Патриархтың алтын күзі
Патриархтың алтын күзі
564
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­стан­ның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовке Еңбек Ері атағын берді. Бұл атақ ұлтқа қызмет етудің ұлы үлгісін көрсеткен сөз зергеріне беріліп отыр. Қаламгер қауым «Әбе» деп биікке көтерген жазушыға жасалған құр­мет қазақ әдебиетіне жасалған құрмет деп білеміз.

Мемлекеттік   сыйлықтың иеге­рі Дулат Исабеков өз Әбесі жайлы «Бір қызығы, Әбекеңнің өз айтуынша, 1-сыныпқа барып, он шақты күн ғана оқыпты. «Бірін­ші сыныпты бітіргенде екі-ақ әріпті біліп шықтым. Үш сы­нып­қа шейін, 50-60 күн оқыған шы­ғармын. Сөйтіп, бастауышты бітірдім» деп айтады. Сөйтіп жүр­ген Әбекеңді 16 жаста соғысқа алып кетті. «Курляндия» романын жазуына осы соғыстағы жылдары себепкер болды. «Курляндия» ке­йін «Күткен күн» болып ауыс­ты. Бір қарасаңыз, Әбекең – бала, бір қарасаңыз дана. Ол туралы шетелдік азаматтар да көп жазды, «Қазіргі заманның Шолоховы» деп те жазғандар бар. Шын мә­нін­де, «Абай» романынан кейін қазаққа осындай бір үлкен, дәуір тынысын білдіретін роман керек еді. Оны Әбекең жазып шықты. Сол роман жазу үшін қанын төкпеген шығар, бірақ қаншама терін төкті. Әбекеңнің бір қасиеті – ешқашан да шығармашылыққа селқос қарап көрген емес. «Соңғы парызын» бірнеше атпен шығар­ды. Әуелі «Із» болып жарияланып еді, кейін «Соңғы парызға» ауыс­ты. Қазір оның да атын өзгертіп, «Бір күн, бір түн» деп атапты. Бұл кітабы жақында «И был день, и была ночь» деген атпен Мәскеуде жарық көрді. Әбекең аудармаға ешқашан салғырт қараған емес. Әлі күнге дейін «Қан мен терді» іреп, іріктеп, екшеп, редакциялап жатыр. Қайта қараған сайын «әттеген-айы» көп болады. Заман өзгерді. Қоғам басқа дегендей. Өткен ғасырдың елуінші жылда­ры шыққан шығарма болған соң, әрине, өзгерістер болады. «Соңғы нұсқасын жазып біттім» деді жақында. Мүмкін соңғы 17 нұс­қа­сын оқып үлгермеген шығар­мын, бірақ мен үшін бірінші нұс­қаның орны бөлек. Одан ке­йін Әбеңе ешқашан редактор ұнап көрген емес. Баспа тарихын­да тұңғыш рет «Қан мен тер» ре­дак­­торсыз шықты. Бір де бір редакторды ұнатпады. Кітабы редакторсыз шыққан тұңғыш адам Әбекең болып тарихқа енді. Мұхтар Әуезов Лениндік сыйлық­ты алған тұңғыш қазақ болса, ол одан кейін КСРО Мемлекеттік сыйлығын бірінші алған адамның бірі. Тірі жазушылардың ара­сын­да бірінші болып моласын да салдырған адам. Әбекеңнің өз әде­биет әлемі бар. «Менің жазу­дан басқа ешқандай мақса­тым жоқ» деп айтады. «Құдайдан жыл сайын 31 желтоқсанда бір жыл ғұмыр бер деп сұраймын» деп жүрген Әбекең де 95-ке келді. Жа­сай берсін, жасай беріңіз, Әбеке!» дегім келеді.

Белгілі жазушы Смағұл Елу­баев Нұрпейісов шығарма­шы­лығымен 1961 жылы танысады. Онда мектепте оқитын кезі. «Кі­тап көрсе судай сіміретін мектеп баласымыз. Қырғын қызық «Қан мен терді» қуалап жүріп оқыдық. Өйткені біздің жан-жүрегімізді романның бірінші бетінен бас­тап-ақ Ақбала мен Еламанның бейбақ тағдыры жаулап алды. «Қан мен терден» кейін біз Ақ­бала мен Еламанды ұмыта алма­дық. Осы бейбақтардың тағдыр-талайын білген үстіне біле түс­кі­міз келді.

«Қан мен тер» кейіпкерлері Ақ­бала мен Еламан, Судыр Ах­мет, Сүйеу қарт, Тәңірберген, Қа­­лен, санаға басқан мөрдей жат­­та­лып қалды. Сонда бұ не? Бұ не сиқыр? Сөйтсек, бізді арба­ған бұл сыр кітаптың авторына, Әбе­ке­ң­е Алла берген суреткерлік си­қыр екен. Содан арада зымы­рап жылдар өтті. Жиырма­сын­шы ғасыр аяқталуға жақындады.     Көз алдымызда заман кенет күрт өз­­­герді. Кешегі әдебиет алыпта­ры­­­ның ойы тұрмақ түсіне кірме­ген заман басталды. Бұрын жұрт­тың қолынан кітап түспейтін бол­са, енді жұрттың қолынан теле­фон түспейтін болды. Кітап ұстап отыратын баяғы оқырман көзден бұлбұл ұшты, олардың   ор­нына айфон ұстап бүкшиген ұрпақ келді. Бір жақсысы, кешегі классиктер бұ сұмдықты көрмей кетті. Көрсе, құсалықпен өтер еді. Бірақ байқап қарасақ, ара­мыз­­да біреу жүр, сол алып­тар­дан қалған. Солардың қоста қалды­рып кеткен баласындай. Ол кім десеңіз... Ол – анау-мынау емес, Әбді­жәміл Нұрпейісов! Алыптар көшінен түсіп қалған жалғыз жаяудай, арамызда жүр. Бүгін­гі­лерге мүлдем ұқсамайды. Бәрі­не кешегінің көзімен қарайды. Қарайды да, күңіренеді. Күңірен­бей қайтсін?! Қайда қараса да, көзіне телефон ұстап отырғандар түседі, кітап ұстап отырғандар емес. Содан ал кеп жыны келеді. Өзде­рінің телефондарын тартып алып табанға сап езіп-езіп тастар ма еді. Бірақ көпке топырақ ша­ша алмайсың.

Бір күні қараса, айфон деген пәле өз қолында да отыр. Ал құты­лып көр! Жұртты жаппай жау­ла­ған бұл кәпірдің сыры не десе, қысқалық пен нұсқалық екен. Қысқалық, нұсқалық. «Оу, оу, бұл сонау жылдары «Климан­джа­ро қарларын» жазған жазушының стилі емес пе?! «Қан мен терді» жаз­ғанда   өзі де   осы стиль   жа­ғын­да болды емес пе?! Ендеше, мына жұрт   неге «Қан мен терді» емес, «Соңғы парызды» емес, ай­­фон­ды оқып отыр?! Сонда... Апыр-ау, сонда не болғаны?! Осы сұрақ жанын отқа да салды, суға да салды. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды.   

Ақыры «Қан мен терді» қайта қолға алды. Енді өз романына өзі мына қырқылжың заманның көзімен қарады. Содан... не бол­ды дейсіз ғой? Содан... бір біт­пей­тін жұмыс басталды да кетті. Романның май басқан бет­терін сылып ала бастады.   Ширата бастады. Бұл жұмысқа қамшының сабындай қысқа ғұмыры жетпей­тін болды. Содан ал кеп Алладан сұрасын, ғұмырымды ұзарта гөр деп. Қанизесі кең Құдай берді сұрағанын. Жұмысы аяқталған­ша, мәулет берді. Және жоғары­дан бақылап тұрды. Сөйтсе, бұ пенденің жұмысы аяқталар түрі жоқ. Анау-мынау емес,   ширек ғасырға созылды. Тек жақында   жас 95-ке таяғанда нүкте қойды «Қан мен терге»...

Бұл роман әлемнің 35 тіліне аударылды. Содан қазақтың Нұрпейісові, әлемнің Әбдіжәмі­лі­не айналды. КСРО атты алып империя оған «Қан мен тер» үшің өзінің ең жоғары Мемлекет­тік сый­лығын берді.

Сөйтіп, Компартия қазақ жазушысын төбесіне көтерді. Енді одан коммунизм құрылыс­шы­­лары туралы роман жазуды күтті. Яғни, алғыс күтті. «Жазып жатыр­мын» деді Әбекең. «Ком­мунизм құрып жатқан Арал ба­лықшылары туралы екі томдық ро­ман жазып жатырмын» деді. Ком­партия мәз болды. Екі том­дық алғыс естимін деп. Әбекең «Соңғы парызды» шығарды. Бұл Ком­партияға айтылған екі том­дық алғыс емес, екі томдық қар­ғыс болып шықты. Компартия Әбе­кеңнің төбесіне әңгіртаяқ ой­натпақ боп дүрсе қоя берді. Бірақ омақаса құлады. Сол құла­ған­нан мол құлады, тұрмады. Әбе­кең партбилетін жыртып, қо­қыс жәшігіне тастады. Әбекең мен Компартия кикілжіңі осылай аяқ­талды» дейді жазушы.

Нұрпейісов халқы үшін отқа да, суға да түсті. Оның бір көрінісі – 1986 жылғы желтоқсандағы кө­те­ріліс. Горбачев пен Колбин қа­зақ жастарын аямай жаншып, қан­ға бөктіргені   бүкіл қазақтың ашу-ызасын келтірді. Кремль күллі қазақты ұлтшыл деп, қара есек­ке мінгізген тұста, 1989 жыл­дың 17 қаңтарында Мәскеуде өт­­кен бүкілодақтық жазушылар пленумында Әбекең қиянатқа қар­сы тұрды. Сырттан келген бас­­шылардың іс-әрекетін жіпке тіз­гендей тізіп береді. Нұрпейі­сов­тің сол айқайынан кейін 4 ай өт­п­ей, Колбин қызметінен алы­на­ды.

86 жыл демекші, Әбеңнің тағы бір ерлігі жөнінде белгілі меценат Ұзақбай Айтжановтың айтқаны бар еді. Осыдан 30 жыл бұрын өзінің барлық марапатын (орден, медаль) партиялық билетімен бірге қорапқа салып, қоқыс кон­тей­неріне лақтырыпты. Бұл оның 86 жылғы желтоқсандағы студент­тер мен жастардың қыры­луы­на наразылығы болатын. «Әскери марапаттарын неге лақтырғанын» сұрағанымда, ол майданда алда­нып қалғанын, оның жеңіске еш­­қан­дай қатысы жоқ екенін айт­ты. Оған «Қызыл Жұлдыз» ор­­дені, ІІІ дәрежелі «Даңқ» ор­дені, «Ерлігі үшін» медалі тек­тен тек берілмегенін айтып, қарсы­лық білдірдім. Әбекең әкесімен және әкесінің ағаларымен бірге алты бірдей адам Сталинград майданына түсті. Сол тозақтың ішінен Нұрпейісовтер отбасынан жал­ғыз өзі аман шықты. Ол же­ңіс­ті Кенигсбергте қарсы алды. Бұл ерлік емес пе?» дейді Айтжа­нов.

Қаламгер күллі марапатының ішін­де шығармашылығына беріл­ген атақ-дәрежелерін ерекше құр­мет­тейді. Ол үшін медальдар­дың ішінде КСРО Мемлекеттік сыйлығы мен Шолохов атындағы сыйлықтың мәні де, маңызы да зор.

Елі мен жерін, тілін қорғаған, ақ қағаз бетіне ерекше қазақ бей­не­­сін жасаған Әбдіжәміл Нұр­пе­йі­сов осылайша өз еліне сөз жау­­­һарларынан өлмейтін, өш­пей­тін мәңгілік монумент ор­нат­ты.