Елді елең еткізген сәби өлімі тіркелген Атырау облыстық перинаталды орталықта ішкі ауруханалық инфекция анықталды. Бактериалды ішкі ауруханалық инфекцияның перинаталды орталықта дүниеге келген сәбилердің өліміне себепші болу мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Себебі инфекциямен зақымдануға қаупі жоғары пациенттер категориясына босанушы әйелдер, жаңа туған нәрестелер, әсіресе шала туған және мерзімінен бұрын туған балалар, босану жарақатының әртүрлі ақаулары бар балалар мен медицина мамандары жатады.
ДСМ Тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігі және сапасын бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова: «Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаеваның төрағалығымен 26 адамнан тұратын комиссия 5 қазан күні жұмысқа кірісіп, жұмыстарын 18 қазанда аяқтады. Яғни, комиссия жалпы аймақтағы балалар өліміне не себеп болғанын анықтау үшін талдау жұмыстарын жүргізді. Дәл осы Атырау облыстық перинаталды орталықта тамыз-қыркүйек айында бала өлімінің неліктен көбейіп кеткенін зерттедік» деді Сенаттағы Үкімет сағатынан кейін тілшілердің сұрағына жауап бере отырып. Комитет басшысының айтуынша, Атыраудағы сәби өлімі тіркелген облыстық перинаталды орталықтан ішкі ауруханалық инфекцияның бары анықталған. «Ол – бактериалды ішкі ауруханалық инфекция. Қазіргі қолданыстағы заң бойынша ол ауруханада комиссия-инфекциялық бақылау болуы керек болатын. Алайда ол орталықта комиссия сөз жүзінде ғана жұмыс істеген» деді ол.
Ауруханаішілік инфекциялар бүкіл әлемдегі денсаулық сақтаудың маңызды мәселесінің бірі болып саналады. Бұлардың тигізетін әлеуметтік-экономикалық зардабы өте үлкен. Қазіргі кездегі емдеу-диагностикалық технологиялардың жетістіктеріне қарамастан, ауруханаішілік инфекция мәселесі медициналық және әлеуметтік қажеттікті бұрынғыдан да көп керек етеді. Еліміздің шетел зерттеушілерінің мәліметтеріне зер салсақ, аталған инфекция ауруханада жатқан адамдардың жиырма пайызында кездеседі.
Сонымен, облыстық перинаталды орталықтағы шараналардың шетінеуінің себебі неде? Денсаулық саласы министрлігі өкілдерінен құрылған тексеру нәтижесі қандай кемшіліктерді анықтады? Ана мен баланың саулығын сақтауда орны толмас жайттың алдын алу үшін қандай жұмыстар атқарылуда? Осындай сауалдар аясында, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлнафис Таңбаевамен тілдескен болатынбыз.
Оның айтуынша, орталықта ауруханаішілік және сырттан кіретін инфекциялар бұрыннан бар. Оны қадағалайтын эпидемиолог-дәрігер мен инфекциялық бақылау тобы да бар. Ал бұл жұмыстарды тереңнен тексеру үшін жергілікті құзырлы орган өкілдері мен министрліктен арнайы комиссия құрылып, қызмет етті. «Комиссияның жұмыс нәтижесінде айтылған ұсыныстар негізінде, бүгінде бірқатар жұмыс жүргізілуде. Қазір орталықта эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Орын алған жағдайларға себепші болды деп есептелген желдету құрылғысы негізінен жоспарға сай қосылу керек еді.
Қыркүйек айынан бастап бұл құрылғының қызметіне жауапты мердігер компаниямен бірге оны қосып, бөлімшені тазалау, залалсыздандыру шаралары жүргізілуде. Бұл қызметтер толық атқарылған соң бұған дейін орталықта жұмысын тоқтатқан гинекология, 50 кереуеттік балалардың патологиялық бөлімшесі қарашадан бастап қайта іске қосылады» деді Гүлнафис Әбділдақызы.
Сондай-ақ ол, Атырауда перинаталдық орталықтың 28 дәрігерінің жұмыстан шығу туралы өтінішіне қол қойылғанын да растады.
«Өз еркімен жұмыстан босау туралы барлығы 31 дәрігер өтініш білдірген еді. Үш дәрігер өз өтінішін қайтарып алды. 28 адамның жұмыстан босауы туралы бұйрыққа қол қойылды. Бірақ олар 7 қарашаға дейін жұмыс істейтін болады» деді Гүлнафис Танбаева.
Оның айтуынша, дәрігерлердің жұмыстан шығуы перинаталды орталықтың жұмысына кері әсер етпеуі тиіс.
«Біздің облыстың гинекология қызметіне көмек көрсету туралы басқа өңірлердегі әріптестерімізбен келісім жасалған. Қалада қазір мамандар жұмыс істеп жатыр. Тағы да дәрігерлер тобы келуі мүмкін. Басқа да шаралар қолданылып жатыр» деді Гүлнафис Танбаева.
Атырау облысы бала туу көрсеткішінен үшінші орында тұр. Облыстық перинаталды орталықта биыл 9 айда 147 сәби қайтыс болған. Қазіргі күні бұл жағдайға да байланысты патологиялық-анатомиялық тексеріс жүргізілуде.
Сайып келгенде, бала туу көрсеткіші жағынан көш бастап тұрған өңірлерде бала өлімінің де көбейіп тұрғаны, перзент сүйгісі келетін жандардың саламатты өмір салтын ұстануына, медицина саласы мамандарынан ана мен бала денсаулығына немқұрайды қарамауын ескертіп тұр. Көзге көрінбейтін, иісі сезілмейтін ауруханаішілік инфекцияларды анықтауда кемшіліктер жіберу, медициналық ұйымдарда инфекциялық бақылау жүргізу қағидаларының орындалмай отырғанын анықтап беріп отыр.
Сондықтан да Атырау перинаталды орталығында табылған ауруханаішілік инфекцияның еліміздің өзге медициналық мекемелерде бар-жоғын тексеру де уақыт күттірмейтін іс екенін назарға алған жөн секілді. Әйтпесе, иммунитеті төмен шаранадан бастап жасы үлкендердің де себепсіз бақилық болуынан әлем елдері алдына түсіп кетпеуімізге ешкім кепілдік бере алмаса керек.
Атырау облысы