Лондонда «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен Kazakh Invest ҰК АҚ және Financial Times халықаралық іскерлік газеті бірлесіп ұйымдастырған Қазақстан-Британ Іскерлік кеңесінің (ҚБІК) үшінші отырысы өтті. Шараға қордың басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, Ұлыбритания мен Қазақстанның мемлекеттік мекеме өкілдері қатысты.
Қор төрағасы Ахметжан Есімов өз сөзінде Қазақстанның Ұлыбританиямен сауда-экономикалық ынтымақтастығы қарқынды дамып келе жатқанын және ағымдағы инвестиция қоржыны бөлігінде қор британ компаниялары үшін мұнай мен газды өңдеу, тау-кен жобаларын дамыту, көлік, логистика және энергетика саласында серіктес бола алатынын атап өтті.
– Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. 2015 жылы құрылғын Қазақстан-Британ Іскерлік кеңесі бұған да ықпал етеді. Жаhандық әлемдік экономикалық тенденцияларды ескере отырып, қор перспективалы секторларға: мұнай-газ химиясы, балама энергия көздері, жоғары технологиялар, индустрия 4.0, сондай-ақ тәуелсіз қорлармен және ірі инвестициялық компаниялармен бірлескен қорлар құру арқылы кірістерді әртараптандыруға бағытталған стратегияны бекітті, – деді «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов.
Сондай-ақ қор басшысы алдағы бес жылда жоғарыда айтылған салаларға 38 млрд-тан астам АҚШ долларын инвестициялауды жоспарлап отырғанын атап өтті, оның ішінде 32 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылып, оған британдық компаниялар инвестор бола алады.
Британдық бизнес қауымдастығы өз кезегінде қормен қарым-қатынастың жақсы динамикасын атап өтті және Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жоғары бағалады.
Сөз соңында Ахметжан Есімов британдық компанияларды өзара тиімді ынтымақтастықты жандандыруға және жекешелендіру бағдарламасы аясында қордың үш ірі портфельдік компанияларының – «Эйр Астана» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ-ның IPO/SPO-ға қатысуға шақырды. А.Есімов қордың жекешелендіру бағдарламасын жүзеге асырумен қатар, қордың компаниялар тобының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және портфельдік компаниялардың өндірістік процестерін қайта үйлестіруге бағытталған цифрлы түрлендіру бағдарламасын жүзеге асыруға ерекше назар аударатынын атап өтті.
Атап өткен жөн, ҚБІК 2015 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың іссапары аясында Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы экономиканың түрлі салаларындағы ынтымақтастықты дамыту үшін құрылды.