Қырғызбаев күткен алтын
Қырғызбаев күткен алтын
462
оқылды

Біріккен Араб Әмірлігінде дзюдодан Grand Slam турнирі өтіп жатыр. 24-26 қазан күн­дері әлемнің 95 елінен келген 553 дзюдошы сынға түседі. Бәсекеде бастысы жүлде бол­ғанымен, ұпай санын ұмыт­паған жөн. Ұпай саны рейтингке әсер етеді. Ал рейтингтегі ал­ғашқы сегіздік олимпиадаға жолдама алады.

Абу-Дабидегі байрақты бә­секеде ел намысын 16 спортшы қор­ғайды. Ерлер арасында 60 келі салмақта Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев бар. 66 келіде Ерлан Серікжанов пен Елдос Жұмақанов, 73 келіде Жансай Смағұлов, 81 келіде Дидар Хамза мен Руслан Мусин күреседі. 90 келіде Ислам Бозбаев, 100 келіге дейінгі салмақта Арман Қалиев пен Айбек Серікбаев, 100 келіден аса салмақта Ерасыл Қажыбаев пен Ғалымжан Қырықбай сынға түседі. Әйелдер арасында 52 келіде Анна Казюлина, 57 келіде Севара Нишанбаева, 63 келіде Иоланта Бердібекова, 70 келіде Зере Бекқасқызы өнер көрсетеді.

Бас бапкер Айдын Смағұлов judo team instagram парақшасында ойымен бөлісті. «Әлем чемпиона­тынан кейін командада айтар­лық­тай өзгеріс жоқ. Бәрі де бабында, бәрінің де көңіл күйі тамаша. Осакада өтетін Гран-при турниріне рейтингтегі ұпайы аздау спортшы­ларды апарамыз. Желтоқсан айын­да жылдың қорытынды жарысы – үздік 16 спортшы қатысатын Masters додасы бар. Ал 2020 жыл, Олим­пиада жылы Израильдегі турнир­мен басталады. Рейтингтегі ұпайы­мыз жаман емес, команда­ның басым бөлігі жолдама алады деген сенім бар» дейді.

Турнирдің бірінші күні жарыс жолына 60 пен 66 келі салмақ дә­режесінде балуандар шықты. 60 ке­ліде Елдос Сметов С тобында, Ғұсман Қырғызбаев B тобында бақ сынады. Бірінші жекпе-жекте Сметов бразилиялық Фелипе Китадайды жеңсе, Ғұсман корей балуаны Харим Лиден басым түсті. 1/8-де Қырғызбаев әзірбайжан балуаны Давуд Маммадсойды, Елдос германиялық Мориц Пла­фикиді жеңді. Келесі кезеңде Ғұсман бразилиялық Фелипе Пелимоммен кездессе, Сметов француз Валид Хярдан айласын асыра алмады. Жұбаныш бел­десуінде ол ресейлік Роберт Мшвидобадзеден жеңіп, кіші финалға жолдама алды. Қола үшін күресте Яго Абуладзеге жол берді. Қырғызбаев болса Яго Абуладзені жеңіп, финалға өтті. Егер Сметов Абуладзені жеңгенде Қырғыз­баевпен күресін көрер ме едік? Ғұсман финалда Валид Хярмен тамаша күрес көрсетті. Дзюдо жан­күйерлері Қырғызбаевтың өнеріне тәнті болды. Сөйтіп, ол 60 келі салмақта Grand Slam турнирі­нің жеңімпазы атанды.

Қырғызбаев алған жүлдесімен әлем чемпионатындағы қатесін жуып-шайды. Сметовке есін жи­ма­са болмайды. Өйткені Ғұсман өзінің жақсы қарсылас екенін дә­лелдеп келеді. Оған кешегі Валид­пен өткен кездесуі куә. Барлы­ғының діттегені – олим­пиада. Ал олимпиадаға кіл жүйріктің ішіндегі бір ғана мықты жолдама алады.

66 келіде сынға түскен Елдос Жұмақанов бірінші жекпе-жегінде украиналық Богдан Ладовтан басым түсті. Келесі кезеңде испан балуаны Альберто Мартиннен жеңілді. Осы салмақта күрескен жерлесіміз Ерлан Серікжанов B тобында өнер көрсетті. Ол бірінші айналымда Павел Петриковты ығыстырған Дмитрий Шершаньды жеңді. Алайда әзірбайжан балуаны Орхан Сафаровтан ұтылып қалды. Нәтижесінде, Сафаров турнирдің күміс медалін қанжығасына бай­лады.

Жарыстың екінші күні 73 келі салмақта Жансай Смағұлов, 81 келі салмақта Руслан Мусаев пен Дидар Хамза өнер көрсетеді. Жансай Смағұлов итальян Фабио Базилеге қарсылас болады. Естеріңізде болса, Жансай Фабиомен бірнеше мәрте кездескен. Олимпиада чем­пионы осы жолы Жансай­дан ай­ласын асыра алмады. Бірақ келесі кезеңде отандасымыз жарыс жолын тоқтатты. 81 келідегі алғаш­қы бәсекесінде Руслан әзірбайжан балуаны Хидаят Гейдаровтан жеңі­ліп қалды. Дидар Хамза португал­дық Анри Эгутидзе­мен кездеседі.

Дидар сұхбаттарының бірінде алдағы Grand Slam бәсекесінде жеңім­паздар мен жүлдегерге рей­тингте көп ұпай берілетінін айтқан. Дидар сөзінің жаны бар. Алда – олимпиада. Ал төртжыл­дықты түйіндер бәсекеге жолдама алу рейтингке тәуелді. Ол қазір рей­тингте 16-орында тұр. Мақсаты – олимпиадаға дейін үздік сегіздікке ену. Ал ол үшін Абу-Дабиде барын салуы керек.

Жарыстың үшінші күні 90 келі салмақта Давид Клам­мерт пен Алтанбагана Галтунга жұбы­ның жеңімпазы Ислам Бозбаевқа жұп болады. 100 келіге дейінгі салмақта Айбек Серікбаев грек балуаны Георгис Маллияро­поулоспен күреседі. Аталған сал­мақта Арман Қалиев бар. Ол Никита Свирид пен Автар Сингх жұбының жеңім­па­зымен сынға түседі. 100 келіден жоғары салмақта Ерасыл Қажыбаев германиялық Йоханнес Фреймен, Ғалымжан Қырықбай тәжік ба­луа­ны Темір Рахимовпен белдеседі.

БАӘ-дегі Grand Slam-нан кейін алда Осакадағы Гран-при турнирі бар. Содан кейін бағыт, жыл қоры­тындысы – Masters. Кіл мықтылар бақ сынайтын турнирді төрткүл дүние күтеді. Бастысы, рейтингте ауыс-түйіс болып, олимпиадаға жолдама сарапқа салынады.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ