Мұрат Әуезов, мәдениеттанушы: Мұхтар – мұхит, бойлаған сайын тереңдей бересің
Мұрат Әуезов, мәдениеттанушы: Мұхтар – мұхит, бойлаған сайын тереңдей бересің
1,211
оқылды

Р.Бердібаев атындағы Ха­лық университетінде ке­зекті дәріс өтті. Дәріскер – мемле­кет және қоғам қай­раткері, мә­­дениеттанушы Мұрат Әуезов. Кешті М.Әуезов атын­дағы Әде­биет және өнер инс­ти­тутының директоры Кен­же­хан Матыжа­нов жүргіз­ді. Біз Мұрат Мұх­тарұлы дәрісінің ықшамдалған нұсқасын ұсы­нып отырмыз.

«Жас тұлпар» – ұлттық рух

«Жас тұлпар» ұйымы өткен ға­сырдың 60-жылдарының басында Мәскеуде құрылып, Одақтың біраз ірі қалаларындағы қазақ сту­дент­терінің басын біріктіріп, қы­руар жұмыс атқарды. Қазақстан­ның көп­теген облысын аралап, халық­пен кездесіп, концерттер ұйым­дас­тырып, лекциялар оқы­дық. Осы жерде бір мәселені айта кетуіміз керек. Көпшілік арасында «Жас тұлпар» сол жылдары құры­лып, бі­рер жылдардан кейін тарап кеткен ұйым деген пікір қалып­тас­қан. Бұл – түбегейлі қате пікір. «Жас тұлпар» – уақыты мен кеңіс­тігі шек­теулі ұйым немесе қозға­лыс емес, бұл – ұлттық рух, «басқа­ша ойлау» рухы, көтеріліс рухы. Сон­дықтан ол әлі де жалғасып келеді. Себебі рух өлмейді, ешбір жүйе оны жеңе алмайды.

«Эстетика кочевья» да, «Мә­дени мұра» бағдарламасы бары­сындағы жұмыстарымыз да, бәрі – осы рух­тың нәтижесі.

Мәскеуден Әлем әдебиеті инс­титутының аспирантурасын бітіріп, мамандығым бойынша жұмыс іс­теуге асығып елге орал­ғанда, алдым­нан биліктің «Сізге жастармен жұ­мыс істеуге бол­май­ды» деген бұй­рығы шыға келгенде тауы­мыздың шағылмауы – осы рухтың арқасы.

1975 жылы «Эстетика кочевья» жинағымызды түгел жойып жібер­ген­нен кейін, академиялық ортадан кетуді шештім. Ол жылдары менің жастұлпарлық досым, тарихшы Марат Сембі Қазақстан бойынша тарихи-археологиялық экспеди­ция­ларды басқарып жүретін. Тағы да сол рух жастұлпарлықтардың басын қосып, ел аралап, жер аралап кеттік.

Қайда жүрсек те, өзімізбен пі­кірлес адамдарды таба білдік. Мы­салы, осы Алматымызға оралғанда да өзімізге рухтас аға-іні буын өкіл­де­рі­мен бірге жүрдік. Олардың әр­қайсысы – ұлттық мәдениетіміз бен тарихымызда өшпес із қалдырған Асқар Сүлейменов, Мұқағали Мақатаев, Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Ақселеу Сейдімбеков, қаны, жаны қазақ Алан Медоев сияқты алып тұлғалар. Олармен бірге елден жырақта, орыс­тілді ортада жүріп, шорқақтанып, ақсай бастаған ана тілімізге оралып, оның небір маржандарымен барын­ша жақын таныса бастадық. Асқар Сүлейменовтің домбырасына әбден үйреніп алғанымыз соншалық, еш­бір кездесуіміз домбырасыз өт­пейтін болды. Қазақ музыкасының сим­­ме­т­ро­ло­гиясының негізін салған Болат Қарақұлов та, қазақтың ұлт­тық му­зы­ка­лық аспаптарын, тіпті Моңғо­лия­ға дейін барып жинақтаған Болат Сарыбаев та біздің қатары­мызда болды.

Социалистік реализмнің тар соқ­пағынан шығар жол іздеген С.Айтбаев, М.Қисамединов сияқты суретшілердің шығармашылық ша­рықтау кезеңі де осы рухтас болып жүрген кездері туды. Жастұлпар­лықтар Алматыда Махамбет кешін өт­кіз­бекші болғанбыз, дәл өтетін күні билік рұқсат бермей қойды. Марқұмның Махамбет бейнесіне ар­налған атақты графикалық топ­та­масының идеясы дәл сол күні туған еді. Көтеріліс рухы дегеніміз – осы!

Жастұлпарлықтардың тағы бір тақымын қысып, тарихи-мәдени процеске белсене араласқан тұсы – «Мәдени мұра» бағдарламасы. Алдымызда түрлі сұрақтар тұрды. Оның бірі де бірегейі – мәде­ние­ті­міздің тарихын қай кезеңнен бас­тай­мыз?

Әрине, оны он мыңдаған жыл­дарға дейін шегеруге болар еді. Бірақ бізге тарихи-логикалық әдіс, яғни осы күнгі тарихи көзқарастары­мыз­бен байланысы бар тұсын іздеу керек болды.

Қазақ халқы үшін ХХ ғасырдағы үлкен трагедия – ашаршылық. Бұл – көшпелі өркениеттің күйреуі. Қа­сіретті финал. Егер ол ақыры болса, онда сол өркениеттің бастауы қайда жатыр екен?! Көшпенділердің та­рихи сахнаға шығып, үлкен кеңіс­тіктерді игеріп, орасан зор күшке айналған тұсы – қола және темір дәуірі, яғни аттың темірден жасал­ған ауыз­дығының пайда болған кезеңі. Бұл осыдан екі жарым мың жыл бұрын үлкен тарихи өзгерістерге әкелген ғылыми-техникалық төң­керіс болды. Сөйтіп, көшпенділер зор күшке айналды. Бұл – бірінші. Екіншіден, біз Гегельдің «Осевая эпохасының» кезеңіне де сүйендік, бұл Иса пайғамбардың туған кезіне дөп келеді. Қытайда Конфуций мен Лаоцзы, Үндістанда буддизм, шы­ғыста Заратуштра да сол кезде дами­ды. Гректерде, бүкіл еурокеңістікте де үлкен өзгерістер болды. Демек, бұл – қозғалыс. Тарихшылар бұл ке­зең­ді «пайғамбарлар дәуірі» деп атай­ды.

«Ұлы Жібек жолы» қатынастары да осы ке­зеңдері шарықтады, Қытай мен Үндістан арасындағы байланыс, сауда-саттық, миграция күшейді. Мәдениеттер байланысы, рухани қарым-қатынас өсті, ал бұл, өз кезе­гінде жалпы мәдениеттің дамуына үлес қосты. Рухани мұра гүлденді, әлемдік діндер тарих сахнасына шықты.

Міне, біз сол баяғы бастауды ізде­генде, жалпыадамзаттық даму­дағы осындай тарихи-логикалық байланыстар тұрғысынан қарауымыз керек. Ал отаршыл мемлекеттер ғы­лыми процестегі мұндай көз­қарас­тарға түбегейлі қарсы. Кез келген отаршыл мемлекет, тоталитарлық режим өзінің үстемдігін бекіте түсу үшін тарихи-мәдени-әдеби про­цес­терді зерттеп-зерделеуде «фраг­ментарлық ойлауды» құптайды, соған кең жол ашады. Кеңестік режим тұсында бізде де дәл осылай болды. Жастұлпарлық М.Тәтімов­тың ашаршылыққа байланысты еңбегіне «қойды санауға болады, адамды санауға болмайды» деген Мәскеуден келген жауап та осы сұмырай саясаттың бірден-бір көрінісі.

Сондықтан «Мәдени мұра» бағдар­ламасына кіріскендегі ең бас­ты мақсатымыз еліміздің тарихи-мәдени процесін тұтас қозғалыстар тарихы ретінде қарастыру болды. Көшпенділердің тарих сахнасына шыққаннан бастап, оның ақыры болған ХХ ғасырдың басындағы зұлмат – ашаршылыққа дейінгі дәуір, яғни екі жарым мыңжылдық тарихи тұтас дәуір.

 

Абай – зар заман ақындарының мұрагері

Мұның бәрін бекер айтып отыр­ған жоқпын. Абай, Мұхтар тақыры­бына ауысар алдындағы жай ғана тарихи экскурсия емес. Олар да сол жоғарыда айтылған тұтас та­рихи-мәдени-әдеби процестің заң­ды жалғасы.

Біз Мұхтарды білу үшін Абайды танып-білуіміз керек, ал Абайды түсіну үшін оның алдындағы Асан қай­ғыдан бастап, Доспамбет, Мұрат, Шортанбай сияқты бүкіл зар заман ақын-жырауларының зары мен қайғысын зерделеуіміз керек. Әңгіменің негізгі төркіні – осында.

Көшпенділер өркениетінің, яғни ел мен жер бостандығының, кең кеңістік пен азат ұғым, түсінік, әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің жойы­лып бара жатқанын сезінген ақын­дар зар жырларын шығарды, халқы­мен ортақтасты, бірақ одан шығар, тойтарыс берер жол таппады. Асан қайғы «Жерұйығын» іздеп, жер шарлады, Доспамбет «қоғалы көл­дер, қом суларын» жырға қосты.

Жақында ғана М.Әуезовтің 50 томдығының төртінші томындағы зар заман ақындарына талдауын сүй­сініп оқып шықтым. Қандай ғажап дүние! Ол Асан қайғы, Бұқар жырау туралы сондай жақсы талдау береді. Әуезов сол мақаласының соңында «...зар заман ақындары Абайға келіп тіреледі. Сол себепті енді Абайға көшеміз» дейді.

Демек, Мұхтар Абайды осындай байланыста қарайды. Абай – олар­дың мұрагері. Абай – ғасырлар бойғы бүкіл мұраны танып-біліп, бойына жинақтап қана қоймай, сол зар заманнан шығудың жолын таба білді. Оның данышпандығы да, ұлылығы да осында жатыр. Оның бүкіл шығармашылығы, филосо­фиясы, өлеңдері мен қарасөздері, барлығы кездейсоқ емес, күресу жолы. Абай біздің ұлт ретінде сақталып қалуымыз үшін Құдайдың өзі жіберген құтқарушымыз.

Абай Алаш азаматтарының рухани көсемі болды. Біз Абайды зерттеп-зерделегенде, оны алдыңғы буын ағалары – зар заман ақын­да­рынан да, кейінгі буын іні-шә­кірттері Алаш азаматтарынан да бөліп қарамауымыз керек.

 

«Әуезов және Жапония» – тың тақырып

Мұхтар Әуезовке келер болсақ, оның да бірде-бір шығармасы, бірде-бір әрекеті кездейсоқ емес. Осы уақытқа дейін ешбір әдебиет­тану­шы, әуезовтанушы «Әуезов және Жапония» деген тақырыпқа мүлдем ба

рмаған. Кезінде алаштық­тар батыс басқыншылығына қарсы тұру жолдарын іздегенде, бүкіл Еу­разия кеңістігінде мұндай отаршыл­дыққа төтеп беріп, қарсы тұра алған бір ғана мемлекет бар екенін біледі. Ол – Жапония. Сөйтіп, Алаш аза­маттарының арнайы тапсырмасымен жиырмаға енді ғана толған Мұхтар «Жапония» атты көлемді мақала жазады. Кейін 1957 жылы бір айдан аса уақыт Жапонияда болып, көпте­ген қаласын аралап, жүрген жерінің бәрінде Абайдың туған жері Семейде болып жатқан ядролық жарылыс­тарға қарсы сөз сөйлейді. Мұның бәрі күнделіктерінде жазылған, тың­шылардан жасырмақ болып, басым көпшілігін араб графикасымен жазған тұнып тұрған күрес емей не?!

«Қилы заман» повесін алып қа­райықшы. Оны түрік тектес халық­тардың жеңісі, Алаш азаматтарының ұраны, Абайдың жемісі деуге бола­ды. Қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр ха­лық­тарының отаршылдыққа қарсы бірлескен көтерілісі. Ұлы шы­ғарма! Тағы сол түрікшілдік рух!

Абай және оның заманы – көшпенділік өркениетінің соңғы салтанаты. Міне, сол қайта келмес көшпенділер тұрмысының бүкіл болмысын келер ұрпаққа барынша сақтап қалу керек болды. Сондықтан Мұхтар Әуезов саналы түрде қазақ әдебиеті тарихында бұрын-соңды болмаған роман-эпопея жанрына келді. Бұл тек ұлы суреткердің ғана қолынан келетін еді.

«Абай жолындағы» Боран бө­лімін жеке алып талдауға болады. Боран – ол ашаршылықтың бейнесі. Міне, тағы да сол тарихи-логикалық байланыс, себеп пен салдар. Мұхтар Әуезов – күрескер, ол шығарма­шылығында да, қайраткерлік-аза­мат­тық болмысында да ешқашан өзі­нің саналы күресін тоқтатқан емес. Ол – Абайдың ізбасары, шә­кірті, Алаш азаматтарының жалғасы. Мұхтар – мұхит, бойлаған сайын тереңдей бересің.