Ақтөбеден «Алтын адам» табылды
Ақтөбеден «Алтын адам» табылды
862
оқылды

Зерттеушілер Ақтөбе облысында алтын бұйымдарымен бірге жерленген адамды тапты.

Облыстың Темір ауданы Тасқопа ауылы бұрын қала болған. Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қолдауымен Ә.Марғұлан атындағы археологиялық институттың басқаруымен Тасқопада екі ай бойы қазба жұмыстары жүргізілді.

Облыс басшысының айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында және Елбасының тапсырмасына орай тарихи-мәдени жәдігерлерді зерттеуді қолға алған.

«Қазба жұмыстары жүргізіліп, қаржылай қолдау көрсетілді. Бүгін, археологтардан ақжолтай хабар келді. Темір ауданының Тасқопа елді-мекенінің маңынан б.з.д. V ғасырда алтын киіммен жерленген сармат көсемінің қорғаны табылды.

Кезекті «Алтын киімді көне ескерткіш» - Ақтөбе өңірінің ғана емес, бүтін қазақ елінің тарихында ерекше орын алатын тарихи құндылық.
Кешегі Есік қаласынан, Шығыс пен Атыраудан табылған көне ескерткіштердің жалғасы бүгін Ақтөбе жерінен де көрініс берді. Бұл дегеніміз сол заманда қазақ жерін мекендеген бабаларымыз өркениеттің жоғары сатысында өмір сүргендігін көрсетеді.
Бұл қойнауы құтты, тарихы тереңде жатқан Ақтөбе өңірінен табылған құндылықтардың бастамасы ғана деп білемін. Мұндай тарихи жәдігерлер әлі де көптеп табылып, Дүние жүзінің алдында Қазақ елінің мәртебесін көтереді деп сенемін», - деді Облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Темір ауданының әкімі Жолдас Қалмағамбетов: «Қазба жұмыстары тамыз айында басталды. Барлығы 15 қорған анықталып, биыл 4 қорған зерттеліп жатыр. Біреуінен «алтын адам» табылды. Нақты айтқанда белдігі, дулығасы, түрлі бұйымдар алтыннан жасалған. Зерттеу жүргізіліп жатыр. Тариха сүйенсек, бұл жерде сарматтардың ескерткіші бар. Табылған қорым біздің заманымызға бейінгі V ғасырға жатады. Мұндай жерлеу тек тайпа көсеміне тән», - дейді. Табылған алтын бұйымдар Алматыға зерттеуге жіберілген.