Үкімет басшысы Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екенін айтты.
«Екіжақты өзара іс-қимылды кеңейтуде біздің мемлекеттеріміздің басшылары арасында қалыптасқан достық қарым-қатынас үлкен рөл атқарады. Екіжақты форматта қарқынды жүргізіліп жатқан сындарлы диалогпен қатар БҰҰ, ИЫҰ, ЕҚЫҰ және АЫСШК шеңберіндегі практикалық өзара іс-қимыл табысты дамуда», – деді Асқар Мамин.
Түркия Қазақстанның негізгі сауда серіктестері – 10 елдің бірі саналады. Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 2019 жылдың қорытындысы бойынша $3 млрд-тан асты. Биыл 8 айда екіжақты сауда былтырғымен салыстырғанда 1,4%-ға өсіп, $2,1 млрд-қа жетті. Тәуелсіздік жылдарында Түркиядан Қазақстанға тікелей инвестиция көлемі $3,7 млрд-тан асты.
Тараптар екі елдің әскери білім беру және қорғаныс-өнеркәсіп кешені салаларындағы ынтымақтастығының жай-күйі мен перспективаларын, оның ішінде түрік компанияларының ҚӨК саласында бірқатар инвестициялық жобаларды іске асыруын талқылады.
Кездесуге Қазақстан Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев пен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов қатысты.