Alma U университетінде отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған, ата-аналарға арналған I БөпеForum өтті. Форум аясында отбасындағы тәрбие мәселесі, отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынастың даму жағдайлары кеңінен талқыланды.
Қоғамдық процесстер сәт санап күрделеніп, ол отбасындағы қатынастарға да әсерін тигізе бастады. Жақсысы да, жаманы да бар. Сапалы, тәрбиелі буын қалыптасып шығу үшін әкенің рөлі күшті болуы шарт. Өйткені ол – отбасының тірегі, табыс табушы адам және кіші отанындағы кез келген шаруаға әмірін жүргізе алатын басшы. Ал ондай адамның әлсіз немесе күшті сипатта болуы баланың тағдырына да, қандай адам болып өсуіне де әсерін тигізбек. Форум барысында спикерлер осы мәселелердің ара-жігін ашып, талдау жасауға тырысты. Шараға Nur Otan партиясы жанындағы Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес төрағасының орынбасары Динара Зәкиева, Алматы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Әсел Бейсенбаева да қатысты.
– Форумда біз заманауи Қазақстандағы отбасы және неке институтының ролін, оның проблемалары мен келешегін талқыладық. Сонымен қатар шара біткенше мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес беретін жәрмеңкелер де белсенді жұмыс істейді. Біз балалардың толыққанды отбасында бақытты ғұмыр кешуін қалаймыз. Ал оны тек армандап отыра бермей, білікті мамандардың кеңесін тыңдау да керек. Үш жыл бұрын біздің осы әлеуметтік жобамыз кішкентай ғана жәрмеңкеден бастау алған еді. Қазір еліміздің 10 қаласында осы фестивальді өткізіп отырмыз. Өзім де анамын. Отбасы болған соң әртүрлі сауалдар мазалайды. Сондықтан да осындай форум ұйымдастырайық, еліміздегі азаматтардың жақсы тұрмыс кешуіне, түйткілдерінің шешілуіне көмек беруге тырысайық деп шештік. Осы мақсатта «Бөпе» отбасы және неке институтын модернизациялау қоры құрылды, – дейді аталған қордың негізін салушы Айнұр Ілиясова.
Шараға көптеген мемлекеттік органдармен қатар жекелеген ұйымдар да қолдау білдіріп, белсенді қатысты. Солардың бірі – «Әйелдердің шығармашылық бастамалар лигасы». Аталған ұйымның төрағасы Әсия Хайруллинаның айтуынша, форум – дер кезінде қолға алынған маңызды жоба.
– Форумның өзектілігі сол – мұнда қалыпты жиналыс форматын бұзып, ата-аналар мен түрлі сала мамандары емін-еркін сөйлеседі, отбасы проблемаларын талқыға салады. Ешкім мұнда қағазда жазылған баяндаманы оқымайды. Екі ортада ашық диалог орнайды. Форум сонысымен де маңызды, – дейді ол.
«Бөпе» отбасы және неке институтын жаңғырту қорын құрушылардың бірі Махаббат Райымқұлованың пікірінше, жыл санап ажырасу саны артып келе жатыр. Елдің алдында тұрған басты міндет – осы статистиканы азайту.
– Қазіргі таңда миллионға жуық бала толық емес отбасында тәрбиеленіп жатыр. Олардың 700 мыңы анасымен, ал 300 мыңы әкесімен бірге тұрады. Бұл – өте ойланарлық және көңілді түсіретін жағдай. Неге ажырасу көбейді? Неге отбасы құндылығы құлдырауда? Біз осы мәселелерді талқылаймыз. Шешім шығарып, соны қоғамға сіңіруге, отбасыларды тәрбиелеуге күш саламыз. Шараға тек белгілі бір сала мамандары ғана емес, әртүрлі ортадағы сарапшылар шақырылды. Олардың қатарында әнші Бүркіт, YUFRAME жобасының қатысушысы, кәсіпкер Арман Юсупов, «Синергия» университетінің президенті Бауыржан Қасымбергенов, кәсіпкер Қайрат Құдайберген бар, – деді Махаббат Райымқұлова.
Форумның алғашқы бөлігі отбасыларды мемлекеттің қолдау мәселелеріне арналса, екінші жартысында түрлі тренингтер мен шеберлік сыныптары өткізілді.
Абай ҚАЗБЕКҰЛЫ