Жұмыспен қамту бағдарламасын жөнді орындамай отырған өңірлер көп
Жұмыспен қамту бағдарламасын жөнді орындамай отырған өңірлер көп
5,249
оқылды

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын кейбір өңірлер дұрыс жүзеге асырып отырған жоқ. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев айтты.

– Өңірлерді аралағанда, Парламент қабырғасында болғанымызда, байқағанымыз тұрғындарды ең негізгі толғандыратын мәселе – жұмыспен қамту. Бүгін қаралып отырған «Еңбек« мемлекеттік бағдарламасының ең негізгі міндеті – біріншіден оқыту, екіншіден – кәсіпке үйрету, үшіншіден –жұмысқа орналастыру. Осыны байқау үшін биыл барлық мемлекеттік бағдарламаға қанша жұмыс орны ашылғандығы туралы индикатор енгіздік,– Б.Сапарбаев.

Оның айтуынша, биыл арнайы ақпараттық жүйе жасалған. Аталған жүйе арқылы әрбір мемлекеттік бағдарлама бойынша қанша жұмыс орны ашылғанын байқап отыруға болады. Сонымен қатар ол таяуда бағдарламаның 9 айдағы қорытындысы қаралғанын еске салды.

«Өкінішке қарай, кейбір өңірлер берілген тапсырманы нашар орындаған. Мысалы, «Бизнес бастау» бағдарламасының орындалуы Алматы қаласында – 37, Шымкентте – 26, Нұр-Сұлтанда 6-ақ пайыз. Берілген гранттар саны мен гранттарды игеру бойынша Түркістанда – 15, Шымкентте – 4, Нұр-Сұлтанда – 23 пайыз. Шағын несиені игеру бойынша Маңғыстауда – 42 , Шымкентте – 41, Нұр-Сұлтанда 49 пайыз. Екі ай ғана уақыт қалды. Осыған орай өңір басшыларына тапсырма берсеңіз. Біріншіден, тапсырылған жұмыс орындары ашылуы керек. Екіншіден берілген гранттар, несиелер толық игерілуі тиіс»,– деді Б.Сапарбаев Үкімет басшысы Асқар Маминге қайырылып.