Nur Otan нақты істердің партиясы екендігіне биыл Чувашин орта мектебінің ұжымы да көз жеткізді. Жергілікті жұрттың айтуынша, 1960 жылы салынған білім ошағы ашылғалы бері күрделі жөндеу көрмеген.
Сол себепті мектеп әкімшілігі ауыл балаларының алтын ұясына жөндеу жөнінен көмек керектігін Nur Otan партиясының мүшесі, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, «Асфа» ЖШС-ның директоры Иван Енютинге айтады. Ол ұстаздар ұжымының өтінішіне түсіністікпен қарап, 300 мың теңге демеушілік танытып, әрі мектепке 240 келі сыр алып береді. Сөзге өзек, тілге тиек болып отырған мектептің директоры Григорий Козловтың мәліметіне қарағанда, 30 мың теңгеге мектептің қабырғасы сырт жағынан тегістеліп, бітелген. Ал қалған қаржыға сынып бөлмелері, мектептің ішкі қабырғалары мен едені, сондай-ақ балалардың ойын алаңы жөнделіп, сырланған. Бұған қоса демеушінің қаржылай көмегінің арқасында білім ошағының ауласы да әжептәуір жөнге келіп қалды. Осылайша, оқушылар мен мұғалімдер ағымдағы жөндеуден өткен мектепте жаңа оқу жылын бастаған болатын.
Бүгіндері Чувашин мектебінде еңбек ететін 30 мұғалімнің басым көпшілігі – жаңартылған білім беру бағыты бойынша арнайы курстан өткен педагогтар. Биылғы оқу жылында осы білім ұясында 95 шәкірт білім әлеміне сапарын жалғастыруда. Өрендерге сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі мектеп ұжымының еңбегі лайықты ескерілуде. Мысалы, мұғалімдердің биылғы кәсіби мерекесіне орай мектеп директоры Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Мұғалімдер мен оқушылар да жыл сайын әртүрлі бағыттағы аудандық және облыстық байқаулардан мерейлі оралып жүр.
– Еліміздегі жетекші саяси партияның тікелей қолдауымен мектебіміздің жаңарып-жаңғырғанына мұғалімдер мен оқушыларға қоса, жалпы, ауыл тұрғындары да қуанышты. Енді көп ұзамай мектебіміз күрделі жөндеуден өтеріне де сенімдіміз, – дейді мектептің кітапханашысы Наталья Беднарская. Ауылдың үлкен-кішісінің бұл арманының да тезірек орындалуына біз де тілекшіміз, әрине.
– Nur Otan партиясының аудандық филиалына жеке адамдарға қоса, заңды тұлғалардан да өтініш-тілектер түсіп тұрады. Біз ел-жұрттың арыз-шағымы мен талап-тілегіне әркез сергек қарап, көтерілген мәселелердің оң шешім табуына үнемі мүдделік танытып, барынша ұйытқы болып келеміз. Бұл фактор ел ішінде, халық арасында партия беделінің артуына айтулы ықпал етуде. Елбасымыз, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жетекші партия елмен етене жұмыс жасауы керек» деген ұстанымы қазақстандық қоғамның бірлігін бекіте түсері анық. Ал мұндай жалпыға ортақ жетістік халыққа да, билікке де бек пайдалы екендігі шүбәсіз, – дейді Nur Otan пар-тиясы Бәйтерек аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілекбай Төлепқалиев.
Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ,
Батыс Қазақстан облысы