Шымкент қаласындағы Меga Planet сауда, ойын-сауық орталығында «Менің туым, Менің Отаным!» кезекті патриоттық акциясы өтті. Ауқымды шара Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалы және Jas Otan Жастар қанатының қолдауымен ұйымдастырылды.
Патриоттық акцияның негізгі мақсаты – мемлекеттік туды қоғамдық орындарда, сауда және ойын-сауық орталықтарында, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында орналастыру.
Республикалық маңызды шарада Nur Otan партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов сөз сөйлеп, айтулы бастаманың маңыздылығына тоқталды.
– Отанды сүйетініңді сезіну үшін бір сәт мемлекеттік туға қарап Әнұранды, патриоттық әндерді айту керек. Ондай сәтте елге, жерге деген сүйіспеншілік қаныңды тулатады. Осындай игі жобаны бастағанымызға қуаныштымыз! Мен қала жастарын, Шымкенттегі белгілі сауда орталықтары, оқу орындары осы акцияны түгелімен қолдап, ары қарай жалғастыруға шақырамын, – деді Бахадыр Мәдәліұлы.
Акция мемлекеттік туды көтеру салтанатымен басталып, әнұран орындаумен жалғасты. Оған партия қызметкерлері, Шымкент қаласының жастары, студенттер белсенді түрде қатысты.
Салтанатты кеш соңында, ұйымдастырушылар тобы Nur Otan партиясының мемлекеттік туды кеңінен насихаттау және қазақстандық жастар арасында патриоттық сезімді қалыптастыру мақсатындағы «Менің туым, Менің Отаным!» патриоттық акциясын қолдауға және оны белсенді жүзеге асыру үшін атсалысуға шақырып, келесі кезекті «Мұз сарайы» сырғанақ алаңының қызметкерлеріне жолдады.
Айта кетейік, Қазақстанның Мемлекеттік рәміздерін қабылдау процесіне Елбасы – Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан үлесі орасан зор. Елбасының тікелей жетекшілігімен 1992 жылы жаңа мемлекеттік нышандарды даярлау бойынша жұмыс тобы құрылды. Сол уақыттан бастап еліміздің мемлекеттік рәміздері Қазақстанның табысты дамуының белгілеріне айналды.
Әбілмансұр ЖАСАН