Жаңақонысқа жарық беріледі
Жаңақонысқа жарық беріледі
268
оқылды

«Nur Otan» партиясы Ақ­төбе қалалық филиалы төра­ғасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Жүсіпов және пар­тияның қалалық филиалы жа­нындағы партиялық бақы­лау комиссиясы мүшесі Ар­дақ Өтегенов энергиямен жаб­дықтау мәселелері бойын­ша Жаңақоныс-3, Жаңа­қоныс-4 тұрғын үй ала­бына барды. Рейд барысында ТКШ өкілі, энергетика және инженерлік желілер құры­лысы секторының меңгеру­шісі Марат Ізбастенов энер­гиямен жабдықтау объек­тілері құрылысының жай-күйі туралы айтып берді.

Оның мәліметінше, жобаны аяқтау негізінен 2020 жылдың желтоқсан айына белгіленген. Бүгінгі таңда жоба Жаңақоныс-3 тұрғын үй алабында 95 пайызға, ал Жаңақоныс-4 тұрғын үй алабында 90 пайызға дайын. Жұмысшылар жұмысты аяқтаған соң сынақ жұмыстары жүргізілмек. Сынақ жұмыстары аяқталып, жұмысқа жарамдылығы расталғаннан кейін энергиямен жабдықтау желісі іске қосылады. Қазір мұнда жаңа үлгідегі 7 транс­форматор және 2 таратушы орнатылған. Барлық қажетті қо­сал­қы бөлшектер жаңа, сапа және сәйкестік сертификаты бар. Жобаға сәйкес тұрғын үй алабы бойынша көше жарығы да қа­растырылған. Оның жұмысы Жаңақоныс-3 тұрғындарын да қызықтырады. Қазіргі уақытта Жаңақоныс-3 тұрғын алабында жарығы мен жылуы жоқ кішкентай балалары бар 5 отбасы тұрады. Бұл мәселе Ақтөбе қалалық филиалының партиялық бақылау комис­сия­сының қатаң бақылауына алынған. ТКШ өкілінің ақпараты бо­йынша, газ өткізу мәселесі қала әкімшілігінде қаралып жатыр. Қазіргі кезде Жаңақоныс-4 тұрғын үй алабына жылу беру жобасы мен сметасы бекітілген. Ал Жаңа­қоныс-3 тұрғын үй алабына газ беру мәселесі қарастырылуда.

Әбілмансұр ЖАСАН