Жолдауда заманауи талаптарға жауап беретін дамудың басты бағыты айқындалып, Президентіміздің сайлауалды бағдарламасын іске асырудың өзегі ретінде бес міндет белгіленген
– Халықтың ұсыныс-тілегін тыңдап, кері байланыс орнату – партияның басты міндеті. Сондай-ақ Жолдауда Мемлекет басшысы атап көрсеткен басымдықтарды жүзеге асыруға әр қазақстандық үлес қосуға ұмтылуы керек. Өңірдегі қоғам өкілдерімен кері байланыс қандай дәрежеде?
– Жолдауда заманауи талаптарға жауап беретін дамудың басты бағыты айқындалып, Президентіміздің сайлауалды бағдарламасын іске асырудың өзегі ретінде бес міндет белгіленген. Облыста нақтыланған мақсат-міндетті орындаудың алғышарттары қалыптасты. Бастысы, экономикалық өрлеу және әлеуметтік саланың барлық бағыттары бойынша саяси реформаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру жолдарын табанды түрде және жан-жақты ойластырып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруымыз керек. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату біз атқаратын жұмыстың басым бағытына айналуы тиіс. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу аса маңызды. Осы мақсатта елімізде белгілі қоғам өкілдерін қамтыған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылғаны мәлім. Алдағы уақытта өңірдегі Қоғамдық кеңестер де өзекті проблемалардың тиімді шешімдерін табу бағытында жұмыстар жүргізетін болады. Сонымен қатар Жолдауда Президент: «Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады» деп ерекше атап өтті. Бүгінгі басты талап та осы – халықпен тиімді кері байланыс орнату. Осыған байланысты алдағы уақытта мемлекеттік органдардың жұмысы азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектеріне заңнама шеңберінде жедел әрі қайта қайырылмайтындай жауап беруіне қарай бағаланатын болады. Сондықтан облыста жергілікті тұрғындар көтеріп отырған мәселені зерделеу, халықпен кері байланыс орнату, жергілікті атқарушы органдардың жұмыс тәртібін жүйелендіру және оның тиімділігін арттыру мақсатында арнайы алгоритм бекітілген. Сонымен бірге жергілікті атқарушы органдардың интернет кеңістікте жұмыс жүргізуінің тәртібі бекітілді.
– Елбасы төрағалық ететін Nur Otan партиясы бүгінде халықтың сенімінен, үдесінен шыққан халық партиясына айналды. Мемлекет басшысы индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында өнімділігі жоғары орта бизнеске қолдау көрсетудің кешенді шараларын әзірлеуді тапсырып отыр. Мұндағы партиялық бақылау да маңызды ғой...
– Әрине, индустрияландыру картасы аясында іске асырылып жатқан жобалардың дер кезінде іске қосылуы – негізгі көрсеткіштің бірі. Ал оны орындаудың ең тиімді тетігі – индустриялық аймақтар құру. Өңірімізде осы бағыттағы жұмыстар да нәтижелі жүруде. Атап айтсақ, Шу ауданында «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының инфрақұрылым құрылысы аяқталуға таяу. Тараз қаласының аумағында республикалық маңызы бар индустриялық аймақ құру жұмыстары да қарқын алған. Сондай-ақ Жолдауда тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі ретінде айрықша атап көрсетілген. Бәсекелік ортада халықтың әл-ауқатын нығайту мақсатында бірегей жобаларды іске асыру керектігі айқын мәселе. Бүгінде облыста 84 мыңнан аса шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, оның ішіндегі жұмыс істеп тұрғандары 80,3 пайызға жеткен. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,4 пайызға артып отыр. Ал «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында биылғы 8 айда 4,5 миллиард теңгеге 290 жаңа жобаның іске асырыла бастағаны – бәсекелестікті одан әрі арттыра түсетіні сөзсіз.
Мемлекет басшысы халықаралық нарықта бизнеске қолдау көрсетуді тапсырды. Енді алдағы уақытта Үкімет деңгейінде өнімділігі жоғары орта бизнеске қолдау көрсетудің кешенді шаралары әзірленді. Осы орайда, облыста қаңтар-шілде айында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 145,7 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 9,9 пайызға артты. Оның ішінде шетелдік инвестиция үлесі 14,5 миллиард теңгеге немесе 9,3 пайызға өскен. Жыл соңына дейін 81 миллиард теңгеге қосымша 9 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.
– Ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған «Ауыл – ел бесігі» жобасы аймақта қалай жүзеге асуда?
– Жобаны жалғастыру – біздің негізгі міндетіміздің бірі. Осы мақсатта облыстағы 3 аудандағы Қордай, Меркі, Саудакент сияқты тірек ауылында 53 жобаны іске асыруға 2 миллиард теңге қарастырылып отыр. Бұл қаражат көлік, ауызсу және газбен қамтамасыз ету сияқты инфрақұрылымдық мәселелерді шешумен қатар, мектеп, аурухана, спорт алаңдарын салуға және жөндеуге жұмсалады.
– Президент Жолдауда ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасау міндетін қойды. Облыста қандай шаралар қолға алынып отыр?
– Бүгінгі күнге облыс бойынша 45 235 мүмкіндігі шектеулі жан бар болса, оның – 6 302-сі 18 жасқа толмағандар. Мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталықтарында 145 бала және одан бөлек 102 бала стационарлық және жартылай стационарлық үлгіде арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылған.
– Мемлекет басшысы 2020 жылды Волонтер жылы деп жариялады. Жастарды қоғамдық өмірге бейімдеу де басты маңызға ие ғой...
– Әрине, жастарды қоғамдық өмірге бейімдеп, қайырымдылық көмек көрсету жұмыстарына тарту – өскелең ұрпақты тәрбиелеудің негізгі тетіктерінің бірі. Сондықтан осы жұмыстарды жүйелі жолға қою мақсатында «Қамқор» волонтерлік-қайырымдылық жобасы қолға алынды. Осы жоба аясында екі мыңға жуық ерікті 250 мыңға жуық отбасын аралап, әлеуметтік сауалнама толтырып, олардың неге мұқтаж екенін саралауға көмектесті. Жоба аясында Тараз қаласында 3 ауданда 9 қайырымдылық дүкені ашылып, 5 сауда орнында тұрмыстық қажеттіліктегі заттарды қабылдауға арналған жәшіктер орнатылды. Волонтер жылын өткізу, олардың санын 2 есеге арттыру бойынша облыстық жоспар әзірленуде.
– Облыста «Нұрлы жер» бағдарламасының орындалу барысы қандай?
– Аймақта тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары да жолға қойылған. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үйлер мен инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету нысандарына 17,6 миллиард теңге қаралды. Осы қаржы есебінен биыл 30 көппәтерлі тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін 2 175 адамды пәтермен қамту көзделіп отыр. Сонымен қатар 1 704 гектар тұрғын үй алқабы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтылмақ. Ал 2020 жылға 30 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын жүргізуге республикалық бюджеттен 11,1 миллиард теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылды. Инфрақұрылым саласында да атқарылып жатқан игі істер аз емес. Облыста 376 елді мекеннің 48 пайызы немесе 181-і газдандырылған. 2027 жылға дейін 196 елді мекенді табиғи газбен қамту жоспарлануда. Одан бөлек, елді мекендердің 53,3 пайызы немесе 199 ауылы орталықтандырылған ауызсумен, 174 ауыл орталықтандырылмаған сумен қамтылған. 2023 жылға қарай таза ауызсуды тұтыну көрсеткішін 100 пайызға жеткізу көзделуде.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында биыл 46 жоба іске асырылуда. Бұл мақсатқа жалпы 9,8 миллиард теңге бөлінген. Қарастырылған қаражат 16 шақырым жаңа жол салу, жолдардың 6,2 шақырымын қайта жаңғырту, 30 шақырымын күрделі жөндеумен қатар, 340,5 шақырымын орта жөндеуден өткізуге жұмсалуда. Осылайша, жыл қорытындысында жақсы және қанағаттанарлық жағдайда жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының үлесін 85 пайызға жеткізу межеленген. 2025 жылы облыстық және аудандық маңызы бар осындай жолдардың көрсеткіші 97,5 пайызға жетеді деп күтілуде.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Ерман ӘБДИЕВ,
Жамбыл облысы