Үш бірдей қазақ – әлем чемпионы
Үш бірдей қазақ –  әлем чемпионы
408
оқылды

Маңғыстаулық үш спортшы Азамат Абаев, Әбубәкір Жәнібеков және Әлия Тілепова Украи­на­ның Киев қаласында өткен джиу-джитсудан Әлем чемпионатында алтыннан алқа тақты.

Джиу-джитсудың «ком­бат» системасы бойын­ша өткен біріншілікке 17 елден 300-ге тарта спортшы қа­тыс­қан. Екі күнге созылған бә­секеге Қазақстан құрама­сынан 26 спортшы барған.

Сайыста Азамат Абаев +94 келі салмақ дәрежесінде Латвия, Украина, Польша, Қазақстан мемлекетінің спортшыларымен 4 кездесу өткізіп, жеңімпаз атанды. Өткен жылғы чемпионат ол үшін сәтсіз өткен болатын. Биыл бапкер қойған межені орындап шықты.

Бұған дейін Азамат – елдегі бірнеше чемпионаттың жүлдегері атанған спорт шебері. Ал 63 келі салмақтағы Әлия Тілепова бұл сайыста Түркия, Украина, Панама мемлекеттерінің спортшы­лары­мен кездескен. Бірақ бұл чемпионат Әлия үшін оңай болған жоқ. Алдымен Панама өкілінен басым тү­сіп, кейін түркиялық спорт­шыны жа­рыс­тан ығыс­тыр­ған. Ақтық бәсекеде алаң иесі­мен кез­дес­кен Әлия оны ұпай саны­мен жеңіп шықты. Осы жылы Моң­ғолияда өткен Азия чемпионы, екі мәр­те әлемдік сынның қола ме­даль иеленген қазақ қы­зына жарыс соңын­дағы ма­ра­паттау кезінде CJJF өкіл­де­рі қара белбеу атағын тап­сырды.

Әбубәкір Жәнібеков бұ­ған дейін алты рет әлемдік бә­­се­­кеге қатысып, оның бар­лы­­ғын­да күміс пен қоланы ен­ші­­леген. Атап айтар бол­сақ, бүкіл әлемдік жекпе-жек ойын­­­­дарының және Таи­ланд­та өткен студенттер ара­сын­дағы әлем кубогының жеңім­пазы атанған. Енді, міне, жүл­делерінің қатарын алтын­мен толықтырды. Жарыс бары­сында ол 62 келі дәреже­сінде Украина, Ираннан келген қарсы­ла­сының бар­лығына мүмкіндік қал­дыр­маған.

– Қазан айының басында Қазақстан чемпионаты өтті. Файтинг невазадан жолдама алдық. Бұйыртса, Абу-Дабиде 20-24 қарашада Әлем чем­пионаты болады. Енді сол турнирге қатысамыз, – дейді спортшылардың жеке бап­кері Болат Дүйсенбиев.

Әлем чемпиондарын Ақ­тау қаласының әуе­жайынан Маң­ғыстау жұртшылығы сал­танатты түрде күтіп алды. Оның арасында Облыстық спорт басқармасы мен об­лыстық джиу-джитсу
фе­­де­рация басшылары да болды.

«Киев қаласында өткен Әлем чемпионатында чем­пион атанған спортшыларды жар­қын жеңісімен құттық­тай­мын. Бұл ұлттық құрама мен жеке бапкерлердің төк­кен терінің еңбегі деп білеміз. Осындай байрақты бәсекеде Қазақ елінің көк Туын көтерген спортшыларға шын көңілмен алғыс білдіремін» деген Мәдениет және спорт министрлігінің арнайы құт­тықтау хаты оқылды.

Сондай-ақ Nur Otan пар­тиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бі­рін­ші орынбасары Елубай Әбілов әлем чемпиондары мен бапкерін марапаттады. Ел мерейін үстем еткен спорт­шыларға алғысхат пен қаржылай сый жасалды.