Елдегі терроризм деректері. «Жусан» операциясы аясында елімізге 595 азамат жеткізілді. Оның 400-і – балалар. Қалғандары – әйелдер мен ер кісілер. Бүгінге дейін олардың арасында болған 10 ер адам мен 5 әйел ДАИШ халықаралық террористік ұйымына қосылғаны үшін әртүрлі мерзімге сотталып кетті. Ендігі кезек жоғарыда айтылған 14 адамда. Оралғанның бәрі қылмыскер емес. Адасып, шалт басқандары да бар. Дегенмен бейімдеу орталықтарында теологтар оларды біздің қоғамда қайта өмір сүруге үйретумен айналысты.
Кейбір мәліметтерге көз жүгіртсек, 2018 жылғы есеп бойынша, соңғы 7 жылда елімізде 14 терракт болған. Нәтижесінде, 90 кісі көз жұмған. Егер құқық қорғау органдары қажетті шараларды қабылдамаса, қайтыс болған, жараланған жандардың саны одан да көп болар еді. Мәселен, 2014-2017 жылдар аралығында 30 террактінің алды алынған. Ең қауіпті кезең 2016 жыл болған, погондылар сол жылы 12 террактіні болдырмай тастаған.
Алайда террористік және экстремистік әрекетке барған қылмыскерлерді ұстау бір машақат болса, оларды түрмеге қамау да оңай іс емес. Бұл қос бап бойынша айыпталғандарды қандай түрмелерде ұстаған дұрыс деген сұраққа келгенде мамандардың пікірі қақ жарылады. Біреулері – оларды өзгелерден бөлек абақтыға қамау қажет, себебі қауіпті радикалды идеяларын өзгелерге таратуы әбден мүмкін дейді. Екіншілері – оларды басқа сотталғандармен бірге ұстаған жөн. Өйткені олар оқшауланған сайын көзқарастары да радикалдана түседі, біз оған жол бермеуіміз керек деген пікірде.
Әлемдік тәжірибе. Дүниежүзінде бірнеше мемлекет террористерді оқшаулап, бөлек түрмеде ұстайды. Мәселен, Мысыр, Сауд Арабиясы, Өзбекстан, Норвегия, Израильде аталған арнайы абақтылар салынған. Іргедегі өзбек елі Хизбут Тахрир жәнен басқа да террористік ұйымдарға қатысы бар деп айыпталған жандарды бөлек түрмеде тұсаулап келді. Бірақ мұндай түрмелердегі жағдай әркелкі. Айталық Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта Мұхаммед Бен-Наиф атындағы көмек орталығы бар. Бұл терроризм бойынша айыпталған азаматтарды «қайта оңалту орталығы» десек те болады. Себебі бұл түрме емес, нағыз 5 жұлдыз иемденген қонақүйге ұқсайды. Мұнда өзіндік спа, бассейн, спорт зал, компьютер бөлмелері – бәрі бар. Тіпті, ер адамдар жұбайларымен жүздесу үшін арнайы орынжай да жасалған. Не үшін? О бастағы концепция радикалдарды қамшымен емес, тәтті күлшемен көзқарастарын өзгерту. Яғни, террористерді қатаң жазамен емес, өркениетті өмірдің жетістіктерімен «емдеп», бейбіт ғұмырға қайта бейімдеу. Теологтар, дін өкілдері олардың радикалды діни көзқарастарын өзгертуге тырысады. Бұл орталықта 2004 жылдан бері 3 300 ер кісі арнайы терапиядан өткен. Сауд басшыларының мәліметінше, олардың 86%-ы террористік жолға оралмаған. Былай қарасаңыз, өте жақсы көрсеткіш. Алайда АҚШ мамандары бұл мәліметтерге сенуге асықпайды.
Ауыр қылмыс жасағандарға гуманистік жағдай жасап, оларды өзгертуге тырысатын елдің бірі – Норвегия. 2011 жылы 77 адамның өліміне себепші болған А.Брейвик сондай абақтыда отыр. Алайда өзін-өзі жарып жіберуге талпынған терроршыларға барлық елде мамық жастық беріп, жайлы бөлме ұсына бермейді. Мәселен, үнемі террористік шабуылдарға тап болатын Израильде «Адарим», «Шатах» атты түрмелер бар. Ондағы жағдай мен талап өзге абақтыларға қарағанда анағұрлым қатаң әрі ауыр.
Франция түрмелеріндегі радикалдар. Радикалды топтар ең жиі шабуылдаған елдің қатарында Франция да бар. Сондықтан 2015 жылы бұл елдегі әрбір түрменің жанында террористер мен экстремистерге арналған арнайы корпустар ашылды. 2019 жылы Францияда 450 радикалды әрекеттерге барған қылмыскерлер түрмеден босап шығады. Бұл француз қоғамын алаңдатып отырғаны анық. Себебі Еуропадағы әрбір 6-шы экстремист мұндай қауіпті топтарға түрмеде қосылған. Бұл үрдістің мысалы ретінде 2015 жылы болған қылмысты айтуға болады. Сол кезде Амеди Кулибали есімді қылмыскер Францияда «Гипер Кашер» атты еврей дүкеніне келгендерге оқ атқан. А.Кулибали бұған дейін ұсақ қылмысы үшін түрмеде отырып, көзқарасы сол жақта радикалдана түскен екен.
Аталған қауіпті үрдістің себебін білгісі келген Бельгияның La Libre газеті экстремистермен сұхбаттасқан. Барлық мәселе түрмедегі жағдайға келіп тіреледі екен. Ұсақ қылмыспен айыпталып, абақтыға аттанған жас жігіттерге қауіп көп, түрлі жергілікті топтар шабуыл жасайды. Сол кезде діни радикалды топтар қорғансыздарға өз қамқорлығын ұсынып, қорғаштайды. Түрмеден шыққан соң түрлі діни қорларда жұмыс істеуді ұсынады. Жалғыз қалған жастар аман қалу үшін мұндай мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысады. Алайда бұл радикалданудың алғашқы қадамы болып есептеледі. Яғни, түрмедегі жайтты реттемей, терроризмге тұсау салу мүмкін емес.
Оқшаулауға Ресей де көшті. Террористерді бөлек қамау мәселесін көрші Ресей 2018 жылдан бері қолға ала бастады. Парламент арнайы заң жобасын дайындады. Олар да жоғарыда айтылған фактордан үркіп отыр. Түрмедегі террористер діни радикализмнің таралу орталықтарына айналуы мүмкін. Тек 2019 жылдың алғашқы алты айында ғана Ресейде терроризм бабымен 121 адамға үкім шыққан. Бұл сан солтүстік көршінің ішкі жағдайы күрделі екенін көрсетіп отыр. Дегенмен ресейлік құқық қорғаушылар жаңа бастама «жалмауыз аулау» үрдісіне айналуы мүмкін деп қауіптеніп отыр. Яғни, терроризммен күрес деген желеумен айыбы дәлелденбеген азаматтар да жоғарыда айтылған түрмелерге тоғытылуы мүмкін. Мәселен, сарапшылар осы елдің арнайы қызметі 2017 жылы Санкт-Петербор қаласындағы метродағы жарылыстан соң Гаджиев есімді азаматты қинап, террористік актілерге қатысы бар екенін ырқынан тыс мойындатқан деп отыр.
Жоғарыдағы мысалдар әр ел терроризм және экстремизммен шама-шарқы келгенше, заңды-заңсыз әдістермен күресіп жатқанын көрсетеді. Сондай-ақ заңсыз әдіске жасырын түрмелер де жатады. БҰҰ-ның мәліметінше, әлемнің 66 елінде ресми тіркелмеген, құпия түрмелер бар. Мамандар бұл түрмелерде ешбір айыпталушының немесе бас бостандығынан айырылғандардың құқығы қорғалмайтынын айтып, дабыл қағады.
Елдегі жағдай. Қазақстандағы жағдай да мәз емес. Бүгінде 500-ге жуық кісі экстремизм және терроризм баптары бойынша түрмеде жазасын тартып жатыр. Олардың біршамасы аса қауіпті қылмыскерлерге арналған «Қара бүркіт» түрмесінде. 2017 жылы Бас прокурордың орынбасары болған Андрей Кравченко: «Террористер белгілі топтармен бірге қамауда болса, онда өзгелерге ықпал ете алады. Ортақ идеялар пайда болады. Сондықтан халықаралық практиканы ескере отырып, оларды бөлек ұстау қажет деген қорытындыға келдік» деген еді.
Иә, терроризм – қауіпті идеялық дерт. Алайда бұл құбылыспен күрес дінмен күреске айналмауы тиіс. Олай болса, радикалдардың қатарластарының көбеюіне жағдай жасалады. Ал айыбы дәлелденіп, қылмысы айшықталған террорист, экстремистердің түрмеде қалай ұсталуы әлі басы ашық мәселе. Бәлкім, ең тиімді жолы – өзгелерге ықпал етпеу үшін бөлек ұстап, қоғаммен байланысын да үзбеу керек шығар. Себебі ол оқшауланған сайын ертең түрмеден босап шыққанда бейбіт өмірге қайта бейімделуі, қауіпті көзқарастарының өзгеруі қиындай түседі.
Нұрмұхамед БАЙҒАРА