Алатау бөктеріндегі әсем шаһарды халықаралық бизнес пен туризм орталығы ретінде гүлденту, жер сілкінісінен қорғау, экологиясын жақсарту бағытында жаңа қадамдар жасалады. Алматыға сапарлап келген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаланы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Мемлекет басшысы инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылымды дамыту, шағын және орта бизнестің өркендеуіне жағдай жасау, сондай-ақ экологияны қорғау әкімдердің қызметінің негізгі көрсеткіші екенін ескертті.
– Алматының атқарар рөлі өте маңызды. Қалада басқа өңірлерге үлгі болардай көп жұмыс атқарылып жатыр. Бірақ қаланы ары қарай дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру – күн тәртібінен түспейтін міндет екенін ұмытпағанымыз жөн, – деді Қ.Тоқаев.
Ол шаһарды өркендетуге бағытталған бірқатар нақты міндет қойды.
Президент бизнес пен инновацияны дамыту есебінен қала экономикасының жоғары өсу қарқынын қамтамасыз етуді бірінші міндет ретінде атады. Бұл ретте индустриалды аймақ мысалға келтірілді: онда 33 компания тіркелген және 156 миллиард теңгеден астам инвестиция құйылған. Қасым-Жомарт Кемелұлы қала әкіміне индустриалды аймаққа бірінші кезекте жоғары технологиялы және экспортқа бейімделген жаңа жобаларды тартуға кеңес берді.
Қ.Тоқаевтың байламынша, инновацияны дамыту және тың ғылыми әзірлемелерді енгізу перспективті саналады. Өйткені дәл осы қалада еліміздің жетекші университеттері шоғырланған. Оның үстіне, ғылыми әрі кадрлық әлеуеті жақсы. Сонымен бірге осындағы «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының әлеуетін пайдалану туралы тапсырма берілді.
Қазақстан Президенті Алматыдағы бизнес ахуалды жақсарту және оның инвестициялық тартымдылығын арттыру жұмыстарын жандандыруды жүктеді.
– Егер біз шынымен де ірі қалаларымыздың, бүкіл еліміздің инвестициялық және туристік тартымдылығын арттырамыз десек, онда қысқа мерзімде шетелдіктерді көші-қон полициясы органдарында міндетті тіркеу секілді анахронизмнен құтылуымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіріп тұрған проблемаларды шешудің маңызын қаперге салды.
– Шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсету, түрлі кедергілерді жою міндеті қала әкімдігінің мойнында қала береді. Алматы еліміздің басты іскерлік орталығы мәртебесін сақтауы тиіс! – деді ел Президенті.
Ол тамақ өнімдерінің, ең алдымен нан мен ет өнімдерінің қымбаттауына жол беруге болмайтынын нықтады.
– Азық-түлік өнімдері бағасының өсуі – экономикамыздың осалдығының айқын көрсеткіші, мұны мойындауымыз керек. Мысалы, жаһандық нарықтарда да баға көтеріліп жатқанына сілтеме жасау мүлдем орынсыз. Үкімет экономика өсімінің жаңа тетіктерін түзу үшін қосымша шаралар әзірледі. Бұл шараларды мен арнайы кеңесте мақұлдадым. Оларды шұғыл түрде жүзеге асыру қажет, – деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы келесі бір маңызды міндет ретінде қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуды белгіледі. Ол жұмыссыздық проблемасын, медициналық қызмет көрсетуді жақсарту қажетін, сондай-ақ жалпы білім беретін мектеп пен балабақшадағы орын тапшылығын ерекше атап көрсетті.
Бұдан бөлек, жоғары өмір сапасын қамтамасыз ету және қала инфрақұрылымын дамыту мәселелері де Президент назарынан тыс қалмады.
– Біз Алматыны халықаралық бизнес және туризм орталығы ретінде ілгерілетудеміз. Сондықтан алматылықтардың тұрмыс сапасын арттыру бағытындағы барлық жұмыс халықаралық стандарттарға бағдарлануы тиіс. Ең бастысы, азаматтардың қалада өмір сүруі қолайлы әрі жайлы болуы керек. Бұған бірқатар фактор ықпал етеді, нақтылай кетсек, бұлар – үйге апаратын жолдың болуы, әлеуметтік инфрақұрылымның жақын жерде орналасуы, сапалы ауызсумен, газбен, үздіксіз электр қуатымен және жылумен қамтылуы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол көшелерді жарықтандыру, аулаларды лайықты жағдайға келтіру, арық жүйесінің жұмысын реттеу мәселелерін шешу жөнінде әкімдікке тапсырма берді.
Мемлекет басшысы қаланың көлік инфрақұрылымын дамытудағы жетістіктерді атап өте келе, осы саладағы бірқатар түйткілдерге тоқталды.
– Күн сайын Қаскелең, Қапшағай, Талғар жағынан және Құлжа күре жолы арқылы қалаға 200 мыңнан астам автомобиль келеді. Бұл Алматыда, әсіресе таңертең және кешкі уақыттарда кептеліс тудырады. Проблеманы тек автожолдарды қайта салу және кеңейту арқылы ғана емес, сондай-ақ метро желісінің санын арттыру және қала мен іргелес аудандарды өзара қосатын қоғамдық көлікті дамыту арқылы да шешу қажет, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Президент Алматының зілзала қаупі жоғары сейсмикалық белсенді аймақта орналасқанын еске салды.
– Қала тұрғындары соңғы селді естен шығармаған шығар. Сол себепті бұл мәселе халықты алаңдататыны заңдылық. Қалада «Ақсай» және «Аюсай» шатқалдарында бөгеттер құрылысын бастау қажет. Осы арқылы сел қауіпсіздігін толық қамтамасыз ете аламыз, – деді Мемлекет басшысы.
Ол қаланың экологиялық ахуалы мен ауа сапасына баса мән бере келе, қоғамдық көліктерді газға және басқа да отынның экологиялық түрлеріне көшіру ісін аяқтауды, жеке үйлер орналасқан секторды және қала маңы аймағын газдандыруды тапсырды. Сонымен қатар ағаштарды, алма бақтарын заңсыз отау мәселесіне бақылау орнатуды, қаланы көгалдандыру және Алматы апортын қайта қалпына келтіру жұмыстарын жандандыруды жүктеді.
– Алма бақтарының оталуы – нағыз жабайылық және бұл әрекет жазалануға тиіс. Алма дегеніміз – еліміздің игілігі. Алматы апортын қайта қалпына келтіру және қаланы көгалдандыру жұмыстарын белсенді жүргізу керек. Бір кесілген ағаш орнына өтемақы ретінде 80 көшет отырғызатын болсын! – деген Қ.Тоқаев алма ағаштарының сақталуын өз бақылауында ұстайтынын ескертті.
Осы тұста алма көшетінің жойылуы Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Е.Қожағапановтың сөгіс алуына себеп болды.
– Көктөбе етегінде қараусыз тасталған алма көшеттеріне қатысты сорақылық еш сын көтермейді. Осыған байланысты әкімнің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапановқа сөгіс жариялаймын! Ізгі істі фарсқа айналдырғансыздар! Іске кіріскен екенсіздер, аяғына жеткізіңіздер. Қолдан келмей ме, қолға алма! – деді Мемлекет басшысы.
Ол Швейцарияда 3 жыл жұмыс жасағанын еске түсіре келе, ол елде тіпті бір ағашты кесудің өзі ауыр қылмыс саналатынын мәлімдеді.
Мегаполистің туристік әлеуеті туралы айта келе, Қасым-Жомарт Тоқаев Алматының туристік өнімдерді дамытуда ең биік белестерді алу әлеуеті зор деп бағалады. Бұл тау, мәдени, этнографиялық, сондай-ақ іскерлік туризмге қатысты. Ел Президенті 2025 жылға дейінгі туристік саланы дамыту мемлекеттік бағдарламасында Алматы өңірінің «Тау кластері» басымдықты бағыт болып айқындалғанын еске салды.
– Үкімет пен қала әкімдігіне таулы аймақтардың бас жоспарын жүзеге асыру ісіне кірісуді тапсырамын. Бұл жоба 2 миллиард доллардан астам инвестиция тартып, кемінде 30 мың жұмыс орнын аша алады. Осы орайда, барлық шешімдер халықтың пікірін ескере отырып қабылдануы қажет екеніне назар аудартамын, – деді Қ.Тоқаев.
Ол қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталды.
Сөз қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының қолдауы арқасында Алматы қаласы өркендеудің жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізгенін айта келе, алға қойылған мақсаттарға жету үшін күш жұмылдыруға шақырды.
Кеңесте Премьер-министрдің бірінші орынбасары-Қаржы министрі Әлихан Смайылов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Президент көмекшісі Аида Балаева, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов сөз сөйледі.
Сапар аясында Мемлекет басшысы «Алматы – 2050» даму стратегиясының жобасымен танысты. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың мәліметінше, бұл бағдарлама бойынша Алматы қаласын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғындардың тұрмысын жақсарту, қауіпсіз қала қалыптастыру, шаһардың шеткері аймақтарының инфрақұрылымын дамыту және басқа да көптеген маңызды мәселелер шешілмек. Сондай-ақ стратегияда Алматы агломерациясы аумағын дамыту да қарастырылған.
Бұдан өзге, ел Президенті баспана кезегінде тұрған балалар үйінің 12 тәрбиеленушісіне пәтер кілтін табыс етті.
– Баршаңызға жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! Баспана мәселесі әрдайым мемлекеттің назарында болады. Еңбектеріңіз табысты болсын! – деді Қ.Тоқаев.
Жалпы, Алматы қаласының «Көкқайнар» ықшамауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында баспанаға мұқтаж осындай 51 адамға тұрғын үй салынып жатыр.
Бұған қоса, Қасым-Жомарт Тоқаев Tech Garden инновациялық кластер орталығына барып, оның жұмысына қанықты.
Елдос СЕНБАЙ