Облыста 376 елді мекеннің 48 пайы­зы немесе 181-і газдандырылған. 2027 жылға дейін 196 елді мекенді табиғи газ­бен қамту жоспарлануда. Одан бөлек, елді мекендердің 53,3 пайызы немесе 199 ауылы орталықтандырылған ауызсумен, 174 ауыл орталықтандырылмаған сумен қам­тылған. 2023 жылға қарай таза ауызсу­ды тұтыну көрсеткішін 100 пайызға жеткізу көзделуде.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында биыл 46 жоба іске асырылуда. Бұл мақ­сат­қа жалпы 9,8 миллиард теңге бөлінген. Қарастырылған қаражат 16 шақырым жаңа жол салу, жолдардың 6,2 шақыры­мын қайта жаңғырту, 30 шақырымын күрделі жөндеумен қатар, 340,5 шақыры­мын орта жөндеуден өткізуге жұмсалу­да. Осылайша, жыл қорытындысында жақсы және қанағаттанарлық жағдайда жергілік­ті маңызы бар автомобиль жолдарының үлесін 85 пайызға жеткізу межеленген. 2025 жылы облыстық және аудандық маңы­зы бар осындай жолдардың көрсет­кіші 97,5 пайызға жетеді деп күтілуде.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Ерман ӘБДИЕВ,
Жамбыл облысы