Қазаншының өз еркі...
Қазаншының  өз еркі...
377
оқылды

Ұлттық экономиканың тиімділігін арттыру мен нарықтық экономикаға кө­шу­­дің өзекті шарты – жеке­ше­­лендіру дедік. Дедік те, мемлекеттік бюджет тап­шы­лығын азайту жо­лын­дағы қарқынды жұ­мыс­ты бастап кеттік. Ал енді бұл бізге не берді?

Тақырыпты әріден тарқатсақ, тоқсаныншы жылдардағы жеке­шелендіру халыққа ауыр тиді. Бірақ бұл нарықтық экономикаға өтудің алғышарты еді. 1997 жыл­дан бастап жекеше­лендіру ден­саулық сақтау мен білім, ғылым салаларында өтті. Білетін­дер – бұл процесс білім, ғылым, меди­ци­на салаларына көптеген жаңа­лық әкелді дейді.

Күні кеше Қазақстан Прези­ден­ті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы медициналық меке­­ме­ле­рін жеке басқаруға беру жағ­да­йын талқылады. Өйткені бүгінде қала тұрғындарының 63 пайызы меди­ци­­налық қызметтің сапасына көңі­лі толмайды. Бұл жағдайдың негізгі себебін сұраған Мемлекет басшысына қала бас­шы­­лығы жеке­шелендірудің ке­шен­­ді жос­пары жасалып жатқа­нын мәлім­деді. Бірақ қала әкімі Бақытжан Сағынтаев: «Дәл қазір жекеше­лен­діру мәселесін тоқ­таттым. Себебі менеджер боламын дегендердің бәрі бірдей бас дәрі­герлер болып отыр. Сондықтан жұмыстың жүйесін, қалай жүргі­зілу керегін білетін менеджер та­был­ғанша тоқтаттық» деді.

Расында да, бұл маңызы бар саланы жекешелендіру үшін үлкен дайындық қажет. Бұл жерде дүние­жүзілік тәжірибеге сүйене отырып, қалыпқа келтіру мәселесі тұр. Әсіресе, оны басқаратын ма­ман­ның рөлі ерекше. Бас дәрі­гер – дәрігер болуы керек. Ал аурухана меңгерушісі – менеджер болуы шарт. Себебі қазір мекемені мең­геру үшін ақпараттық жүйелер бойынша арнайы білімің болуы керек. Бұл жолда 2017 жылдан бастап медициналық менеджмент деген бағдарлама іске қосылды. Қазір мамандар оқытылып жатыр. Сондықтан медициналық меке­ме­­­лер­ді жекешелендіруде асығыс­тық танытпаған абзал.

«Ахмет Байтұрсыновтың сөзі­мен айтқанда, «бүгінгі қазақ – кешегі қазақ емес». Сонымен қатар мемлекет жекешелендіруді өткізу технологияларын өзгертті, электронды сауда алаңы арқылы ұйымдастыруды тәжірибеге ен­гізді. Бұл жүйелер, біріншіден, аза­­маттардың уақытын үнемдейді, қағазбастылықты жояды, екінші­ден, халықтың билікпен байла­ны­сы орнайды, жемқорлық көрсет­кіш­­терін азайтады, үшінші­ден, азаматтардың билікке деген сені­мі артады. Неміс ғалымы Карл Маркс «Мемлекеттің пайда бо­луы­на тікелей әсер еткен – жеке­мен­шік» деді. Себебі меншік жеке болса, адам оны барын салып қор­ғайды, көбейтеді деген тұжы­рым­дамасы дамыған елдердің тәртіптеріне енген. Сол себепті бұдан шошудың қажеті жоқ. Тек оған асқан ұқыптылықпен, дайын­дықпен келу керек» дейді М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің оқытушысы Бекзат Молдин.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов журналистерге берген сұхбатында: «Медицина­лық қызметтің сапасы жоғары және тегін болуы тиіс. Біз қазір жеке­меншіктерге мынадай жағ­дай жасап отырмыз: инвестор келіп, ескі аурухананы алып, оған жөн­деу жұмыстарын жүргізген соң, тегін медициналық көмек көр­сететін болса, оған ақша төлей­міз. Қазірдің өзінде сондай мекемелердің 44 пайызы – жеке­меншік. Оны көп жұрт білмейді. Біздің көздеп отырғанымыз –сапасына қарай қаржыландыру» деген еді.

Қоғамның қарсылығына қа­ра­мас­­тан, медициналық мекеме­лердің жекеменшік қолға өтіп кеткенін аңғарып отырмыз. Мұ­ның себебін министр: «Қалалық ауруханаларға көп ақша салу ке­рек. Олар ескірген. Әсіресе, мем­лекеттік ауруханалардың жағ­дайы нашар. Мұндай аурухана­ларды ретке келтіріп, жөндеу үшін 1 триллионнан астам қаржы қа­жет. Ондай ақша қазір бізде жоқ. Бірақ оны шешудің басқа жол­дары бар ғой. Оған жеке ин­вес­тиция тартуы­мыз керек. Со­ның бір жолы – ауруханаларды же­кемен­шікке беру» деп түсін­дір­ді.

«Денсаулық сақтау саласы – ел қауіпсіздігі кепілінің бірі. Оны жеке қолға беру дұрыс емес. Мем­ле­кет ең бірінші кезекте аза­мат­тардың денсаулығын ойлауы қажет. Жеке тұлғалардың басты мақсаты – пайда табу. Пайда табу үшін олар бәріне де барады. Мысалы, қазір өзіңіз қаладағы кез келген емханаға барыңызшы. Көз дәрігеріне кір­гіңіз келсе, оған жазылу үшін кемі бір ай кезек күтесіз. Тіс дә­рігеріне де солай. Балалар дәрігеріне де солай. Ал енді соны ақылы түрде өткің келсе, сол күні кіре аласыз. Міне, жеке­меншікке өткеннің пайдасы. «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» деген – осы. Сондықтан, әсіресе, денсаулық мекемелерін жеке­шелендірмеу керек еді, – дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Алдамжар Төлеп­бергенов.

Оның сөзінің жаны бар. Әу баста денсаулық мекемелерін жекешелендіру жұмыстары басталғанда, осы мәселелердің барлығының түйіні тарқатылу керек болған. Жекешелендіру ауруханалар арасында бәсеке­лес­тікті арттырып, медициналық қызмет сапасының жақсаруына ықпал етуі тиіс. Бірақ осы салада орын алатын кейбір жағдайлар халықтың сеніміне селкеу түсіріп отыр.