Көрінбейтін қауіптен неге сақтанбаймыз?
Көрінбейтін қауіптен неге сақтанбаймыз?
282
оқылды

Елді елең еткізген сәби өлімі тіркелген Атырау об­лыс­тық перинаталды орта­лық­та ішкі ауруханалық ин­фек­ция анықталды. Бак­те­риал­ды ішкі ауруханалық инфекцияның перинаталды орталықта дүниеге келген сәбилердің өліміне себепші болу мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Себе­бі инфекциямен зақым­да­нуға қаупі жоғары пациент­тер категориясына босану­шы әйелдер, жаңа туған нә­рес­те­­лер, әсіресе шала ту­ған және мерзімінен бұ­рын туған балалар, бо­сану жарақаты­ның әртүрлі ақау­лары бар бала­лар мен ме­ди­цина ма­ман­дары жатады.

ДСМ Тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігі және сапасын бақы­лау комитетінің төрайымы Люд­мила Бюрабекова: «Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаеваның төрағалығымен 26 адам­нан тұратын комиссия 5 қа­зан күні жұмысқа кірісіп, жұ­мыстарын 18 қазанда аяқтады. Яғни, комиссия жалпы аймақтағы балалар өліміне не себеп болға­нын анықтау үшін талдау жұмыс­тарын жүргізді. Дәл осы Атырау облыс­тық перинаталды орталық­та тамыз-қыркүйек айында бала өлімінің неліктен көбейіп кетке­нін зерттедік» деді Сенат­тағы Үкі­мет сағатынан кейін тілшілер­дің сұрағына жауап бере отырып. Комитет басшысы­ның айтуын­ша, Атыраудағы сәби өлімі тір­кел­ген облыстық перинаталды орталықтан ішкі ауруханалық инфекцияның бары анықталған. «Ол – бактериалды ішкі аурухана­лық инфекция. Қазіргі қолданыс­тағы заң бойынша ол ауруханада комиссия-инфекциялық бақылау болуы керек болатын. Алайда ол орталықта комиссия сөз жүзін­де ғана жұмыс істеген» деді ол.

Ауруханаішілік инфекциялар бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау­дың маңызды мәселесінің бірі бо­лып саналады. Бұлардың тигі­зе­тін әлеуметтік-экономикалық зардабы өте үлкен. Қазіргі кездегі емдеу-диагностикалық техно­ло­гия­лардың жетістіктеріне қара­мас­тан, ауруханаішілік инфекция мәселесі медициналық және әлеу­меттік қажеттікті бұрынғы­дан да көп керек етеді. Еліміздің шетел зерттеушілерінің мәлімет­те­ріне зер салсақ, аталған инфек­ция ауруханада жатқан адамдар­дың жиырма пайызында кездесе­ді.

Сонымен, облыстық пери­на­тал­ды орталықтағы шараналар­дың шетінеуінің себебі неде? Денсаулық саласы министрлігі өкілдерінен құрылған тексеру нәтижесі қандай кемшіліктерді анықтады? Ана мен баланың саулы­ғын сақтауда орны толмас жайттың алдын алу үшін қандай жұмыстар атқарылуда? Осындай сауалдар аясында, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлнафис Таңбаевамен тілдескен болатынбыз.

Оның айтуынша, орталықта ауруханаішілік және сырттан кіре­тін инфекциялар бұрыннан бар. Оны қадағалайтын эпиде­мио­лог-дәрігер мен инфекция­лық бақылау тобы да бар. Ал бұл жұмыстарды тереңнен тексеру үшін жергілікті құзырлы орган өкіл­дері мен министрліктен ар­найы комиссия құрылып, қызмет етті. «Комиссияның жұмыс нәти­же­­сінде айтылған ұсыныстар не­гізін­де, бүгінде бірқатар жұмыс жүр­гізілуде. Қазір орталықта эпи­демиологиялық ахуал тұрақ­ты. Орын алған жағдайларға себепші болды деп есептелген желдету құрылғысы негізінен жоспарға сай қосылу керек еді.

Қыркүйек айынан бастап бұл құрылғының қызметіне жауапты мердігер компаниямен бірге оны қосып, бөлімшені тазалау, залал­сыз­дандыру шаралары жүргізілу­де. Бұл қызметтер толық атқарыл­ған соң бұған дейін орталықта жұ­мысын тоқтатқан ги­нек­оло­гия, 50 кереуеттік балалар­дың пато­­логиялық бөлімшесі қараша­дан бастап қайта іске қосылады» деді Гүлнафис Әбділдақызы.


Сондай-ақ ол, Атырауда пе­ри­­наталдық орталықтың 28 дәрі­герінің жұмыстан шығу туралы өтінішіне қол қойылғанын да растады.

«Өз еркімен жұмыстан босау туралы барлығы 31 дәрігер өтініш біл­дірген еді. Үш дәрігер өз өтіні­шін қайтарып алды. 28 адамның жұмыстан босауы туралы бұйрық­қа қол қойылды. Бірақ олар 7 қара­шаға дейін жұмыс істейтін болады» деді Гүлнафис Танбаева.

Оның айтуынша, дәрігерлер­дің жұмыстан шығуы перинатал­ды орталықтың жұмысына кері әсер етпеуі тиіс.

«Біздің облыстың гинеколо­гия қызметіне көмек көрсету туралы басқа өңірлердегі әріптес­те­рімізбен келісім жасалған. Қа­ла­­да қазір мамандар жұмыс істеп жатыр. Тағы да дәрігерлер тобы келуі мүмкін. Басқа да шаралар қол­данылып жатыр» деді Гүлна­фис Танбаева.

Атырау облысы бала туу көр­сет­­кішінен үшінші орында тұр. Облыстық перинаталды орта­лық­­та биыл 9 айда 147 сәби қай­тыс болған. Қазір­гі күні бұл жағ­дайға да байланысты патоло­гия­лық-анатомиялық тексеріс жүр­гізілуде.

Сайып келгенде, бала туу көрсеткіші жағынан көш бастап тұрған өңірлерде бала өлімінің де көбейіп тұрғаны, перзент сүйгісі келетін жандардың саламатты өмір салтын ұстануына, медицина саласы мамандарынан ана мен бала денсаулығына немқұрайды қарамауын ескертіп тұр. Көзге көрінбейтін, иісі сезілмейтін ауру­ханаішілік инфекцияларды анықтауда кемшіліктер жіберу, медициналық ұйымдарда инфек­ция­­лық бақылау жүргізу қағи­да­лары­ның орындалмай отырғанын анықтап беріп отыр.

Сондықтан да Атырау пери­на­­тал­ды орталығында табылған ауру­ханаішілік инфекцияның еліміздің өзге медициналық меке­мелерде бар-жоғын тексеру де уақыт күттірмейтін іс екенін назарға алған жөн секілді. Әйт­песе, иммунитеті төмен шара­на­дан бастап жасы үлкендердің де себепсіз бақилық болуынан әлем елдері алдына түсіп кетпеуі­мізге ешкім кепілдік бере алмаса керек.

Атырау облысы