Пайдалануға берілген тұрғын үй сапасына ерекше назар аудару қажет. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы кеңес барысында жаңа салынған тұрғын үйлер туралы айтты.
«2011 жылдан бастап 2018 жылға дейін мемлекет жалпы ауданы 416 мың шаршы метрді құрайтын жалпы 6 841 пәтері бар 182 тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл аз. Себебі тұрғын үй кезегінеде 25 мың адам тұр. Қала билігі тұрғын үй құрылысының қарқынын едәуір арттыруы керек. Сонымен бірге, пайдалануға берілетін баспана сапасына ерекше назар аудару қажет. Көптеген нысандарда жүйелі проблемалар кездеседі. Атап айтар болсақ, жертөлені су басу, қабырғаның жарылуы, инженерлік коммуникациядағы ақау және т. б. Бақылаушы органдар тұрғын үйлерді егжей-текжейлі тексеріп барып қабылдауы керек. Қазіргі жағдай сын көтермейді. Егер үй сапасыз салынса онда оған қатысы бар адамдар жуапкершілікке тартылуы керек. Бұл менің құқық қорғау органдарына берген тікелей тапсырмам»,– деді Қ.Тоқаев. Сондай-ақ, Президент Алматыдағы ескі үйлер туралы да айтты.
«Алматыда өткен ғасырдың ортасында салынған 1 мыңнан астам ескі үй бар. Әкімдік қалалық және республикалық бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, тозығы жеткен үйлерді қайта қалпына келтіру жұмыстары бойынша мақсатты бағдарлама қабылдауы қажет»,–деді ол.