Сингапур – сенімді серіктес
Сингапур – сенімді серіктес
222
оқылды

Мемлекет басшысы Сингапурдың аға министрі – Ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі үйлестіруші министр Тео Чи Хинді қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Сингапур арасындағы қазіргі жағдайды және саяси, сауда-экономикалық салалар бойынша перспективті жобаларды, сонымен қатар цифрландыруға қатысты бірлескен іс-қимыл мәселелерін талқылады.

Екі ел арасында достық қарым-қатынас орнағанын айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев қазан айында Ереванда өткен ЖЕЭК саммитінде Сингапур премьер-министрі Ли Сянь Лунмен келелі келіссөз жаса­ғанын жеткізді. Сондай-ақ Мем­лекет басшысы Сингапур президенті Халима Якобке өзінің сәлемін жеткізуді өтінді.

– Мен Сингапур президентін бұрыннан танимын. Екеуміз де өз елдеріміздің парламенттерінде спикер қызметін атқардық. Мен оның мемлекет басшысы бол­ғанына өте қуаныштымын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Тео Чи Хин Қасым-Жомарт Тоқаевқа Сингапур президенті мен премьер-министрінің ақжарма тілегін жеткізді. Сонымен қатар екі ел арасындағы байла­ныс­тарды одан ары нығайта беруге ниетті екенін атап айтты.  

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев осы күні Әділет ми­нистрі Марат Бекетаевты, Президенттің Парламенттегі өкілдігінің басшысы Бейбіт Исабаевты, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері Ерлан Саиров пен Мұхтар Тайжанды қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Әділет министрі Марат Бекетаевқа Үкімет дайындайтын заң жоба­ларының сапалы орындалуына көңіл бөлуді тапсырды.

Бейбіт Исабаев Мемлекет басшысына Парламенттегі өкіл­­діктің жұмысы, Прези­дент Жолдауы мен сайлауалды бағ­дар­ламасында берілген тапсырмаларды іске асыру барысында негізгі басымдықтарды қамтитын заң жобаларының қаралып жатқаны туралы баян­дады.

Ерлан Саировпен әңгіме барысында еліміздегі қоғамдық-саяси жағдай және әлеуметтік-рухани мәселелер, мемлекеттің аймақтық дамуы туралы талқыланды.

Сонымен қатар кездесуде Президенттің Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттары, еліміздің кейбір шекаралық аудандарының дамуы, көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту және жас ұрпаққа сапалы білім беру жағдайы сөз болды.

Мұхтар Тайжанмен өткен кездесуде жер мәселесі, әскери-патриоттық тәрбие беру, қылмыстық жазасын өтеген азаматтарды жұмысқа орналастыру жайы қозғалды.

Сондай-ақ кездесу барысында өңірлердегі азаматтарды баспанамен және жұмыспен қамту, жол салу, экология мәселелері айтылды.